Ұлттық құрылыстың негізгі түсініктері

1259

0

Ұлттық құрылыс мемлекеттік құрылыстың дамуымен тығыз байланысты. Ұлттық құрылыстың маңызды өлшемдерін қорғау тек мемлекеттің ғана емес, барша қоғам мүшелерінің азаматтық міндеті мен жауапкершілігі болып табылады. Ұлттық құрылыс жаһандану жағдайындағы ең өзекті мәселелердің бірі. Сондықтан жаһандану жағдайында ұлттық құрылыс пен бірегейлікті сақтау мәселесі өте өзекті.

Ұлттық құрылыс процесі көп қырлы, оны зерттеу пәнаралық көзқарасты қажет етеді. Ұлттық құрылысты ғалымдар көптеген қосымша ұғымдармен түсіндіруге тырысады. Сондықтан әлеуметтік ғылымдарда интерпретацияланатын көптеген негізгі терминдер әлеуметтік және саяси практика категориялары болғанымен, әлеуметтік және саяси талдау категориялары да болып табылатындығын ұмытпаған жөн. Ұлттық құрылыс саяси құбылыс және идеологияның бір түрі ретінде қоғамдық бірліктің ең жоғарғы нысаны болып табылатын негізгі қағиданы қамтиды. Бұл ұлттық құрылыстың ұлт пен мемлекетті мәдени және саяси екі қауымдастық ретінде байланыстыруға ұмтылуынан туындады. Өзінің тарихи дамуындағы ұлттық құрылыс идеялары өзін-өзі анықтау және демократия идеяларымен, ұлттың «азаматтар қауымдастығы» ретіндегі идеясымен байланысты болды.

Қазіргі таңда көпұлтты мемлекеттер және осы елдер қалыптастырған азаматтық-саяси бірегейлікті өзгертуге бағытталған көзқарастар күшейіп барады. Көпұлттылық пен көпконфессиялық қазіргі заманғы мемлекеттердің көпшілігіне тән белгілер. Әр мемлекет белгілі бір уақыт кезеңінде және нақты міндеттерге сәйкес ұлттық құрылыстың тұжырымдамасын таңдайды. Көпұлттылық немесе көпконфессиялық тұжырымдама дағдарысы этникалық немесе діни бірегейлік формаларына негізделген радикалды қозғалыстарды жандандырып, белсенділігін арттырады. Радикалды топтар теріс объективті көзқарастарына сәйкес өздерінің мемлекеттік құрылымдарын құруға ұмтылады немесе өздерінің тар қауымдастығында оқшауланады. Осылайша біз бұл топтың қоғамдық өзара әрекеттесу жүйесінен шығуына мүмкіндік береміз. Сондықтан ұлттық құрылыс процесінің көп қырлығына байланысты оны зерттеу пәнаралық көзқарасты қажет етеді.

Ағартушылық дәуір философы Ж.Ж. Руссо ұлтты құрайтын адамдардың ұқсас әдет-ғұрыптары мен нақыштары, ортақ әлеуметтік мұраттары болуы керек екенін атап өткен болатын. Ұлт тарихта да, табиғатта да тамыры жоқ жасанды категория ретінде бағалайтындар кездеседі. Мәселен мұндай ұстанымды ағылшын әлеуметтанушысы және философы Э.Д. Смит білдіреді. Ол ұлттың негізі мифология екенін, оның пайда болуы ұлтшылдардың билікке келуімен тікелей байланысты екенін айтады. Сонымен қатар, ғалым ұлтшылдықты «оның кейбір мүшелері нақты немесе әлеуетті «ұлт» деп санайтын, тұрғындар атынан автономияға, бірлікке және бірегейлікке қол жеткізу және қолдау үшін қажетті идеологиялық қозғалыс» деп анықтайды.

