Егіндік жайы екшелді

3

0

Облыс әкімі Мұрат Ергешбаев Аризона (АҚШ) геномика институтының директоры, профессор Род Вингпен кездесті. Кездесуге Парламент Мәжілісінің депутаты Мұрат Әбенов, Қазақстанның Еңбек Ері Абзал Ералиев, М.Қозыбаев атындағы Солтүстік Қазақстан университеті Басқарма төрағасы – ректор Ербол Исакаев қатысты.

Басқосуда аграрлық геномиканы дамыту және күріш шаруашылығына заманауи геномдық технологияларды енгізу мәселелері талқыланды.

– Қазір облыста ауыл шаруашылығы құрылымдарын жоғары репродукциялы күріш тұқымымен қамтамасыз ететін, аттестатталған 5 тұқым шаруашылығы жұмыс істейді.

Аймақта егілетін күріш дақылының 2,7 пайызы ғана – отандық, қалған 97,3 пайызы – шетелдік сорт­тар. Күріш селекциясын дамыту, Ресей, Қытай, Иран, Өзбекстан, Вьетнам, Түркиядан жаңа сорт­тарды жерсіндіру бағытында сынақ тәжірибелері жүргізілді. Ы.Жақаев атындағы Қазақ күріш шаруа­шылығы ғылыми-зерттеу институты ғалымдары­ның «Сыр сұлуы», «Айсара» сорттары мемлекеттік сорт сынағынан өтуде. Тұқым шаруашылығын дамытуға мемлекет жыл сайын субсидия береді. Құрғақшылық пен топырақ тұздылығына бейім­делген дақыл­дардың, вегетациялық мерзімі қысқа сорттардың егін көлемін ұлғайту баста назарда.

Жұмыс сапарыңызға сәттілік тілеймін. Күріш селекциясын дамыту жолындағы еңбегіңіз әрдайым нәтижелі болсын, – деді облыс әкімі.

Профессор былтырдан бері Kozybayev University жанындағы Агрокомпетенция орталығымен бірлесіп жұмыс жүргізіп келеді. Қазіргі уақытта тараптар Қызылорда облысындағы күріш шаруашылығына геномдық технологияларды енгізу бағытында ынтымақтастықты дамытуда.

Сапар барысында профессордың Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетінің ғылыми-зерттеу әлеуетімен және заманауи зертханалар жұмысымен танысу бұдан бөлек, «Абзал и К» ЖШС күріш өңдеу зауытына, Нағи Ілиясов ауылына және «Мағжан и К» серіктестігінің егін алқаптарына баруы жоспарланған.

Айта кету керек, өңірде 270 мың гектар суармалы жер бар. Оның 179 мың гектарға жуығы – алты массивте орналасқан, инженерлік жүйеге келтірілген ауыспалы егін алқаптары. Жыл сайын вегетациялық кезеңге 3,2-3,6 млрд текше метр көлемінде су лимиті бекітіледі. Осы лимитке сәйкес 185-190 мың гектар жерге ауыл шаруашылығы дақылдары егіледі. Күріш жыл сайын 85-90 мың гектар алқапқа себіліп келген. Алайда кейінгі жылдары су тапшылығына байланысты күріш егінінің көлемін 70 мың гектарға дейін қысқарту жоспарлануда. Өңірде респуб­ликадағы жалпы күріш көлемінің 90 пайызы өндіріліп, өнімнің 35-40 пайызы экспортқа шығарылады.