Сайлаушылардың 60 пайызға жуығы дауыс берді

510

0

Қызылорда қаласындағы 264 сайлау учаскесінде кешкі сағат 19.00-дегі мәлімет бойынша сайлаушылардың 60 пайызға жуығы дауыс берген. Жалпы бұл сайлау учаскесінде 2670 сайлаушы тіркелген. Сайлау учаскесінің төрағасы Бек Тумырзаевтың айтуынша, таңертеңнен түске дейін тұрғындардың белсенділігі жоғары болған, яғни, түске дейін сайлаушылар көптеп келіп, өз таңдауын жасаған.

– Дауыс берудің аяқталуына әлі бір сағат уақыт бар. Сондықтан учаскедегі сайлаушылар әлі де саяси науқанға қатысып, өз таңдауын жасайды деп сенеміз. Бұған дейінгі сайлауларда, Референдумда да біздің сайлаушыларымыз жоғары белсенділік танытып келеді. Бұл жолы да солай болады деп үміттенеміз, – деді сайлау учаскесінің төрағасы.

Жалпы сайлау учаскесінде жеті адам үйден дауыс беруі керек болса, олардың қатарына тағы екі сайлаушы қосылған. Сонымен тоғыз сайлаушы үйден дауыс берген.

Айта кету керек, сайлау учаскесі таңғы 6-дан бастап өз сайлаушыларына есігін ашты. Алғашқы сайлаушылардың бірі 1945 жылы туған Өткелбай Шманұлы ақсақал ел үшін, халық үшін маңызды саяси науқанның сәтті өтуіне, абыроймен аяқталуына тілектестігін білдіріп, ақ батасын берді. Ал 18 жасқа енді толған Ақмарал Жеткергенова алғаш рет сайлауға қатысып, өз таңдауын жасады. Сонымен бірге Айдын Айбеков есімді жігіт жұбайы, бала-шағасымен бірге келіп, дауыс беріп, үлгілі отбасы ретінде танылды. Бұлардың бәріне сый-сияпат табысталды.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<