Шыны өнімдерінің бағасы төмендеді

388

0

Қызылорда индустриалды аймағындағы шыны өндіру зауыты «Қазақстандықтардың әл-ауқатын арттыруға бағытталған орнықты экономикалық өсу» ұлттық жобасы аясында өткен жылдың қазан айында іске қосылды. Кәсіпорын қазір штаттық режимде жұмыс істеп тұр. Операторы – «Orda Glass LTD» ЖШС.

Зауыт бүгінгі күнге дейін 120 мың тоннаға жуық шыны өнімін өндірді. Өнімнің жалпы құны – 13,1 млрд теңге. Негізгі міндет – ішкі нарықты табақша шыны өнімдерімен қамтамасыз ету. Сол себепті де елдегі алғашқы инновациялық шыны өнімі барлық қалаларға жіберілуде. Бұған қоса, Тәжікстан, Қырғызстан, Ресей және Өзбекстан республикаларына жөнелтілуде.

Сыр өңірінде зауыттың іске қосылуы нарықта шыны өнімдері бағасының 50 пайызға дейін төмендеуіне ықпал жасады. Мәселен, былтыр қалыңдығы 4 мм шынының 1 метр кубы 2200 теңге болса,  қазір 1250 теңгені құрайды. Жобаны жүзеге асырудағы басты мақсат – сырттан келетін тауарға тәуелділікті азайтып, импорт алмастырушы өніммен еліміздің экономикасын қамтамасыз ету.

Алайда, шыны өндірісінде жоғары білікті маман аз. Ал зауытта қолданылатын флоат-технологиясының баламасы жоқ. Қазір қытайлық мамандардың шыны өндіру және өндірістің техникалық салаларында мол тәжірибесін ескере отырып, жергілікті мамандарды оқыту және шыны шығару технологиясын меңгеруді үйретуде.

Жақында шыны зауытында «Ұстаз бен шәкірт» атты шара өтті. Онда шетелдік мамандар өздері үйреткен жергілікті қызметкерге соңғы сабағын өткізіп, кітапша сыйлады. Нақты кезеңде кәсіпорында 267 жергілікті маман жұмыс істейді. Жыл соңына дейін тағы 76 жаңа жұмыс орны ашылады.

«СБ» ақпарат

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<