Сағындырған әндер-ай

499

0

Аптаның дүйсенбісінде Жаңақорған ауданының 95 жылдығы аясында аудандық мәдениет үйінде «Қазақстанға еңбегі сіңген мәдениет қызметкері», «Қазақстан Республикасы білім беру ісінің үздігі», әнші, композитор Бексұлтан Байкенжеевтің шығармашылығына арналған «Сағындырған әндер-ай» әдеби-музыкалық шара өтті.

Аудандық музей мен аудандық кітапхана әзірлеген «Ән еркесі – Бексұлтан» тақырыбында көрме көпшілік назарына ұсынылды. Шара барысында «Әуелеп ұшқан ән ғұмыр» атты бейнеролик көрсетілді.

Шараға композитордың шәкірттері мен көзін көрген замандастары қатысып, оның өнері мен шығармашылығы, сондай-ақ қазақ ән әлеміне қосқан үлесі жайлы естеліктерімен бөлісті. Шараны ашқан аудан әкімінің орынбасары Бектас Балғабайұлы Нұритдинов санаулы ғана ғұмырында артына өшпес мұра қалдырған композитордың қаламынан туған төл туындылардың өшпейтіндігін, қайта жыл өткен сайын жаңаратындығын айтып, шараның алдағы уақытта да жалғасын табатындығын жеткізді. Кешке арнайы қонақ ретінде шақырылған тарих ғылымдарының докторы, Қазақ-түрік университетінің профессоры Хазрет Әлі Тұрсын ән өнерінде өзіндік орны бар әнші-сазгер жайында көпшілік біле бермейтін тың деректермен бөлісті. Сондай-ақ, ҚР Мәдениет қайраткері, әнші, композитор Сауранбек Елеуов, институтта бірге оқыған құрдасы әнші-сазгер Өркен Исмайл және басқалар талантты тұлғаның шығармашылығы жайлы ойларымен бөлісті.

Кеште сазгердің қалың елдің ыстық ықыласына бөленген «Асыл жар» әнін композитордың шәкірті Сауран Елеуов, «Сырдария» әнін ҚР-ның мәдениет қызметкері, әнші Үміт Медеуова орындаса, халық жадында осы күнге дейін сақталып келе жатқан «Ақ гүлім»,» Жұмыртқадай аппақ болған жеңешем», «Сары бидай» әндерін аудан өнерпаздары мен әншінің ізін әрі өнерін жалғастырушы Әбсұлтан Байкенжеев орындап, жиналған көпшілікті әуезді әсем әнге бөледі. Сондай-ақ, әнші, жыршы Жұмабай Шерниязов, әнші М.Жақсыбай, сондай-ақ Әлшекей атындағы өнер мектебінің «Ақбаян» вокалды тобы және Бекеңнің ұлы Әбсұлтан Байкенжеев бастаған бір топ аудан өнерпаздары ән әлемінің дара тұлғасы Бексұлтан ағамыздың әсем әндерін шырқап, кештің көркін кіргізді. Кеш қонағы өнертанушы, жырау Марат Сүгірбай әнші – сазгердің өнерге қосқан үлесін саралап, әндерінің шығу тарихымен таныстырды.

Н. Назымханұлы,

Жаңақорған ауданы

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<