Қызылордада Президент қолдауымен «Ai-kerim» оқу-сауықтыру орталығы ашылды. Балаларды қуанышқа бөлейтін ғимарат Президент саябағы аумағында орын тепкен. Құрылысқа 10 млрд теңге жұмсалған нысанның ашылу рәсіміне облыс әкімі Мұрат Ергешбаев қатысты. Сонымен қатар, Сенат және Мәжіліс депутаттары Руслан Рүстемов, Мұрат Әбенов, Мархабат Жайымбетов, мәслихат депутаттары, зиялы қауым мен ел ағалары жұртшылықпен бірге қуанышты бөлісті.
Оқушылар демалысын тиімді ұйымдастыруда үлесі көп ғимарат құрылысы былтыр қыркүйекте басталған еді. Рәсімде облыс әкімі жаңа орталық жас ұрпақтың жан-жақты дамуына, демалысына және бос уақытын тиімді өткізуіне мүмкіндік беретін маңызды жоба екенін баса айтты.
– Бүгін Президент саябағы аумағында Мемлекет басшысының қолдауымен жыл бойы үздіксіз қызмет көрсететін оқу-сауықтыру орталығын ашып отырмыз. 10 млрд теңгеге салынған жаңа нысанның материалдық-техникалық базасы әлемдік озық стандарттарға толық сәйкес келеді. 300 орындық орталық аумағында 5 мың шаршы метрге жуық әкімшілік ғимарат, ауқымды іс-шараларға арналған ивент-аймақ, 4 жайлы жатақхана және қонақүй үлгісіндегі ғимарат бар. Сонымен қатар, балалардың демалысын тиімді ұйымдастыру үшін барлық қажетті инфрақұрылым мен заманауи жабдықтар орнатылып, демалыс аймақтары жасақталған. Алдағы уақытта 17 мыңнан астам шаршы метр аумағы толық абаттандырылып, көгалдандырылады. Халықаралық Балаларды қорғау күні қарсаңында ашылып отырған бұл орталық – Мемлекет басшысының қолдауымен жас ұрпаққа жасалған тамаша тарту, – деді Мұрат Нәлқожаұлы.
Бүгінде өңірде 180 мыңға жуық оқушы бар. Ал аймақта 7 лагерь жұмыс істейді. Оқушылардың жазғы демалысын қызықты әрі пайдалы өткізуге кешенді жұмыс жоспарланған. Биыл 170 мыңнан астам жеткіншек тынығу лагерінде, 150 мыңға жуығы мектеп жанындағы лагерьде демалады.
Орталықтың ашылуында Мұрат Әбенов, Руслан Рүстемов, мемлекет және қоғам қайраткері Мұрат Бақтиярұлы сөз сөйледі. Сондай-ақ білім беру саласының дамуына елеулі үлес қосқан ұстаздар, жаңа нысан құрылысын мерзімінде аяқтаған мердігер мекеме қызметкерлері облыс әкімінің Алғыс хатымен марапатталды.
Жаңадан ашылған «Ai-kerim» оқу-сауықтыру орталығының аумағы 6 гектардан асады. Аймақ басшысы айтып өткендей, демалушыларға керектінің (жатақханалар, әкімшілік ғимарат, спорт кешендері мен киіз үйлер, іс-шаралар өтетін ивент-орталық, амфитеатр және басқа да демалыс орындары) барлығы дайын тұр.
– Орталық жыл бойы жұмыс істейді. Мұнда 1 мен 10 сыныпта оқитын балалардың толық демалуына, спорттың бірнеше түрімен айналысуға мүмкіндігі көп. Олимпидалық стандартқа сай бассейн де дайын. Екіншіден, лагерьде зертханалық кабинеттер, ғарыштық инженерия, робототехника сабақтарын өткізетін бөлмелер салынды. Біздің құрылыс компаниясы бұған дейінде лагерь салдық. Бірақ дәл осы Қызылорда қаласындағыдай ерекшелік кездеспеді. Өйткені, бұл лагерь тек демалу аймағы емес, осында балалардың ғылыми қызығушылығын оятатын білім берілмек. Оған қажетті заттар Еуропа елдерінен келді. Сондай-ақ балалардың жатын бөлмелері керекті жабдықпен түгел қамтылған. Әжетхана, жуыну бөлмесі, желдеткіш, бәрі түгелімен тұр, – дейді жоба жетекшісінің орынбасары Еламан Тұрсын.
