Кейінгі жылдары Арал теңізінің экожүйесін қалпына келтіру бағытында ауқымды жұмыстар қолға алынып, эколог-ғалымдардың тынымсыз зерттеулерінің арқасында маңызды жобалар жүзеге асырылуда. Бұл игі бастамалар өңірдегі экологиялық ахуалдың жақсаруына деген үмітті еселейді.
Жуырда ҚР Экология және табиғи ресурстар министрі Ерлан Нысанбаевтың төрағалығымен Арал теңізінің құрғаған табанындағы ғылыми-зерттеу қызметін ұйымдастыру мәселелеріне арналған кеңес өтті. Жиынға Әлихан Бөкейхан атындағы Қазақ орман шаруашылығы және агроорманмелиорация ғылыми-зерттеу институтының (ҚазОШҒЗИ) ғалымдары, сондай-ақ орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі комитетінің өкілдері қатысып, теңіз түбінде жүргізіліп жатқан ғылыми ізденістердің бағыттары мен нәтижелілігі жан-жақты сараланды.

Арал теңізі – адамзат тарихындағы ең ауыр экологиялық трагедиялардың бірінің куәсі әрі символы. Кезінде көк толқыны шалқып жатқан алып су айдыны бүгінде миллиондаған гектар тұзды шөлге айналып, өңірде жел тұрса, шаң-тозаңмен бірге улы тұздарды жүздеген шақырымға таратып, халықтың денсаулығы мен айналадағы табиғатқа орны толмас залал келтіруде. Осы олқылықтың орнын толтыру жолында ҚазОШҒЗИ мамандары облыстық филиалмен бірлесе отырып, құрғаған теңіз түбінің экожүйесін жаңғыртуда айтарлықтай еңбек етуде.
2024 жылы «Қазақстанның орман ресурстарын ұтымды пайдалану және тиімді сақтау мақсатында орман шаруашылығын ғылыми-технологиялық қамтамасыз ету» атты бағдарламалық-нысаналы қаржыландыру шеңберінде ауқымды зерттеулер басталды. Бұл бағдарламаның басты мақсаты – көшет материалын өсірудің заманауи технологияларын әзірлеу, өсімдіктердің жерсіну қабілетін арттыру және әсіресе Аралдың құрғаған табанында тұрақты орман алқаптарын қалыптастыру.
Ғалымдар зерттеу барысында ерекше назарды жергілікті топырақ-климат жағдайына бейім, құмды бекітуге қабілетті өсімдік түрлеріне аударды. Атап айтқанда, жүзгін (сalligonum caput-medusae) және шобер селитрянкасы (nitraria schoberi) тұқымдарының егістік сапасы жіті зерттелді. Жүзгін дегеніміз – жіңішке, жапырағы сирек бұта тәрізді өсімдік. Ол құмды топыраққа және аптап ыстыққа төзімді келеді де, көшпелі құмдарды тоқтатуда және шөлейттенумен күресте таптырмас құрал саналады. Ал шобер селитрянкасы – нитрарийлер тұқымдасына жататын, сортаң жерлерде өсетін, етжең жапырақты, ұсақ жемісі бар бұта. Оның тұзға және қуаңшылыққа төзімділігі өте жоғары, сондықтан бүлінген жерлерді көгалдандыруда кеңінен пайдаланылады.
Былтыр жаз-күз айларында осы өсімдіктердің физиологиялық тұрғыдан толық пісіп-жетілген тұқымдары жиналып, зертханалық талдаудан өтті. Нәтиже көңіл қуантарлықтай: жүзгін тұқымдарының 71 пайызы үшінші сапа класына сәйкес келетіні анықталса, шобер селитрянкасы алдын ала суландырудан кейін 40 пайызға дейін өнгіштік көрсеткен. Бұл көрсеткіштер қатал табиғат жағдайында жергілікті флора өкілдерінің тіршілік әлеуеті зор екенін айғақтайды.
Топырақ құрамы мен табиғи ерекшеліктеріне қарай ғалымдар Арал теңізінің құрғаған табанынан орман өсіруге жарамдылық деңгейі әртүрлі үш тәжірибе алаңын белгіледі. Вегетациялық кезең бойы бұл аумақтарда топырақ ылғалдылығына тұрақты мониторинг жүргізіліп, өсімдіктерді тиімді өсіруге бағытталған бірқатар агротехникалық шаралар қолданылды. Атап айтқанда, тұқым себу барысында ылғал сақтағыш гидрогельдер және өсімдіктің өсуін ынталандыратын «эпин-экстра» биостимуляторлары пайдаланылды. Бұл құрғақшылық аймақта ылғалды үнемдеуге және тамыр жүйесінің қарқынды дамуына септігін тигізетін маңызды қадам болды.
Осы орайда, біз ҚазОШҒЗИ облыстық филиалының директоры, ауыл шаруашылығы ғылымдарының кандидаты, қауымдастырылған профессор Самалбек Қосановпен тілдесіп, атқарылып жатқан жұмыстардың жай-жапсарын сұраған едік.