Британдық саясаттанушы және әлеуметтанушы Б. Андерсон ұлттың келесі анықтамасын ұсынады: «бұл ойдан шығарылған саяси қауымдастық және ол сөзсіз шектелген, сонымен бірге егеменді ретінде елестетіледі». Ұлтты ойдан шығарылған қауымдастық деп анықтай отырып, ол ұлт мүшелерінің тұтастық бейнесі олардың санасында өмір сүретінін анықтайды. Ұлттың шектелуі кез келген халықтың өз шекарасының болуымен және өзін бүкіл адамзатқа сай елестетуімен айқындалады. Елдің егемендігі бостандыққа деген табиғи құштарлықпен айқындалып, азаттықтың кепілі мен нышаны ретінде егеменді мемлекет белгіленеді.

Америкалық әлеуметтанушы және саясаттанушы И. Валлерстайн бірлескен авторлықтағы еңбектің «Халық құрылысы: нәсіл, ұлт, этностық топ» бөлімінде «кең тараған мифке қарамастан, барлық жағдайда дерлік ұлттың пайда болуынан бұрын мемлекеттің пайда болуы жүрді» деп қадап айтады. Ол мемлекетаралық жүйе шеңберінде кез келген егемен мемлекеттің құрылуы неліктен тиісті «ұлтты», «халықты» тудырады деген сұрақ қояды. Оның пікірінше, мемлекеттердің алдында сыртқы және ішкі қауіп-қатерлерге ұшыраған егемендігін сақтау проблемалары тұр, олардың қарама-қайшылығы «ұлттық сезімнің» дамуымен байланысты. Сондықтан мемлекетке өзінің саяси жобаларын жүзеге асыру үшін қажетті бірыңғай әкімшілік кеңістік құру қажеттілігі туындады. Осылайша, ұлтшылдық осы іспеттес мемлекеттік саясатты жүзеге асырудың көрінісі, тәсілі және салдары болып табылады. Мемлекеттің ұлттық болмауы ойыннан тыс болу дегенді білдіріп, оның мемлекетаралық иерархиядағы дәрежесін өзгертеді.

Австриялық публицист О. Бауэрдің пайымдауынша, «Ұлттың мәні ұлттық сипат ұғымымен тығыз байланысты, ал ұлт өзгермелілігімен сипатталады, ал ұлттық сипат бір ұлт мүшелерін белгілі бір кезең ішінде ғана байланыстырады». Осылайша, ұлт «мінездің салыстырмалы қауымдастығы» болып табылады. Әрбір ұлт үшін белгілі бір уақыт кезеңінде өзіне ғана тән ұлттық сипаттағы ерекше белгілері болады. Сонымен бірге, барлық ұлт өкілдеріне тән белгілі бір ортақ белгілердің бар екенін жоққа шығаруға болмайды. Ұлттың салыстырмалы сипаттағы қауымдастық ретінде айқындалуы ұлт мүшелерінің бір-бірінен ерекшеленетін жеке белгілерінің болуымен түсіндіріледі.

Академик В.А. Тишков ұлтты егемен мемлекет шеңберінде біріккен адамдар қауымдастығы деп анықтай келе, ұлт белгілі бір дәрежеде азаматтық ынтымақтастығымен сипатталады және мемлекетке және оның легитимді билігіне лоялдығымен ерекшеленеді. Мемлекет егемен аумақтық қауымдастық билігін табыстайтын ұлт құрған институттар жүйесі болып табылады. Осылайша, мемлекет басқару, ұйымдастыру және қорғау қызметтерінен басқа мәжбүрлеу құқығын және этномәдени алуандылықты сақтау және қолдау міндетін алады.

Ресейлік публицист С.Г. Кара-Мурза атап өткендей, ұлттың екі негізгі, қағидатты мәні бар: «ортақ саяси қатысуға негізделген ұлт азаматтық пен ұжымдық егемендік ретінде» және «ортақ тіл, тарих немесе мәдени бірегейлікпен байланысты адамдар қауымдастығын құрайтын ұлт». Демек, осы халықты құрайтын түрлі топтар арасындағы айырмашылықтар әлсірегенде ғана азаматтық ұлт құрылады.

