Сырдария: өсім бар, өзгерістерге де нық қадам

680

0

Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте Сырдария ауданының әкімі Мұрат Ергешбаев жыл басынан бергі ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуындағы басты жаңалықтарды бөлісті.

Мұрат Ергешбаев жеткізген қуанышты жаңалықтың бірі – газдандыруға қатысты. Ол бұған кейін «көгілдір отынға» қол жеткізген Тереңөзек кентінен бөлек, бірқатар елді мекендерді газдандыру жұмыстары жүргізілетінін айтты. Мысалы, Қалжан ахун және С.Сейфуллин атындағы елді мекенге газ тарту үшін 778 млн теңгенің бюджеттік өтінімі ұсынылған. Мұнымен қатар А.Тоқмағанбетов, «Шаған» ауылдарын газдандыруға жоба-сметалық құжат әзірленіп, мемлекеттік сараптамадан өтуде.

Сондай-ақ аудан әкімі Сырдария ауданының әлеуметтік-экономикалық дамуында оң динамика барын айтты.

– Жыл басынан бері өңдеу өнеркәсібі 2,2 есеге, ауыл шаруашылығы өнімі 1, сауда айналымы 6,3, пайдалануға берілген тұрғын үйлер көлемі 1,3 пайызға артса, инвестиция тарту 15,4 пайызға ұлғайды. Бүгінге дейін тіркелген шағын және орта кәсіпкерлік субъектілерінің саны 2533 болса, оның ішінде жұмыс істеп тұрғаны 94,2 пайызды құрайды. Биыл аудан бойынша мемлекеттік және өңірлік бағдарламалар аясында құны 1,4 млрд теңгені құрайтын 106 жоба қаржыландырылды. Биыл 2156 жұмыс орнын ашу жоспарланса, бүгінге дейін 1236 жаңа жұмыс орны ашылып отыр. Жыл соңына дейін 475 тұрақты жұмыс орнын ашу жоспарлануда, – деді М.Ергешбаев.

Сырдария ауданында үш нысанның құрылысы жүруде. Бүгінде орталық стадиондағы жаттығу және стритбол алаңының құрылысы аяқталған. Бұған облыстық бюджеттен 32 млн теңгеден асатын қаржы бөлінген. Ал «Бесарық» ауылында спорт кешенін тұрғызу үшін биыл 191 млн теңге қаражат беріліп, қазір құрылыс жұмыстары жүріп жатыр. Бұған қосымша «Жетікөл» елді мекенінде аудандық қазынадан 32 млн теңге қаралып, үш бөлмелі екі тұрғын үй салынуда. Сондай-ақ ауданда жол жөндеу жұмыстары да қарқынды. Биыл 1,3 млрд теңге бөлініп, автомобиль жолдары бойынша 23 жоба қолға алынған.

Ауданда барлығы 33,1 мың гектар жерге ауыл шаруашылығы дақылдары егілген. Оның ішінде күріштің көлемі – 20728 гектар.

– Ауданда жалпы 400 гектарға жуық картоп егілді. Бұл өзімізді 100 пайызға қамтып, сондай-ақ қала тұрғындарына да саудаға шығару жоспарда бар. Облыс әкімінің тапсырмасына сәйкес, өңірдегі азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында атқарылған жұмыс аз емес. Әлеуметтік маңызы бар бақша өнімдері мен көкөніс егу үшін елді мекендердегі шаруашылықтар арқылы егістіктен қосымша жер ашылды. Аудан бойынша 210 гектар жер дайындалып, 836 адам 90 гектар картоп, 20 гектар көкөніс, 100 гектар бақша дақылдарын екті. Осылай еңбектену арқылы ауылдың әлеуетін көтере отырып, тұрғындар өз қажеттіліктерін өтейді, – деді аудан әкімі.

Халыққа ең басты қажеттінің бірі – электр жарығы. Биыл «Айдарлы», «Жетікөл», Аманкелді және «Қоғалыкөл» елді мекендерін электрмен жабдықтау» жобасы  бойынша құны 1,6 млрд теңге болатын бюджеттік өтінім берілген. Сонымен қатар, «Шаған» ауылындағы электр желілерін қайта жаңғыртудың құжаты әзірленіп, сараптамаға жіберілген.

Сырдария ауданы ауызсу жүйесімен 100 пайыз қамтылған. Дегенмен арнайы тексеру жұмыстары арқылы белгілі болғандай, 2006 жылдан бері салынған кейбір елді мекендердегі су құбырлары ауыстыруды қажет етеді. Мысалы, «Тереңөзек» кентімен қатар, «Шаған», Аманкелді, «Қоғалыкөл» ауылдарында осындай кемшіліктер жоқ емес. Аудан әкімінің айтуынша, келесі жылы кенттегі 10 көшенің су құбырын ауыстыру үшін тиісті басқармаға 300 млн теңгеге жуық қаржы бөлуге ұсыныс берілген. Ал қалған елді мекендердегі ауызсу жүйесін қайта жөндеу үшін жоба-сметалық құжаттарын дайындауға кәсіпкерлер қолдау көрсетуде.

Ержан ҚОЖАС,

«Сыр бойы»

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<