Сырдария өзені – өңірдің тіршілік өзегі

6

0

Пленарлық отырыста Сенат депутаты Руслан Рүстемұлы ҚР Премьер-министрінің орынбасары Қ.Бозым­баевтың атына Қызылорда облысындағы суару каналдары мен гидротехникалық құрылыс­тардың жай-күйіне қатысты депутаттық сауал жолдады.

Оның мәтінін ұсынып отырмыз.

«Құрметті Қанат Алдабергенұлы!

Өзіңізге белгілі, Сырдария өзені тартылса, Сыр өңірінің тынысы тарылады. Бұл ретте, өркениетті елдердің ұлылығы табиғатқа деген құрметімен өлшенетіні тағы бір ойға оралады. Содан да болар, «Су – тіршіліктің көзі» деп бабаларымыз бекер айтпаған. Бүгінде Қы­зыл­орда облысының ғана емес, тұтас Арал өңірінің тыныс-тіршілігі Сырдария өзеніндегі су дең­гейіне тікелей байланысты. Алайда өзеннің суармалы жер жүйелері мен арна инфра­құ­рылымы апатты жағдайға жақын, сондықтан аталған мәселе кешіктіруге болмайтын шешімді талап етеді. Қызылорда облысының эконо­ми­калық, эколо­гиялық және әлеуметтік тыныс-тіршілігі тікелей Сырдария өзенінің сулылығына байла­нысты. Өзен бойында облыс елді ме­кендерінің 85 пайызы орналасқан, ал халықтың 93 пайыздан астамы осы өзен маңында өмір сүреді. Өзен суының 90 пайыздан астамы республикадан тыс жерлерден келуі себебінен, «Арал-Сырдария» бассейні аумағындағы екі аймақтың ішінде Қызылорда облысы су тапшылығынан ең ауыр зардап шегіп отыр.

Статистикалық деректерге сәйкес облыста барлығы 268 мың гектар суармалы жер бар. Оның 178,6 мың гектары – инженерлік жүйеге келтірілген ауыспалы егістіктер (159,3 мың гектары – күріш ауыспалы егістер, 19,3 мың гектары – малазықтық және бақша дақылдары). Жалпы ұзындығы 16,1 мың шақырым суару жүйелері бар (2,3 мың шақырым республикалық меншікте, 1,3 мың шақырым «Арна» КММ, 12,5 мың шақырым аудандар теңгерімінде).

Атап өту керек, аталған каналдар мен қашыртқылардың барлығы 1960-1970 жылдары пайдалануға берілгендіктен, бүгінгі күні техникалық жағдайы өте төмен. Соның сал­дарынан суару жүйесінің пайдалы әсер коэффициенті небәрі 60-65 пайыздан аспайды. Топырақ құрылымды каналдардан жыл сайын шамамен 2 миллиард текше метр су жоғалады, бұл дегеніміз республика бойынша жыл сайынғы су шығынының тең жартысы. Әлемдік тәжірибе көрсеткендей, каналдарды бетондау немесе суды үнемдейтін басқа да шараларды қолға алу уақыт күттірмейтін мәселеге айналды.

Бүгінге дейін жергілікті бюджеттен коммуналдық меншіктегі 15 каналға бетондау жұмыстарын жүргізуге құны 16,6 млрд теңге құрайтын жоба-сметалық құжаттары әзірленіп, Су ресурстары және ирригация министрлігіне ұсынылған. Қосымша 33 каналға болжамды құны 56,8 миллиард теңге болатын ЖСҚ әзірленуде. Осы жобаларды іске асыру су шығынын 25-30 пайызға дейін азайтып, үнем­делген суды Арал теңізіне жіберуге мүмкіндік береді.

Сондай-ақ, «Ирригациялық және дренаждық жүйелерді жетілдіру» (ИДЖЖ-3) жобасына енген 143 мың гектар аумақтағы 12,5 мың шақырым ішкі шаруашылық каналдары рес­публикалық меншікке алынбаған. ҚР Премьер-министрінің 2016 жылғы 7 шілдедегі Қызылорда облысына жұмыс сапарының қорытынды хаттамасының (№11-5/09-32) 4.2 тармағына сәйкес, бұл міндет 2016 жылдың соңына дейін орындалуы тиіс болатын. 2018-2020 жылдары облыстық бюджеттен 796 миллион теңгеге су нысандары құжаттан­дырылып, тиісті министр­лікке ұсынылғанымен, мәселе қазіргі күнге дейін өз шешімін таппауда. Қызылорда қаласы мен аудан әкімдіктерінің ресми теңгерімінде тіркелгенімен, іс жүзінде ешкімнің қарауынсыз жатқан бұл арналарда ең көп су шығыны байқалуда.

Сырдария – Қызылорда облысының тіршілік тамыры ғана емес, Аралды одан әрі де толтырудың бірден-бір үміті. Су жүйелерінің тиімді жұмыс істеуі ауыл шаруашылығының өнімділігін арттырып, экологиялық тепе-тең­дікті сақтап, жүздеген мың отбасының тұр­мыс деңгейінің артуына ықпал етеді. Бүгінгі кешіктіру – ертеңгі апаттың алғышарты дер едік.

Құрметті Қанат Алдабергенұлы!

Сырдария өзені мен суармалы жер жүйе­лерінің жағдайын жақсарту мақсатында Үкімет тарапынан бірқатар нақты ұсыныстарды қарастыруға:

1) бірінші кезекте коммуналдық меншіктегі 15 каналды бетондауға арналған, жалпы құны 16,6 миллиард теңгені құрайтын жоба-сметалық құжаттаманы республикалық бюджет немесе халықаралық қаржы ұйымдары есебінен қаржыландыруды қарастыруға;

2) жыл сайынғы 2 миллиард текше метр су шығынын болдырмау мақсатында қосымша 33 каналға әзірленіп жатқан ЖСҚ-ны (болжамды құны 56,8 миллиард теңге) мемлекеттік бюджет жоспарына енгізуге;

3) ирригациялық және дренаждық жүйелерді жетілдіру жобасына енген 12,5 мың шақы­рымдық ішкі шаруашылық каналдарын респуб­ликалық меншікке қабылдап, олардың бетон­далуын қамтамасыз етуге және 2018-2020 жылдары облыстық бюджеттен 796 миллион теңгеге дайындалып, тиісті министрлікке ұсы­нылған құжаттама бойынша мәселені түпкілікті шешуді жеделдетуге, аталған жобаларды қаржыландыруды қамтамасыз етуге ықпал жасауыңызды сұраймын.

Депутаттық сауалға «Қазақстан Республи­касының Парламенті және оның депутаттары­ның мәртебесі туралы» Қазақстан Республи­­ка­сы Конституциялық заңының 27-бабына сәй­­кес, заңда көзделген мерзімде жауап беру сұра­лады».