Шиеліде шағын аудандар салынуда

479

0

Шиелі ауданының әкімі Нариман Мақұлбеков өңірлік коммуникациялар қызметінде БАҚ өкілдеріне арнап ауданның әлеуметтік-экономикалық көрсеткіштері туралы брифинг өткізді.

Ауданда жыл басынан бері  3297 жаңа жұмыс орны құрылып,  1466 адам тұрақты жұмысқа орналасқан. Аз қамтамасыз етілген азаматтарға атаулы әлеуметтік көмек көрсетуге барлығы 1 млрд 126 млн теңге қаржы қаралған. Сондай-ақ, 1-6 жастағы балалары бар аз қамтылған отбасыларға берілетін кепілдік әлеуметтік топтамаға республикалық бюджеттен 180 млн 400 мың теңге бөлінген.

− Әлеуметтік сала ұдайы назарымызда. Екі мыңнан аса мүмкіндігі шектеулі азамат тіркелген. Оңалтудың барлық түріне қол жеткізуде. Сонымен қатар арнайы әлеуметтік қызметтер, жеке көмекшілердің, ымдау тілі мамандарының және санаторий қызметтерімен қамтылуда. 55 кресло-арба, 102 тифлоқұрал, 27 сурдоқұрал, 259 протезді ортопедиялық құрал жеткізіліп, санаторияға 115 адам жолдама алды. Бірінші топтағы мүмкіндігі шектеулі 179 азаматқа жеке көмекші қызметіне қаржы бөлінді. 122 жалғызбасты қарт пен мүмкіндігі шектеулі азаматтарға және үйде қызмет көрсетілетін 110 мүмкіндігі шектеулі балаға арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсетілуде, − деді аудан әкімі.

Ауыл шаруашылығы саласы тұрақты дамуда. Жалпы 32 млрд 404 млн теңгенің өнімі өндіріліп, өткен жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда 101% артқан. Биыл шиелілік диқандар  30 189,5 гектар жерге егін екті. Дала еңбеккерлері су тапшылығына қарамастан егіннен жақсы өнім алды.

− Ақ күріштің атасы, екі мәрте Социалистік Еңбек Ері Ыбырай Жақаевтың ізбасарлары биыл да жоғары өнімге қол жеткізіп, жыл қорытындысымен Шиелі ауданы егін шаруашылығы бойынша облыста «Озат аудан» атанды. Маусымаралық сұранысты қамтамасыз ету мақсатында ауданда 6 жылыжай жұмыс істеп тұр. Олардан  12 тонна қияр және 7 тонна қызанақ өндірілді. Мал азығы да жоспарға сай орындалды. Шаруашылықтардың қолдауымен бүгінгі күні Арал ауданына 115 тонна шөп тегін жіберілді. Сондай-ақ 3 мәрте Арал қаласында өткізілген жәрмеңкеге 127 тонна шөп, 17,5 тонна жем апарылып қолжетімді бағада сатылды, − деді ол.

Ауданда тұрғын үй құрылысы да қарқын алған. «Нұрлы жер» мемлекеттік бағдарламасы аясында Шиелі кентіндегі «Шұғыла-2», «Шұғыла-3» жəне «Шығыс-4» шағын аудандарының инженерлік-коммуникациялық инфрақұрылымы дайындалып,  тас жол төселген. Шиелі кенті «Береке» шағын ауданында 3 бөлмелі 25 тұрғын үй салынбақ. Бұған қоса, 18 пәтерлік 4 тұрғын үй, әлеуметтік тұрмысы төмен отбасыларға 20 үй сатып алу үшін республикалық бюджеттен қаржы бөлінген. Ол жыл соңына дейін ал келер жылдың бірінші тоқсанында тағы 72 пәтерлі 4 тұрғын үй ел игілігіне берілмек болады.

Индустриялық-инновациялық даму бағдарламасы аясында аймақтық үйлестіру кеңесінің шешімімен өңірлік картаға жобалық  құны  24 млрд 855 млн теңгені құрайтын 3 жоба енген. Жоғары сапалы пресстелген жоңышқа өндіру, ауылшаруашылық кешенін құру, құс фермасын кеңейту жобалары қаржыландырылмақ.

Биыл ауданның өнеркәсіп орындары 51 млрд 632 млн теңгенің өнімін өндірді. Оның ішінде өңдеу өнеркәсібі көлемі 27 млрд  997 млн теңгені құраған. Ауданда тіркелген шағын және орта кәсіпкерліктің саны 5 363-ке жетіп, тиісті кезеңмен салыстырғанда 102,8 процентке артты. Жұмыс жасап тұрған кәсіпкерлердің үлесі 93,3%-ке жетті.

Жыл басынан бері «Еңбек» бағдарламасы аясында кәсіпкерлік негіздеріне «Бастау Бизнес» жобасы бойынша 377 адам оқуға жолданып, 344 адам сертификат алды.  Нәтижесінде 131 адам 76 млн теңге мемлекеттік грант, ал 7 азамат 36 млн теңге несие алды. Шағын және орта бизнесте 9 384 адам жұмыспен қамтылып, өсім 101,6 пайызды құрады. Бүгінгі күні барлық мемлекеттік бағдарламалар бойынша құны 1 млрд 363 млн теңгені құрайтын 493 жоба қаржыландырылып, жаңадан 565 адам тұрақты жұмыспен қамтылып отыр.

Гүлбану МАҚАЖАН,

«Сыр бойы»

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<