Шекара асқан Қызылорда шынысы

594

0

Шыны зауыты іргетасының қаланғанына айтарлықтай мерзім өтті. Осыдан он жыл уақыт бұрын, биік-биік мінбелерден «Орталық Азиядағы теңдессіз жоба – шыны зауыты арқылы көптеген елге өнім өткізіп, планшет, смартфон және өзге де гаджеттерге арналған ультражіңішке әйнек шығарамыз» дегенді естігенде көз алдымызға шытырлап шекара асып бара жатқан шыны, шытырлап қалтаға түсіп жатқан теңге елестейтін еді. Үміт үзілмей, шыдам шытынамай елге бұйырған зауыт соңғы бір-екі жылдықта алғашқы қадамын баса бастады. Анау айтқандай телефон шығарып кетпесе де шынының мол қорын өндіріп, шекара асырып, сауданың шыңына қарай шығып келеді. Біз мұны өңірлік коммуникациялар қызметі ұйымдастырған көшпелі брифинг барысында анық аңғардық.

Мұндағы жұмыстың барлығы «Orda Glass ltd» ЖШС-ның «Қуаттылығы жылына 197,1 мың тонна табақша шыны өндіру және өңдеу зауытының құрылысы» жобасы «Қазақстандықтардың әл-ауқатын арттыруға бағытталған тұрақты экономикалық өсу» Ұлттық жобасы аясында жүзеге асырылуда.

Шыны зауыты өткен жылы қазанда іске қосылып, осы уақыт ішінде 32 мың тоннаға жуық республикадағы алғашқы инновациялық шыны өнімін шығарды. Бұл – республикада алғаш іске қосылған ірі инновациялық зауыттардың бірі.

– Зауытқа 42 млрд теңге шетелдік инвестиция тартылды. Өңірдің өңдеу өнеркәсібіндегі үлесі шамамен 8 пайыз, ал құрылыс индустриясындағы үлесі 42,2 пайызды құрайды.

2022 жылы өнім Шымкент, Алматы, Астана қалаларына сатылып, Өзбекстан Республикасына экспортталды.

Биылғы 4 айда құны 6 млрд теңгені құрайтын 3,5 млн шаршы метр өнім шығарды және жыл соңына дейін 140 мың тонна өнім шығару жоспарлануда. Бұл зауыт қуаттылығының 71 пайызын құрайды. Шығарылған өнім бүгінгі күні еліміздің барлық қалаларына жіберілуде. Бұдан бөлек, Тәжікстан, Қырғызстан, Ресей және Өзбекстан республикаларына экспортталуда, – деді облыстық кәсіпкерлік және өнеркәсіп басқармасы басшысының орынбасары Жанар Берденова.

Бүгінгі күні өнім шығару үшін шикізат Арал және Жаңақорған, сонымен қатар, сырт елдерден де әкелінуде екен. Нақты айтар болсақ, шыны зауыты жылына 36 мың тонна кальцийленген соданы Башқұртстан мен Өзбекстаннан тасымалдауда.

– Қытай, неміс және түрік компанияларымен зауыт аумағында құны 100 млрд теңге болатын 8 шағын ілеспе зауыттар құру бойынша келіссөздер жүргізілуде.

Жоба басында 226 жұмыс орны ашылады деп жоспарланған. Алайда өнім шығарудың инновациялық технологиясы мен жұмыс күрделілігін ескере отырып, қазіргі таңда 260 қазақстандық тұрақты түрде қызмет етуде. Оған қоса жыл соңына дейін қосымша 80 жаңа жұмыс орны ашылады деп күтілуде. Жергілікті қамтудың белгіленген арақатынасына сәйкес қызметкерлердің 70 пайызын қазақстандықтар, 30 пайызын шетелдік мамандар құрайды. Жергілікті мамандар жұмысты толық игерсе қызметі өсіп, ал қытай азаматтары еліне қайтарылатын болады, – деді «Orda Glass ltd» ЖШС-ның бас директоры Хань Лицзюнь.

Бүгінгі күні зауыт қалыпты жағдайда жұмыс істеп, өнім шығаруда. Қазақстандық мамандардың орташа айлығы 404 мың теңге, ал шетелдіктердің табысы 963 мың теңгені құрайды. Шетелдік мамандардың шыны өндіру саласында 10 жылдан аса тәжірибесі және жоғары біліктілігінің болуына байланысты жоғары көлемде жалақы төленіп жатқан көрінеді.

Қалай дегенмен де, шыны зауытының шығынынан гөрі пайдасы шашетектен болғалы тұр. Мамандардың сөзіне сенсек, болашақта мұнда қазақтардың саны әлде де арта түседі. Шыны өнімі де түрлене бермек. Сондықтан шыны шығаратын Қазақстандағы алғашқы ел ретінде Сыр өңірінің өндіріс саласында бәсі биік бола бермек.

Айдар САЙЛАУОВ,

«Сыр бойы»

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<