– Өткен жылдары Аралдың құрғаған табанын көгалдандыру жұмыстары негізінен орман шаруашылығы мекемелерінің еншісінде болып келді. Алайда ғылым мен тәжірибе арасындағы байланыстың әлсіздігі көп жағдайда нәтиженің төмен болуына әкеп соқтырды. Мәселен, бұрынғы жылдары сексеуілдің жерсіну көрсеткіші небәрі 30 пайыздың маңайында ғана болды, ал екпелердің тығыздығы өте сирек еді, – дейді С.Қосанов. – Қызылордада институт филиалының ашылуымен бұл бағыттағы жұмыс жүйелі ғылыми арнаға түсті. Біздің басты мақсатымыз – сексеуілдің және сарсазан, қарабарақ, анабазис, рихтер сораңы секілді басқа да тұзға төзімді өсімдіктердің өнімділігін кешенді зерттеу, сондай-ақ ғылыми негізделген технологияларды өндіріске енгізу.
Ғалымның айтуынша, зерттеулер өсімдіктер биологиясы және биотехнологиясы институты сынды жетекші ғылыми ұйымдармен тығыз байланыста жүргізілуде. Әртүрлі топырақ қоспаларымен, өсу стимуляторларымен, тұқымды себу алдындағы өңдеу әдістерімен тәжірибелер жасалып, жыл бойы тәжірибе алаңдарында өскіндердің шығымдылығы мен даму қарқыны бақылауда болады.
Маман миллиондаған гектар аумақты көгалдандыруда ғылыми көзқарасты қатаң сақтаудың маңызы зор екенін ерекше атап өтті. Тұқымды дұрыс іріктеу, өсімдіктердің биологиялық ерекшеліктерін ескеру және технологияларды өзгермелі климат жағдайларына бейімдеу – табыстың кепілі.
– Саланы жаңғырту аясында инновациялық шешімдер де енгізілуде. Мәселен, тұқымдарды дрондар арқылы себу және өнгіштікті арттыратын «seed balls» (тұқым түйіршіктері) технологиясы сынақтан өткізілуде, – дейді филиал директоры. – Сонымен қатар, зиянкестермен күресте феромонды тұтқыштарды қолдану секілді заманауи әдістер енгізілуде. Бүгінгі таңда екпелердің орташа жерсіну көрсеткіші шамамен 30 пайызды құрап отыр. Біздің басты міндетіміз – осы көрсеткішті кем дегенде 60 пайызға дейін жеткізу. Ол үшін жаңа технологиялық әдістерді іздестірумен қатар, халықаралық серіктестермен ынтымақтастықты дамыту қолға алынды. Осы тұрғыда Green University компаниясымен бірлескен жобалар бар.
Дегенмен, ғылым жолындағы күрмеуі көп мәселелердің бірі – қаржы тапшылығы. Заманауи технологияларды енгізу, іргелі зерттеулер жүргізу және жобаларды ауқымдандыру айтарлықтай ресурсты қажет етеді. Филиал өз жұмысында халықаралық озық тәжірибеге, әсіресе Қытайдың «Экология арқылы экономика» моделіне сүйенеді.
– Бұл модельдің мәні мынада: инвесторлар экологиялық жобаларға, айталық, орман отырғызуға немесе бүлінген жерлерді қалпына келтіруге қаражат салады. Нәтижесінде мұндай бастамалар атмосфераға бөлінетін көмірқышқыл газының мөлшерін азайтуға көмектеседі. Арнайы есептеу жүйесі белгілі бір учаскеде нақты уақыт аралығында қанша шығарынды қысқартуға қол жеткізілгенін анықтайды. Бұл көрсеткіштер көміртегі бірліктеріне (немесе кредиттеріне) айналдырылып, оларды сатуға немесе экономикада пайдалануға болады. Осылайша, инвесторлар уақыт өте келе салған қаржысын қайтарып қана қоймай, пайда да табады, ал табиғат бұл үрдістен ұтады, – деп түсіндірді С. Қосанов.
Бұл тетік біздің еліміз үшін де Аралды құтқару ісіне жеке капитал тартудың тың жолы болмақ. Алайда ғалымдардың пікірінше, экологиялық ахуалды тұрақтандыруда халық арасында түсіндіру жұмыстарын жүргізудің маңызы одан кем емес. Өңір экожүйесін қалпына келтіруде тұрақты нәтижеге қол жеткізу үшін қоғамның қолдауы мен ғылымға негізделген ұстаным ауадай қажет.
Аралдың қайта түлеуі – бұл ұзақ жылдарға созылатын, үлкен төзімділік пен жүйелі еңбекті талап ететін күрделі процесс. Дегенмен, қазақ даласында «көз қорқақ, қол батыр» демекші, ғылым мен тәжірибені ұштастырған кешенді көзқарас арқылы бұл асқаралы мақсаттың да жүзеге асатынына сенім мол. Құрғаған теңіз түбінде көк өскіннің шығуы – тек табиғаттың ғана емес, ұлт рухының да қайта түлеуінің жаршысындай.
Бағлан АМАНЖОЛ,
«Сыр бойы»





