Ел бірлігі – ең басты күш

2

0

Облыс әкімі Мұрат Ергешбаев, ҚР Парламенті Сенатының депутаты Руслан Рүстемов, облыстық мәслихат төрағасы Мұрат Тлеумбетовпен бірге Шиелі ауданына жұмыс сапарымен барды.

Аймақ басшысының сапары қайта жаңғыртудан өткен Оқшы ата кесенесін аралаудан басталды. Оқшы ата кесенесі – Шиелі ауданының Жөлек ауылынан 7 ша­қырым қашықта орналасқан, IX-X ғасырда салынған көне архитектуралық ескерт­кіштердің бірі. Облыс әкімі тарихи нысанда жүргізілген қайта қалпына келтіру жұмыс­тарымен танысып, аумағын абаттандыру бойынша бірқатар тапсырма берді.

Одан кейін Алғабас ауылындағы «Жер-Жомарт Д» шаруа қожалығының егістік алқабына барды. 2014 жылы құрылған шаруашылық негізінен күріш және бау-бақша өнімдерін өсіруге басымдық береді.

Биыл шаруалар 1256 гектар жерге егін екті. Оның 214 гектары – күріш, 175 гектары – бау-бақша, 80 гектары – жоңышқа, 17 адам тұрақты жұ­мыспен қамтылған. Аймақ басшысы егін алқабында шаруалармен аграрлық саланы дамыту бағытында ат­қарылатын жұмыстар туралы пікір алмасты.

Ал тұрғындармен кездесу Шиелі кентіндегі «Руха­ният орталығында» өтті. Онда ауданның әлеуметтік-экономикалық даму барысы, елді ме­кен­дердің инфра­құрылымын жетілдірудегі мәсе­лелер талқыланды.

Мұрат Нәлқожаұлы елдің бірлігі мен тұрақ­тылығын нығайтуда жұртшылықтың, ел аға­ларының ақыл-кеңесі мен ұсыныс-пікірлері маңызды екенін атап өтті. Басқосуға жиналған көпшілік қолға алынған бастамалардың, алдағы жоспарлардың жемісті болуына тілек білдірді.

Жұмыс сапарында аймақ басшысы 836 млн теңгеге күрделі жөндеуден өткен Шиелі теміржол вокзалында болды. Ғасырдан астам тарихы бар вокзалдан тәулігіне 200-ге дейін жолаушы сапарға шығады. Ғимараттың жалпы ауданы – 637 шаршы метр, бүгінде ауданның сәулетті нысандарының біріне айналды.

Облыс әкімі жұмыс сапарының қоры­тындысында жауапты сала жетекшілеріне кент және елді мекендерді дамыту бағытында нақты тапсырма берді.