Сандарды сөйлеткен сала

288

0

Елімізде 1920 жылғы 8 қарашада «ҚазАКСР-дегі мемлекеттік статистика туралы ереже» қабылданғандықтан, статистика күні деп белгіленген.  Бұл орган жұмысын «Мемлекеттік статистика туралы» заң реттейді. Бүгінде статистикалық қызмет Ұлттық экономика министрлігінің стратегиялық жоспарына сай жүзеге асырылады. Мемлекеттік статистика – статистикалық ақпаратты жинау мен өңдеудің орталықтандырылған жүйесі. Деректерге сүйене отырып, елдің болашақ даму жоспарын қалыптастырады. Қажетті мәліметтермен қамтамасыз етеді. Ол белгілі бір көрсеткіштердің айнасы ғана емес, шешім шығару үшін де маңызды рөл атқарады.

Біздің аймақта бұл міндетті Стратегиялық жоспарлау және реформалар агенттігі Ұлттық Статистика бюросының облыс бойынша департаменті атқарады. Департамент дайындаған статистикалық мәліметтер бойынша мемлекет түрлі салалар мен ведомстволардың жұмысын бақылап  отыр.

Сол арқылы бюджет бөлінісін де реттейді. Статистикалық талдау Үкімет үшін ғана емес, қоғам үшін де маңызды. Себебі кез келген аймақтық, ұлттық және әлемдік деңгейдегі статистика саяси және бизнес шешім қабылдауда маңызы зор. Біз жалаң сөзге сенбейміз, нақты статистикалық деректерге негізделген мәліметтерді күтеміз.

Экономиканың жүйелі мәселелерінің шешімі – макроэкономикалық тұрақтылық, экономиканы әртараптандыру, цифрландыру. Өткен 9 айда облыс экономикасында құрылыс 35,1%, өңдеу өнеркәсібі 8,6%, ауыл шаруашылығы 3,1%, сауда 2,3%, көлік салаларында 100% оң динамика байқалған. Сонымен қатар, негізгі капиталға салынған инвестиция 24% артқан. Өңдеу секторында тамақ өнімдерін өндіру 10,3%, жеңіл өнеркәсіп 56,8%, металл өндіру 13,9% және өзге де бейметалл минералдық өнімдерді өндіру 2,3% жоғары көрсеткіш көрсетті.

Мемлекет басшысы «Әділетті мемлекет. Біртұтас ұлт. Берекелі қоғам» атты Жолдауында Үкіметтің бірінші кезектегі міндеті инвестиция тарту екенін атап өтті. Тоғыз айда облысқа 245 млрд теңге инвестиция тартылған. Қомақты инвестиция келесі салаларға құйылды: сауда, өнер, кәсіби, ғылыми және техникалық қызмет, қаржы және сақтандыру қызметі, көлік және қоймалау, құрылыс, білім.

Жолдауда айтылғандай, құрылыс саласы ұлттық экономика құрылымында маңызды орын алады. Кейінгі мәліметтер бойынша, облыстың жалпы өңірлік өнімінің 4%-ын осы сала құрайды. Жыл басынан бері құрылыс жұмыстарының көлемі, тұрғын емес ғимараттар 77,4%, ал тұрғын үйлер – 0,2% өскен. Облыста жалпы ауданы 520 мың шаршы метрді құрайтын 4 көппәтерлі және 2264 жеке тұрғын үй пайдалануға берілді.

Еңбек нарығының негізгі индикаторлары бойынша облыстың жұмыссыздық деңгейі 2020 жылдан бастап 4,9%-ды көрсетіп келеді.  Қаңтар, қыркүйек айларында орташа айлық жалақы 27,9% артқан. 2022 жылдың 1 қыркүйегіне облыс халқының жалпы саны 829,8 мың адам. Республика бойынша 9-орында тұр. Өңірлер арасында қазақтардың басым бөлігі Қызылорда облысында (96,5%) тұрады. Әсіресе,  Арал ауданы тұрғындары 100% қазақтар.

1000 тұрғынға шаққандағы туу көрсеткіші бойынша біздің облыс Шымкент қаласы, Маңғыстау, Түркістан облыстарынан кейінгі төртінші орында. Тәулігіне орта есеппен 55-ке дейін, айына 1600 нәресте дүние есігін ашқан. Дүниеге келген қыз балаларға Медина, Алина, Еркеназ, Еркемай, ер балаларға Әлихан, Айсұлтан, Ақтөре, Әлинұр есімдері көбірек берілуде. Сирек кездесетін Мінсізай, Аңдашхан, Альфинур, Хақназархан, Ханкерей, Абдуллаһ, Рамиз есімдері де қойылған.  Көші-қон мәліметі бойынша алыс және жақын шет елдерге 40 адам көшкен. Көбі Ресей, Өзбекстан, Германияға қоныс аударған. 

Аталған мекеме саланы өркендетуде озық тәжірибені пайдаланып, бағытталған өндіріс әдістерін жетілдіріп келеді. Статистикалық әдістемелерді дамытып, қажетті заманауи технологияларды енгізуде. Жүйені құру және оны одан әрі цифрландыру үшін баламалы ресурстарды пайдаланып, статистикалық өндірісте Big Datа-ны қолдану көзделген. Бұл алғашқы деректерді жинауға жұмсалатын еңбек шығындарын қысқартуға және респонденттерге есептік жүктемені айтарлықтай төмендетуге мүмкіндік береді.

Қай кезеңде де статистика органының негізгі міндеті − пайдаланушыларды толық, нақты, жедел статистикалық ақпаратпен қамту. Азаматтармен өзара іс-қимыл тиімділігін арттыру үшін сыртқы пайдаланушылармен Ұлттық Статистика бюросы бөлімшелерін байланыстыратын ҰСБ фронт-офисін құру жоспарланған. Бұл пайдаланушылармен желіден тыс «Бір терезе» қызметі арқылы және онлайн режимде ҰСБ контакт орталығы арқылы байланысуға мүмкіндік береді.

Мариям Баекеева басшылық ететін Ұлттық Статистика бюросының облыс бойынша департаментінде білімді де білікті мамандар еңбек етеді. 36 қызметкер «Статистика үздігі» төсбелгісімен марапатталған.  43 маман Құрмет грамотасын алған.  Сандарды сөйлетіп отырған департамент қызметкерлері республикалық кәсіподақ ұйымдары арасынан «Үздік ұжымдық шарт» байқауынан ІІІ орынды иеленді. Облыстық мәдениет және спорт басқармасының ұйымдастыруымен өткен шахмат сайысынан департамент басшысының орынбасары С.Рысмаханова  жүлделі ІІІ орын жеңіп алды. Ал мемлекеттік қызметшілер арасында өткен тоғызқұмалақ сайысынан департамент басшысының орынбасары Г.Нұрқабылова жеңімпаз болды. Облыс әкімінің жүлдесіне арналған 27-дәстүрлі спартакиадада департамент спорттық сайыстардан алға шықты.  Ал мекеменің бас маманы Е.Нұрмаханов «Үздік жас мемлекеттік қызметші» атанды.

Гүлбану МАҚАЖАН,

«Сыр бойы»

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<