Қуанса, бала қуансын

388

0

Жалағаш ауданына қарасты Қаракеткен ауылдық округінде балаларға арналған жаздық ойын алаңы ашылды.

Ойын алаңына заманауи құрал-жабдықтар орнатылып, балалардың бос уақыттарын тиімді өткізуіне барлық жағдай жасалған.

«Бар жақсылық – балаларға» ұранын ұстаным еткен еңбек ардагері Қуандық Меңбаев өз қаражаты есебінен ауыл балаларына осындай жаңа ойын алаңын тарту етіп отыр.  Айта кету керек, Қуандық Мәлікұлы Грек-Рим күресінен спорт шебері. Көптеген спорт біріншіліктерінде жеңіске жетіп, республикалық турнирлерде жеңімпаз атанған. Ауыл балалары да өзі секілді спортқа жақын болып өссін деген ниет туған қолдау екенін жеткізді.

Заманауи үлгіде сапалы материалдардан жасалған «әткеншек», «айналмақ», «сырғанақ» балалардың қуанышын арттыруда.

Ата-ана үшін баласының қуанышты жүзін көруден, олардың шаттанған әрбір сәтіне куә болудан асқан қандай бақыт бар?!

Қолдау білдірген ауыл азаматы Қуандық Мәлікұлына ата-аналардың алғысы шексіз.

– Балалар ойын алаңының ашылуы – ауылымыз үшін айтулы оқиға. Бүлдіршіндер бос уақытын спортпен шұғылдануға арнап, физикалық қабілеттерін дамытады. Бала – біздің болашағымыз. Сондықтан оларды көзден таса қылмай, үнемі қамқорлық жасап, дені сау, сергек болып жүрулеріне жағдай жасалғанына қуаныштымыз, – дейді ауыл тұрғыны Қамбар Ақмырзаев. 

Ауыл орталығындағы ойын алаңының ашылу салтанатына ауылдық округ әкімі Әділ Тоқтаров, академик, профессор, «Ауыл» партиясы облыстық филиалының төрағасы Серікбай Өмірзақов қатысып, ауыл тұрғындары мен спортсүйер қауымды құттықтады.

– Еліміздің келешегі – бүгінгі ойын балалары. Сондықтан да біз көп жағдайда олардың талап-тілегімен санасып, сұранысын қанағаттандыруға тиіспіз. Балалар ойнайтын, тіпті ересек адамдардың өзі демалатын алаңдарды көптеп салуымыз керек. Ойын алаңына орналастырылған жаңа жабдықтардың барлығы жоғары деңгейде сапалы салынды деп есептеймін. Ауылды түлету мақсатындағы жұмыстар жалғасын таба бермек деді, –  ауыл әкімі Әділ Тоқтаров. 

Мұнан соң ойын алаңының лентасын қоғам қайраткері, Райкүл Мансұрқызы, ауыл тұрғыны Қартбай Ахметжанов, еңбек ардагері Қуандық Меңбаев қиды. Салтанатты жиынға қатысқан ардагерлер балалар ойын алаңының ашылғанына алғыстарын жеткізді.

Тұрар БЕКМЫРЗАЕВ,

«Сыр бойы»

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<