Ағылшын тарихшысы және саясаткер Дж. Дальберг-Актон мемлекет уақыт өте келе ұлт құра алады деген пікірде болды. Оның пікірінше, түрлі ұлттардың бір мемлекетте бірігуі мемлекеттің табысты өмір сүруінің қажетті шарты болып табылады. Бір мемлекетке біріккен ұлттар «мемлекеттің балқыған қазанында» тұрақты өзара әрекеттесу процесінде жүреді. Керісінше, саяси және этностық шекаралар сәйкес келген жағдайда қоғам дамуын тоқтатады.

R. Isaacs және A. Polese редакциясымен 2016 жылы жарық көрген «Nation-building and identity in the Post-Soviet space: New tools and approaches» атты еңбекте посткеңестік кеңістіктегі ұлттық құрылыс пен бірегейлік салыстырмалы талданып, соңғы жиырма жыл ішінде мемлекетті құру құралдарының қалай пайда болғанын және дамығанын зерттейді. Авторлар посткеңестік елдерге арналған тақырыптық зерттеулерге сүйене отырып, ұлттық құрылыс пен бірегейлік жобаларының түрлі көріністерін салыстырады. Мәселелерді пәнаралық және географиялық тұрғыдан қарастыра келе, авторлар түрлі мемлекеттік және мемлекеттік емес субъектілердің ұлттық құрылыстың дәстүрлі құралдарын жаңа тәсілдермен қалай қолданып жатқанын тарауларда көрсетеді. Аталмыш монография 12 тараудан тұрады және оның 2 тарауы Қазақстан Республикасына арналған.

Y-M. Davenel және E. Yim 2 тарауда Қазақстандағы азшылық ұлттардың ассимиляциясы мен ұлттық құрылыс мәселесіне мән береді. Бұл бөлімде азшылық ұлттар белсенділерінің мемлекет шектеген ұлттық құрылыс процестерінің құқықтық негіздерін қалай қабылдап және осы процестегі ұстанымдарын қалай басқаратынына ерекше назар аударады. Авторлар пікірлері азшылық ұлт өкілдері қолданатын көзқарастарды, ұстанымдарды және стратегияларды талдаудың этнографиялық тәсіліне негізделген. Заманауи Қазақстандағы ұлттық құрылыс күрделі процесс ретінде сипатталады: 1) инклюзивті азаматтық мемлекетті ресми дискурстарда ілгерілету, барлық азаматтарға тең құқықтар беру, нақты демократиялық реформаларды экономикалық дамуға дейін кейінге қалдыру; 2) ұлттандыру саясатын ресми түрде қазақ тілін, мәдениетін және тарихнамасын танымал ету арқылы және бейресми түрде қазақ тілін меңгеру белгісі бойынша қазақ еместерді кемсіту арқылы жүргізу; 3) түрлі бір мезгілде әрекет ететін фракциялардан тұратын қазақ элитасының саяси өрісін монополияландыру және қазақ емес азшылықтарды, титулды ұлттың «қарапайым» өкілдерін саяси ортадан шеттету. Расында осы уақытқа дейін елімізде экономикаға ерекше мән беріліп, демократиялық процестердің дамуы тежелді. Дегенмен, еліміздің экономикасының дамығанын да көре алмай отырмыз. Сондықтан демократиялық реформалар мен экономиканы ілгерілету қатар жүргені дұрыс секілді. Азшылық ұлттарды елімізде кемсітуді байқап отырғанымыз жоқ. Мәселен, мемлекеттік ұлттық саясатты жүзеге асыруда орны бар Қазақстан халқы Ассамблеясы осы уақытқа дейін құрылмас еді. Үшінші мәселе бойынша елімізде проблема бар екендігі анық. Жаңа саяси реформаларда ел азаматтарының барлық саладағы теңдігі және әділеттіліктің орнауына әлі де ерекше мән берілуі тиіс.