Оқырманға белгілі, аймақта қайта жаңғыртуды қажет еткен нысанның бірі Президент саябағы еді. Үлкен жобаның Ұлыстың ұлы күні қарсаңында салтанатты түрде ашылғаны мәлім. Қазір мұнда заманауи субұрқақтар, амфитеатр, спорт, ойын, би, шахмат, баскетбол, футбол алаңдары, биіктігі 50 метрлік айналмалы шолу дөңгелегі, велосипед және жүгіру жолақтары, санитарлық пункттер орнатты. Сондай-ақ 31 гектарға 2 мыңнан астам ағаш, 53 мыңнан астам сәндік бұта және 17 түрлі көпжылдық гүл егілді. Мұнан бөлек, тұрғындардың қауіпсіздігіне қатысты түнгі жарықтандыру шамдары мен бейнебақылау камералары бар.
Ең жақсысы, саябақ аумағын тиімді пайдалану мақсатында бірқатар ірі жоба қолға алынды. Қазір бұл маңда Ботаникалық білім беру орталығы, қонақүйлер, тоғыз қабатты 15 баспана тұрғызу жұмысы қарқынды жүріп жатыр. Сонымен қатар, 200 төсектік жаңа перинаталдық орталық пен көлемі 5,5 гектар жерге Мемлекет басшысы тапсырмасымен жаңа драма театр және заманауи Президенттік кітапхананың құрылысы да басталып кетті. Оқу-сауықтыру орталығы – іске қосылған алғашқы нысан.
Орталықтан бөлек, осындағы заманауи Ботаникалық бақ жайлы айта кетсек. Қазір 2,41 гектар жерді алып жатқан құрылыстың 80 пайыздан астамы аяқталған.
– Бұл жобаның басты мақсаты – табиғат пен ғылымды біріктіре отырып, тұрғындар үшін білім беру, демалу және экологиялық мәдениетті қалыптастыруға арналған көпфункционалды кеңістік құру. Қазақстанда мұндай бақ көп емес. Астана және Алматыда бар, үшінші жоба осы Сыр елінде қолға алынған. Ал үлкендігі жағынан осы бақ алдыңғы орында. Ғимарат үш блоктан тұрады. Оның екеуі жылыжай, біреуінде субтропикалық, енді бірінде тропикалық өсімдіктер өсіріледі. Үшінші блок әкімшілік болып саналады. Өсімдіктерге қажет климаттық жүйе, ылғалды сақтау, жарық беру, суару жұмыстары бойынша қатаң талаптар да сақталмақ. Бұған да арнайы мамандар тартылады, – дейді жоба инженері Алмат Айдарханов.
Қажетті, яғни жатжерлік өсімдіктерге арналған арнайы топырақ шетелден келеді. Сондай-ақ бүгінде Ботаникалық бақта өсірілетін өсімдік көшеттері Оңтүстік Африка, Оңтүстік және Орталық Америка, Қытай, Жапония, Мадагаскар елдерінен Алматы қаласына үш ай бұрын жеткізілген. Қазір арнайы питомникте жергілікті климатқа бейімделуде. Жалпы құны 4,9 млрд теңге болатын нысанның құрылысын алдағы маусым айында толық аяқтау жоспарланған.
Айта кетейік, кейінгі жылдары Сыр елінде Мемлекет басшысы және Үкімет қолдауымен 200-ге жуық әлеуметтік нысан салынды. Бір ғана білім беру саласында 43 нысан пайдалануға берілді. Олардың қатарында Президент бастамасымен қолға алынған «Келешек мектептері» ұлттық жобасы аясындағы 10 мектеп, физика-математика бағытындағы «Білім-инновация» лицей-интернаты, музыкалық колледждің жаңа оқу ғимараты мен жатақханасы, «Оқушылар сарайы» және «Сыр жұлдыздары» академиясы бар. Бұған қосымша Жалағаш, Жаңақорған және Шиелі аудандарындағы «Оқушылар үйі» мен «Өнер мектебі» жас жеткіншектердің шығармашылық және зияткерлік әлеуетін дамытуға қызмет етіп келеді.
Ержан ҚОЖАС,
«Сыр бойы»





