Сыр еліне келген туристер саны қанша?

643

0

Жыл соңына дейін Қызылорда облысына 4000-ға жуық шетелдік турист келеді деп жоспарланған. Ал межеленген ішкі туристер саны 92 000 болып отыр.

3 айдың қорытындысы бойынша сыртқы туристер саны 800-ге де жетпейді. Десе де, статистикалық деректердің кезеңділігіне сәйкес, 2-ші тоқсанның мәліметі 2023 жылдың қыркүйек айында жарияланатынын ескеру керек, деп хабарлайды inbusiness.kz тілшісі.

Жазғы демалыс маусымында Қызылорда облысында 13 шағын және 2 ірі демалыс орны жұмыс істейді. 2022 жылы мұндай орындарға 53,5 мың демалушы келсе, 2023 жылдың 1 тамызына дейінгі демалушылар саны 25896 адамды құрап отыр. Оның ішінде 20 мың демалушыны 2 ірі «Қамыстыбас» (Қамбаш) және «Ханқожа көлі» (Бәйгеқұм) демалыс аймағы қабылдаған. Ал, қалған 5896 адам 13 шағын демалыс орындарын таңдапты.

«2021-2025 жылдарға арналған Кәсіпкерлікті дамыту жөніндегі бекітілген Ұлттық жоба» шеңберінде туризм саласы бойынша өңірде 4 көрсеткіш бекітілген.

Жыл басынан бері (3 айлық статистика – автор.) ішкі туристер саны – 22338 адам, сыртқы туристер саны 775 адам болып отыр. Ал жыл соңына дейін 3890 шетел азаматы турист болады деп жоспарланған.

«Бүгінде Қызылорда облысы бойынша 3907 төсек-орны бар 139 орналастыру орны жұмыс істеп жатыр. Олардың 107-сі қонақ үй және қалған 32-сі – хостел, мотель, жалға берілетін тұрғын үйлер мен пәтерлер. 107 қонақ үйдің 5-еуінде жұлдыз дәрежесі бар. Облыстағы орналастыру орындарында төсек-тәуліктің орташа құны – 9128 теңге. Келушілерге көрсетілген қызмет көлемі 299,4 миллион теңгені құрады. Бәрін қосқанда орналастыру орындары 23113 адамды қабылданды. Келушілердің 775-і – шетел азаматы. Бұл статистика – алғашқы 3 айдың қорытындысы. Статистикалық деректердің кезеңділігіне сәйкес, 2 тоқсанның мәліметі 2023 жылдың қыркүйек айында жарияланады», – деді Қызылорда облысының кәсіпкерлік және өнеркәсіп басқармасы Туризмді дамыту бөлімінің басшысы Ғалымжан Каримов.

Қазіргі уақытта Сыр өңірінде жалпы сыйымдылығы 656 орынға есептелген 4 шипажай жұмыс істеуде. Сондай-ақ, жыл соңына дейін жалпы құны 1,2 млрд теңгені құрайтын 120 орындық заманауи үлгідегі шипажай пайдалануға беріледі. Биылғы жылдың 1 шілдесіне дейінгі шипажайға келушілердің саны 7899 адам болған.

«Бүгінгі күні «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» автокөлік дәлізінің Қызылорда облысы бөлігінде 52 жол бойы қызмет көрсету кешені жұмыс істеп жатыр. Оның 45-і немесе 86,5 пайызы Ұлттық стандартқа сәйкес келеді. Одан бөлек, жол бойы кешені жанында орналасқан 17 санитарлық-гигиеналық торапты күтіп-ұстау шығындары мемлекеттің қолдау құралдары аясында субсидиялану басталды», – дейді Ғалымжан Болатұлы.

Жалпы, Қызылорда облысында 556 тарихи-мәдени мұра объектісі мемлекеттік қорғауға алынған. Оның 31-і республикалық және 256-сы – жергілікті маңызы бар объекті.

«Қазақстанның киелі жерлерінің географиясы» жобасы аясында 12 жалпыұлттық және 60 өңірлік киелі нысан тізіміне енгізіліп отыр.

Сонымен қатар, еліміздің 20 өңірінде көрікті жерлерді аралауды ынталандыру арқылы ішкі туризмді ілгерілету мақсатында жүзеге асырылып отырған #NeoNomad акциясы аясында «Қорқыт ата» мемориалдық кешені жанынан фотоспот орнатылды.

Шынын айтқанда, отандық туризмнің тым қымбат екені әрі демалушыларға инфрақұрылым жағынан жүйелі жағдай жасалмағаны әлеуметтік желілерде жиі-жиі жазылады. Әйтпесе, «өңірде туристік нысанға айналып, шетелдіктер ағылатын жерлер жоқ» деп айта алмаймыз.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<