R. Isaacs 7 тарауда кино және Қазақстандағы ұлттық құрылысты дәйектейді. Фильм бұрыннан түрлі мәдени және аймақтық жағдайларда ұлттық құрылыстың маңызды құралы ретінде қарастырылады. Негізінен кинематография ұлттық батырларды жасау және тұрақты мәдени мағыналарды қалыптастыру мақсатындағы ұжымдық жадыны, мифтер мен дәстүрлерді қайта қарастыру арқылы азаматтардың ортақ сезімін тәрбиелеуге ықпал етеді. Кино мемлекеттік саясатты жүргізу барысында ұлттық сюжеттерді құруға әсер ете алады. Фильмді қазіргі заман мен капитализм тудырған жаңа құбылыс деп айтуымызға болады. Сондықтан кино ұлттық құрылыс пен ұлттық өзін-өзі сәйкестендірудің дамып келе жатқан және жалғасып жатқан процестерінде маңызды рөл атқарады.

R. Isaacs анықтағандай: «… Қазақстандағы кино мен ұлттық құрылыс арасындағы байланыс кеңестік кезеңнен бастау алған. Сталиннен кейінгі дәуірде кино мифтерді, фольклорды және тарихи кейіпкерлерді басқаша ойлау және визуалдау арқылы қазақ ұлттық бірегейлігінің тарихи-мәдени маркерлерін белгілеу құралы ретінде пайдаланылды. Кейінгі кеңестік кезеңде шығармашылық кино өндірісінің өрлеуі «қазақтың жаңа толқынын» тудырды. Қазақстандық жас режиссерлер кейінгі кеңестік және алғашқы посткеңестік қоғамның алауыздығы, вакуумы мен тұрақсыздығын бейнеледі. Бұл жұмыстар ескірген және шіріген кеңестік жүйеге қарсы пікір айтудың маңызды арнасы болды. Посткеңестік кезеңде саладағы алғашқы тыныштықтан кейін Қазақстан үкіметі 2005 жылы «Қазақфильм» мемлекеттік кинокомпаниясын акционерлік қоғамға айналдырды. Сол уақыттан бастап мемлекет компанияны Қазақстан тарихын қайта ойластыратын фильмдер түсірудің құралы ретінде пайдаланды. Үкіметтің мақсаты: киноны қазақ ұлтының «ресми» түсіндірме құралы ретінде пайдалану; Қазақстанның көшпелі және әскери өткеніне, оның мемлекеттілігінің көпұлтты азаматтық өлшеміне ерекше көңіл бөлу; 1930-40 жылдардағы түрлі ұлт өкілдерінің Қазақстан аумағына сталиндік күштеп жер аударылуының салдарын көрсету. Сонымен қатар қазіргі қазақ киносында қазақ мемлекеттілігінің, бірегейлігінің, ұлтының қалыптасуының баламалы тұжырымдамаларын ұсынатын басқа да үндер пайда болды. Олар негізінен қазақ мемлекеттілігін діни және әлеуметтік-экономикалық түсіндіруге негізделген». Бүгінгі таңда еліміздің киноиндустриясы қарқынды дамып жатыр деуімізге болады. Жеке телекомпаниялар кассалық алымдарды көбейту мақсатында жеңіл комедиялар көбірек түсіруі қынжылтады. Бұл халық сұранысы мен мәдениетіне байланысты болуы ықтимал. Ал «Qazaqstan» арнасында соңғы жылдары көрсетіліп жүрген тарихи-танымдық фильмдердің көбеюі ұлттық құрылысымызды нығайтатыны анық.

