«Қызылорда – Жезқазған» жолында не жаңалық?

848

0

Қызылорда мен Жезқазғанды байланыстыратын күрежолды жөндеп, қайта жаңғырту мәселесі көп жылдан бері көтеріліп, қоғам тарапынан жиі талқыланып келгені белгілі. «Қызылорда – Павлодар – Успенка және Ресей шекарасы» деп аталатын республикалық маңызға ие бұл автомобиль жолының дұрысталуы тек бұл екі өңірдің ғана емес, ел экономикасының өркен жаюына оң әсерін тигізетіні сөзсіз. Үлкен жолдың жаңғыруы оңтүстік өңірдің орталық және солтүстік облыстармен тікелей қарым-қатынасын жақсартып, жүк тасымалдауды барынша жандандырады.

Алайда, жолдың қазіргі жай-күйін автокөлікпен жүріп өткендер аса қынжылыспен жеткізетіні белгілі. Күз бен көктемнің жаңбырлы лайсаң кездері, қысқы бораны мен дауылында жолда қалып, далада қонып қалған бейнет шегушілер қаншама.

Талай жылдан бері айтылып, жоспарға енгізілгенімен экономикалық дағдарыс салдарынан басқа да маңызды мәселелерге орай үнемі кейінге шегеріліп келген «Қызылорда-Жезқазған» жолының құрылысын бастау туралы Үкіметтің 2020 жылдың соңында шығарған шешімін ел қуана қарсы алған еді.

Қос өңірдің халқы үшін ірі маңызға ие жолды жөндеу жұмыстарын жүргізу туралы Үкімет ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігіне тапсырма берді. Осыдан кейін сең қозғалды. ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі атынан  «ҚазАвтоЖол» Ұлттық компания» АҚ тапсырыс беруші болып анықталды.

Қаржыландыру институттары арқылы қаржы қарастыру мәселесі шешімін тапты. «Қазавтожол» ұлттық компаниясы Еуропа қайта құру және даму банкімен құны 240 миллион доллар (106 млрд теңге) тұратын «Қызылорда- Жезқазған» автомобиль жолының жаңа жобасына қол қойды. Бұл қаржы Қызылорда мен Жезқазған арасындағы ұзындығы 204 шақырымдық ескі жолды күрделі жөндеуге, сондай-ақ, Қызылордадағы ұзындығы 14,8 шақырымдық айналма жолдың құрылысына жұмсалатын болады.

Қазіргі кезеңде қаржы бөлінісімен жоспарланған құрылыс жұмыстары бірден бастау алып кетпейтініне талай рет куә болып жүрміз. Бұл жолы да солай болды. Бірақ бұл бөлінген қаржыны игеру заңнама негізінде атқарылатын жұмыстарға байланысты болады және ол біршама уақытты алады.

Алғашқы кезекте республикалық маңызы бар А-17 «Қызылорда-Павлодар-Успенка-РФ шекарасы» автомобиль жолының «Қызылорда-Жезқазған» тас жолының 12-216 шақырымдар аралығын, ұзындығы 204 шақырымды қайта жаңарту жұмыстары бойынша жоба-сметалық құжаттар дайындалды. Одан кейін құжаттар үйлестіру кеңесінен өтті. Жоба авторлары – «СемЖолПроект»  және «ҚазЖолПроект» жауапкершілігі шектеулі серіктестіктері.

Бұл өткен жылы атқарылған жұмыстар. Биыл жыл басынан бері жол құрылысын жүргізетін мердігер мекемелерді анықтау жұмыстары жасалды. Бұл ретте «Қыран» ЖШС  (Қазақстан) (127-156 шақырым аралығы), «Қытай Азаматтық Инженерлік-Құрылыс Корпорациясы» Қазақстан республикасындағы филиалы (Қытай) (76-127 шақырым аралығы), «Гуйджоуская Дорожно-Инженерная Корпорация» (Қытай) (156-186 шақырым аралығы), «Stecol Corporation»  (Қытай) (186-216 шақырым аралығы) мекемелері анықталды. Оңтүстік Кореялық «DOHWA  Engineering»  және  қазақстандық «М50 Consulting Group»  мамандандырылған мекемелері жол құрылысының инженерлік қадағалаушылары болып бекітілді.

Жобаға сәйкес ені 7 метр болатын ІІІ техникалық санаттағы автомобиль жолын ені 9 метр болатын ІІ техникалық санаттағы жолға ауыстыру қаралған. Оның ұзындығы 204 шақырымды құрайды. Сонымен қатар 14 шақырымдық толығымен жарықтандырылған І б санаттағы Қызылорда қаласының айналма жолы және жол айрығы (транспортная развязка) салынады.

Жоба бойынша 2 ауылшаруашылық техникалары мен үй жануарларына арналған жол өткелін, су арналарынан өтетін 3 көпір, 2 көпфункционалды аралық бақылау (салмақ, габарит, жылдамдық) өлшейтін аркалар, заманауи жылы 5 дәретхана, 6 демалыс алаңы, 56 су өткізгіш құбыр, 10 мал өткелі, 117 жолдың қиылысуы және түйісуі қарастырылған.

«Қыран» компаниясы жол құрылысын көктем айында бастады. Алғашқы уақытта дайындық жасалып, содан кейін жолдың төменгі қабаттарын төсеумен айналысты. Енді олар алғашқы он шақырымдық асфальт төсенішін салуға кіріседі. Ал қытайлық компаниялар жақында ғана іске кірісе бастады. Олардың кеш бастауы елімізде жұмыс істеу үшін тіркелу құжаттарын рәсімдеуге байланысты болды. «ҚазАвтоЖол» ҰК» АҚ облыстық филиалы мамандарының мәліметінше жол құрылысына қосалқы мердігерлер есебінде «Дорстрой» және «ГруппКонстракшн 77» жауапкершілігі шектеулі серіктестері де атсалысады. Келесі жылы жол құрылысы барынша жанданатыны түсінікті. Демек жүздеген жаңа жұмыс орындары пайда болады.

Бұл маңызды жоба Мемлекет басшысының назарында екенін айта кету керек. Екібастұз қаласында өткен моноқалаларды дамыту мәселелеріне арналған кеңесте Президент: «2024 жылы «Жезқазған-Қызылорда» автожолының құрылысы аяқталуға тиіс. Бұл – Жезқазған мен Сәтбаев қалаларының көлік-сауда байланысын күшейтуге, сондай-ақ жүк тасымалы транзитін ұлғайтуға мүмкіндік береді», – деп атап өткен болатын. Бұл жолдың тезірек іске қосылуына дербес облыс атанған Ұлытау өңірі халқы да мүдделі. Жалпы еліміздің орталығы мен оңтүстігін жалғайтын ең төте автожол көршілес екі облыс үшін ғана емес, тұтас оңтүстік өңірлердің жол-көлік логистикасын едәуір жеңілдетеді. Сонымен бірге жалпы еліміздің транзиттік қуатын арттыруға үлес қосады.

Ыдырыс ТӘЖІҰЛЫ,

«Сыр бойы»

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<