Спорт жаңалықтары

1051

0

Әлем чемпионатының жүлдегері

Айдос Сұлтанғали күрес түрлерінен Сербия астанасы Белградта өтіп жатқан Әлем чемпионатының қола жүлдегері атанды. Бұл – Қазақстан құрамасының қоржынына түскен алғашқы медаль.

26 жастағы Сыр елінің тумасы соңғы белдесуін венгриялық Кристиан Кечкеметиге қарсы өткізіп, 60 келіге дейінгілер арасында қола жүлдені қанжығасына байлады. Қорытынды есеп 7:1.

Еске салайық, Айдос Балқан түбегіндегі байрақты бәсекеде алдымен Молдовадан келген Александр Трандафирден (9:0) айласын асырса, артынша армениялық Геворг Гарибянды (3:0) үйіне қайтарды. Жартылай финалда Әлем чемпионатының вице-чемпионы қырғыз Жоламан Шаршенбековке (0:7) есе жіберді.

Байрақты бәсекеде топ жарды

Чехияның Пардубице қаласында каратэ WSF бойынша Әлем чемпионаты өтті. Жарысқа 32 елден 2000-ға жуық спортшы қатысты. Кәрі құрлықта Қазақстан ұлттық құрамасынан 30 каратэші бақ сынады.

Айтулы додаға Сыр елінен аттанған спортшылар жеңіс тұғырынан көрініп, ел мерейін асқақтатты. Нақтырақ айтсақ, қызылордалық каратэшілер 5 алтын, 1 күміс, 2 қола медаль иеленді.

Мұнда ересектер арасында 60 келі салмақта Қонысбек Әлішершәріп, 67 келіде Дәуренбек Берманов, 75 келіде Дамир Камил, 84 келіде Асылхан Ғалым, жасөспірімдер арасында 56 келі салмақта Олжас Мұхит алтын медальға ие болды. Ал 67 келі салмақ дәрежесінде Ғабиден Ұрынбаев күміс медальды қанжығаласа, осы салмақта Айбек Мереев пен Бақдәулет Құбаш қола иеленді.  

– Біз бұл чемпионатқа біраз уақыт дайындалдық. Бұл жолы оңай болған жоқ, өйткені қарсыластарымыз мықты болды. Бірақ жеңісті қолдан бермей, 5 спортшы Әлем чемпионы болып оралды. Алда талай жарыстар болады, өзіміздің мықтылығымызды әлі де дәлелдейміз, – дейді спортшы Олжас Мұхит.

Кеше байрақты бәсекеде олжа салған спортшыларды жерлестері күтіп алды.

«Барыс» – жеңіс тұғырында

 Құрлықтық хоккей лигасында өнер көрсететін «Барыс» клубы өз айдынында «Тракторды» ұтып, жаңа маусымды сәтті бастады.

Өз айдынында өткен алғашқы матчта астаналық клуб Челябинскінің «Трактор» командасын қабылдады. Жақсы ойын өрнегін көрсеткен «Барыс» тартысты кездесуде 3:1 есебімен жеңіске жетті. Линден Вей екі рет мергендігімен танылса, Кирилл Савицкий бір рет қарсылас қақпасын дәл көздеді.  Ал «Трактор» сапынан Пулкиннен есеп айырмасын бір шайбаға дейін қысқартты.

Айта кетейік, астаналық ұжым келесі ойында өз айдынында «Авангардты» қабылдайды.

«СБ» ақпарат

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<