Қазақстандағы ұлттық бірегейлікті зерттеген ғалымдардың көпшілігі мәселені этникалық және азаматтық бөліністер шеңбері аясында қарастыруға бейім. Дегенмен, бұл бөлініс елдегі ұлт пен бірегейлікке қатысты басқа нарративтерді назарға алмайды. Сондықтан посткеңестік Қазақстандағы ұлттық құрылыс және бірегейлікті қалыптастырудағы процестерді бақылау үшін киноны сараптамалық құрал ретінде пайдалану маңызды. Кинематографиялық туындылар бейнелер мен белгілердің жиынтығын ұлттың тәжірибесі мен қабылдауын көрсетуге мүмкіндік береді. Киноны сараптамалық тақырыпта пайдалану өнердің, киноның, әдебиеттің және мәдениеттің басқа да түрлерінің тек Қазақстанда ғана емес, посткеңестік кеңістіктегі ұлттық құрылыстың динамикалық және үнемі өзгеріп отыратын процесін түсіну үшін пайдалануға болады. Ұлттық құрылыстың күрделі табиғатын дәйектеу және оның өзгергіш процесін зерттеу үшін бірқатар мәдени нысандарда қосымша зерттеулер жүргізуге болады.

Кеңес Одағының ыдырауы ғалымдарға салыстырмалы түрде ұлттық құрылысты зерттеу үшін өте бай материал берді. 1960 жылдардағы Африкадағы отарсыздандырудан бері көптеген жаңа мемлекеттер бір аймақта бір сәтте құрылмаған еді. Кеңес Одағының құрамынан бөлініп, жаңадан тәуелсіздік алған мемлекеттердің алдында ұлттық құрылыс процесі күрделі міндеттердің бірі болды. Әсіресе, әр мемлекетте халық арасындағы этникалық және мәдени белгілері бойынша бөлінген ортақ бірегейлікті қалыптастыру мәселесі тұрды. P. Kolstø, S. Høivik «Political construction sites: Nation-building in Russia and the Post-Soviet states» атты монографиясының басты назарында Латвия, Қазақстан, Молдова, Беларусь, Украина және Ресейдің ұлттық мемлекеттер құру жолындағы мұрагер мемлекет басшылары қабылдаған түрлі стратегиялары тұр. Негізінен посткеңестік мемлекеттерде салыстырмалы талдау үшін барлық қажетті бірқатар ұқсастықтармен қатар, түрлі өлшемдер, мәдениет және қазіргі заман тарихы тұрғысынан айтарлықтай айырмашылықтар бар. Ең алдымен ұзақ мерзімді саясат жүргізу үшін қазіргі заманғы мемлекеттерде әдетте бірлігі бар халқы болуы керек. Мемлекет азаматтары кейбір ортақ құндылықтар бойынша мемлекеттік институттар мен рәміздерге ортақ адалдықты ұстануы қажет. Бұл барлық тұрғындар міндетті түрде бірдей мәдени құндылықтарды ие болуы керек дегенді білдірмейді. Бірақ, халық өздерін бір ұлттың өкілі деп санауы тиіс. Демек, халық арасында ортақ мемлекеттілікті нығайтуға бағытталған стратегияларды ұлттық құрылыс деп атауымызға болады. Қазіргі таңдағы саяси ақиқат көрсетіп тұрғандай, бұрынғы Кеңес Одағы республикалары өздерінің ұлттық құрылысы үшін түрлі үлгілерді таңдады. Осы таңдау барысында ұлттық құрылысқа демократия, тұрақтылық және мәдени әртүрлілік үйлесімін анықтау маңызды. Әрбір елдің ұлттық құрылысы мемлекет құрудағы идеялардың өміршеңдігін қалайды. Ғалымдардың басым бөлігі ұлтшылдықты азаматтық және этникалық деп екі түрге бөледі. Көп жағдайда ұлтшылдықтың азаматтық түріне оң, этникалық түріне теріс баға беріліп жатады. Дегенмен, қазіргі дамыған Батыс Еуропа елдерінде таза азаматтық ұлттар қалыптаспаған. Сондықтан азаматтық немесе этникалық ұлтшылдық жақсы немесе жаман екенін бағалаудың қағидалы негізі жоқ. Бірақ, посткеңестік кеңістік елдері азаматтық ұлтшылдықты таңдағаны көрініп тұр.

