Сол жағалаудағы сәулетті білім ұясы

974

0

Облыс әкімі Гүлшара Әбдіқалықова мұғалімдер мерекесі аясында Қызылорда қаласының сол жағалауындағы «Orda school» жеке мектебінің жұмысымен танысып, педагогтарды құттықтады.

Аймақ басшысы көпқабатты тұрғын үйлердің көптеп салынуына байланысты мектепке баратын оқушылар саны артқанын, жеке мектептер желісін көбейтудің маңыздылығын айтты. Сондай-ақ, білім ордасының перспективасы зор екенін атап өтті.

– Ұстаз – ұлт болашағының іргесін қалайтын кемеңгер тұлға. Еліміздің болашағы сіздердің қолдарыңызда. Демек, өздеріңізге артылатын сенім де зор. Мемлекет тарапынан педагог мәртебесін көтеруде нақты қадамдар жасалуда. Ел Президентінің қолдауымен «Педагог мәртебесі» туралы заң қабылданып, жыл сайын жалақыны көтеру, әлеуметтік қолдау бойынша игі істер жүзеге асырылуда. Осы мектепте білім алатын оқушылар алдағы уақытта биіктен көрініп, ата-аналары мен ұстаздарының, мектеп ұжымының мақтанышы боларына сенімдімін, – деді облыс әкімі.

Сонымен бірге, кәсіби мереке қарсаңында мектеп мұғалімдері Светлана Шалағаева, Мөлдір Ильяшова, Сара Асқарова, Наталья Речнова және Гүлмира Сәрсенбаеваға Алғыс хат табыс етті.

Сондай-ақ, білім ошағындағы мектеп сыныптары мен би залы, робототехника кабинеті және үйірмелер жұмысымен танысты. Білім алып жатқан оқушылармен тілдесіп, пікір алмасты. Бастауыш сыныптың оқушылары үш тілде тақпақ айтып, мектеп оркестрі «Балбырауын» күйін орындап берді.

Айта кетейік, облыста жеке мектептер желісі қарқынды дамып келеді. Қазір олардың саны 10-нан асты. Жеке инвестиция есебінен салынған «orda school» мектебі – облыста алғаш болып ашылған жеке білім ордаларының бірі. Мектептің биыл іске қосылған жаңа корпусы заманауи талаптарға сай жабдықталған. Онда 500-ге жуық оқушы бар, оның тең жарымы тегін білім алуда.

«СБ» ақпарат

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<