Спорт жаңалықтары

559

0

Есте қалатын елеулі ойын

Футболдан Қазақстан құрамасы UEFA Ұлттар лигасының В лигасына жолдама алды. Мұндай зор табысқа қазақстандық футболшылар өз алаңында Беларусьті жеңгеннен кейін қол жеткізді.

С лигасы үшінші тобында сынға түсіп жатқан құрамамыз аталған кездесуде жеңіске жетсе, алдағы маусымдағы Ұлттар Лигасында В дивизионында ойнауға мүмкіндік алатын еді. онда Еуропаның алдыңғы қатарлы құрамаларымен шеберлік байқасуға жол ашылатын. Оған қоса 2024 жылғы Еуропа чемпионатының іріктеу ойындарына қатысуына әбден болады.

Осындай себептерге байланысты қазақстандық құрама кездесу басталғаннан кейін бар күшін салды. Десе де, олар үшін Беларусь қолайсыз қарсылас еді. Екі құрама бұған дейін бір-бірімен алты ойын өткізді. Оның екеуі тең нәтижемен аяқталса, қалғанында қарсылас құраманың мерейі үстем болды.

Ал турнир кестесінде қазақстандық футболшылар көш бастап тұрса, Беларусь құрамасы небәрі екі ұпаймен төртінші орында келе жатқан болатын. Олар үшін жеңіліс алдағы маусымда D лигасына түсіп қалу қаупін арттыратын. Осындай себептерге байланысты кездесу тартысты басталды.

Екі құрама бірден-ақ алға қарай ұмтылды. Кездесудің 29-минутында қазақстандық Михаил Габышев есеп ашты. Бұдан кейін де қазақстандық футболшылардың қақпа торын тулатуға бірнеше мүмкіндігі бар еді. Ал 45-минутта беларусь футболшысы Павел Савицкий таразы басын теңестірді.

Екінші кезең қазақстандық құраманың шабуылымен басталды. Жасыл алаңның барлық бөлігінде біздің жігіттер допқа иелік етуге тырысты. Нәтижесінде 79-минутта Бактиёр Зайнутдинов гол соғып, Қазақстан қарсыласын 2:1 есебімен жеңді. Енді олар алдағы маусымда В лигасында ойнайды. Сондай-ақ, қазақстандық футболшылар Беларуське қарсы жеті ойынға созылған сәтсіздіктер сериясын осылайша бұзды.

Енді Қазақстан құрамасы 25 қыркүйекте сырт алаңда Әзербайжанмен кездеседі.

Мағжан әлем чемпионатына барады

Өзбекстан астанасы Ташкент қаласында өтетін дзюдодан әлем чемпионатына қатысатын ел құрамасының құрамы белгілі болды. Олардың қатарында 60 келі салмақта бақ сынайтын қызылордалық Мағжан Шәмшадин де бар.

Сондай-ақ, ел құрамасында Елдос Сметов (60 келі), Ғұсман Қырғызбаев (66 келі), Данияр Шамшиев (73 келі), Абылайхан Жұбаназар (81 келі), Дидар Хамза (90 келі), Ислам Бозбаев пен Нұрлыхан Шархан (екеуі де 100 келі), Ерасыл Қажыбаев (100 келіден жоғары) бар.

Әлем чемпионаты 6-12 қазан аралығында өтеді.

Румыниядан олжалы оралды

Румынияда 16-19 қыркүйек аралығында ұлттық спорт түрлері бойынша жастар арасындағы Әлем кубогы өткен еді.

Жарыста еліміздің атынан көптеген спортшылар бақ сынады.

Ел құрамасы сапында қызылордалық тоғызқұмалақ шебері Дамир Ахметов жүлдегерлер қатарынан көрінді. Сайыс барысында ол қарсыластарын қапы қалдырып, қола жүлдеге қол созды.

Найза лақтырудан қола алды

Марокконың Марракеш қаласында жеңіл пара атлетикадан бүкіләлемдік Гран-при сериясының халықаралық классификациялық жарысы мәресіне жетті.

Оған дүниежүзінің 40-тан астам елінен 300-ден астам спортшы қатысты.

Сайыста ел құрамасынан жерлесіміз Еламан Жоламан найза лақтырудан қола медаль жеңіп алды.

«СБ» ақпарат

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<