В.А. Тишковтың айтуы бойынша, «Ұлттық құрылыс» ұлттық бірегейлікті қалыптастыру процесі саналады және бұл процестің мәні өз мемлекетіне қатысты патриоттық және жалпы ынтымақтастық сезімін қалыптастыру болып табылады. Бұл процесс нысанына оның құзіретіне жататын адамдар қауымдастығы жатады. Негізгі мәселе ұлттық құрылыстың негізгі тұжырымдамалық түсінігінің мазмұнында деп ойлаймыз. Сондай-ақ, азаматтық-саяси бірегейлікті қандай құрамдас бөліктер құрауы керек және бұл бірегейлікті қалыптастыру үшін қандай тетіктер мен құралдарды пайдалану керек деген сауалдар туындауы мүмкін. Сондықтан ұлттық құрылысты әр елдердің түрлі тарихи дәуірлері мысалында қарастырылған зерттеулерге мән берген жөн. Бұл зерттеулерге мән беру барысында ұлттық құрылыс процесіндегі ұлттар арасындағы басымдықтарды қайта бөлу мен ұлттандырудың құрылымдық және сәйкестік заңдылықтарын түсіне аламыз. Өйткені бір аймақта түрлі қауым өкілдерінің бірегейлігі мен ұлттық ділі бәсекелеседі. Мемлекеттік ұлтшылдықты негізінен аймақтық, этномәдени және әлеуметтік белгілер бойынша бөліну ықтималдығы жоғары әртекті халық бірлігін сақтау үшін қолданған дұрыс. Ұлттық бірегейлік аясындағы мемлекеттік ұлтшылдық қоғам мүшелерін байланыстырып қана қоймай, әлеуметтік әділеттілікке қол жеткізуге мүмкіндік береді.

Өткен ғасырдың екінші жартысындағы отаршылдық жүйенің күйреуі, 90-жылдардың басындағы КСРО-ның құлауына байланысты көптеген тәуелсіз мемлекеттер қалыптасты. Бұл өз кезегінде ұлттық құрылыс, азаматтық, жеке және ұжымдық құқықтар туралы жаңа тұжырымдардың пайда болуына әкелді. Ғылым мен саяси тәжірибеде әртүрлілік барысындағы бірлік, көпмәдениеттілік, айырмашылықтар мен бірегейлік құқығы жөніндегі доктриналар дүниеге келді. Жаңа тәуелсіз Қазақстандағы ұлттық құрылыс Конституцияда жазылғандай, ұлтына, әлеуметтік жағдайына және дініне қарамастан азаматтардың теңдігі қағидасына негізделді.

Ұлттық құрылыс процесс ретінде ешқашан аяқталмайды және кез келген мемлекетте бірегейлікке, ұлтқа, мемлекетке және режимге қатысты мәселелер үнемі туындайды. Табысты ұлттық құрылысқа апаратын жол ұзақ, күрделі және осы процестің негізгі қатысушылары ретінде кімді көреміз және олар қандай құралдарды, тәсілдер мен стратегияларды қолданғанын білгеніміз жөн. Талданып отырған тұжырымдардың әрқайсысы түрлі пәнаралық, теориялық және әдіснамалық тәсілдерді қолданғанына қарамастан, олардың арасында көптеген ұқсастықтар бар деп ойлаймыз. Барлық талданған материалдар көрсеткендей, посткеңестік кеңістіктегі ұлттық құрылыс динамикасының жалғасып жатқанын байқаймыз.

Мұрат Насимов,

Саяси ғылымдарының кандидаты,

қауымдастырылған профессор.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<