Сағитжан Бермағанбетов атындағы байқау өтеді

1154

0

Журналист Сағитжан Бермағанбетов атындағы сыйлық туралы

ЕРЕЖЕ

Жалпы ереже

1. Журналист Сағитжан Бермағанбетов атындағы сыйлықты иеленушілерге арналған «Ең үздік жас журналист» байқауы облыс­тық деңгейде ұйымдастырылады.

2. Байқаудың үйлестірушісі және ұйымдастырушысы Қызылорда облыстық ішкі саясат басқармасы

Байқаудың мақсаты

3. Жас журналистердің шы­ғар­машылығының дамуына қолдау көрсету.

4. Мемлекеттік тілдің қолданылу аясын кеңейту.

Байқау төмендегі тақырыптар бойынша қабылданады

1) Абайдың 175 жылдығы;

2) 2020 жыл – Еріктілер жылы;

3) Масыл болма, асыл бол!

Материал бағытын өзгерт­пес­тен тақырыбын өзгертуге болады.

Байқауды ұйымдастыру және оған қатысушыларға қойылатын талаптар

5. Байқауды ұйымдастырып, өткізу мақсатында Қызылорда облыстық ішкі саясат басқармасы жанынан Үйлестіру комитеті құрылады. Үйлестіру комитетінің құрамын Қызылорда облыстық ішкі саясат басқармасының басшысы бекітеді.

6. Байқау 2020 жылғы 30 мамыр мен 20 маусым аралығында жарық көрген жарияланымдарды, эфирден өткен хабарларды қамтиды.

7. Байқауға жасы 30-ға дейінгі бұқаралық ақпарат құралдарында жұмыс істейтін тілшілер мен тәуелсіз қаламгерлер қатыса алады.

8. Байқау материалдары жария­ланған күйінде (газет-журналдар беттерінде, бейне және аудиотаспалар түрінде ) тиісті баспа және электрондық бұқаралық ақпарат құралдары жетекшілерінің ұсынысы бо­йынша қабылданады.

9. Байқау материалдарын сараптау барысында тақырыптың өзектілігі және маңызы, мазмұнның ашылу тереңдігі, шынайылығы, жанрлық шарттарға сәйкестігі, жаңа әдістерді қолданысқа енгізе білуі, тілі және стилінің ұғынықтылығы, журналистік шығармашылық әдіс­терінің ерекшелігі, тың ақпаратты сараптау мен зерттеу әдістерін енгізе білу ерекшелігі, ұтымды қолдана білуі есепке алынады.

10. Байқауға қатысушылар Үйлестіру комитетіне (Қызылорда қаласы, С.Бейбарыс көшесі, 1, Қызыл­орда облысы әкімдігі ғимаратының №313-бөлмесі, байланыс телефоны: 8 (7242) 60-53-21) мынадай құжаттарды қоса жібереді

1) Төмендегі деректер көрсетілген өтініш:

– автор туралы мағлұматтар/туған жері, күні, айы, жылы;

– жұмыс немесе оқу орны, қызметі, тұрғылықты мекен-жайы, байланыс құралдары және 3х4 суреті.

2) байқау материалы жарияланған газет, журналдың көшірмелері (сканер арқылы), теле-радио бағдарламалардың DVD, CD форматындағы дискілерге жазылған нұсқасы (қағазға түсірілген нұсқасымен бірге).

11. Байқауға жіберілген мате­риалдар авторларға қайтарылмайды.

12. Байқауға ұсынылған мате­риал­дарды қазылар алқасы бағалайды.

Байқауды өткізу және қорытындысын шығару тәртібі

13. Байқау үш кезеңнен тұрады.

1) 2020 жылғы 30 мамырдан 20 маусымға дейін – байқауға қатысушылардан материалдар қабылдау.

2) 2020 жылғы 21 маусымнан 23 маусымға дейін – материалдарды сараптау және жеңімпаздарды анықтау;

3) 2020 жылғы маусым айының соңғы аптасы – байқау жеңімпаздарын салтанатты марапаттау рәсімі.

14. Байқау жеңімпаздары Қызылорда облысы әкімдігінің дипломымен және сыйлықтарымен марапатталады.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<