Сырдың көрмесі Маңғыстауда

1521

0

Облыстық тарихи-өлкетану музейі ынтымақтастық байланыстар аясында Ақтау қаласында музей қорындағы зергерлік бұйымдар коллекциясынан «Сыр өңірінің зергерлік өнері» атты этнографиялық көрме ұйымдастырды.

Ұлттық мәдениет тарихынан ерекше орын алатын қазақ қолөнерінің бір түрі – зергерлік өнер. Көрмеге сақ дәуірінен мәлімет беретін Шірік-Рабат мәдениетіне жататын Бәбіш-Мола қалашығынан табылған алтын әшекейлер, ортағасырлық Сығанақ қалашығынан табылған Алтын Орда дәуірімен мерзімделетін алтын әшекей бұйымдар, ХІХ ғасырдың аяғы және ХХ ғасырдың басымен мерзімделетін Сыр бойында пайдаланылған күміс зергерлік бұйымдар қойылды.

Қазақ ұлтының зергерлік өнері, ою-өрнегі – ғасырлар қолтаңбасы, ата-бабалар тіршілігінің куәгері, солардан қалған өшпес мирас, өлмес мұрасы. Сыр бойы халқының өнер қазаны ешқашан ортайған емес. Ерекше қасиет дарыған зерделі зергерлер көп болған. Көрмеге елге белгілі сырдариялық зергер Мизам Төлегеновтің, Арал топырағынан шыққан атақты зергер Құдайберген Құлманбетовтің, шиелілік зергер-ұста Бекзат Жақыповтың туындылары және ел ішінен жинақталған зергерлік бұйымдар орналастырылды. Сыр бойындағы халық шеберлерінің өнерін насихаттау, көркем қолөнер бұйымдарын қазіргі заманға сай қолдана білу, халқымыздың бай, өзіндік ерекшелігі бар мұраларымен таныстыру  қасиетті міндет болып отыр.

Музей қорында екі мыңнан аса зергерлік бұйым сақталуда. Этнографиялық көрме жасалу техникасында өзіндік ерекшелігі бар бұйымдарды, той-думандарда тағынған салтанатты әшекейлерді, күнделікті тұрмыста қолданған зергерлік бұйымдарды қамтыды.

Бұйымдарға алтын, күміс, асыл ақық,  көгілдір ақық, маржан, інжу, шыны пайдаланылған. Қаралау, шекіме, сымкәптеу, безеу, нүктелеу технологиялары қолданылған.

Әбіш Кекілбайұлы атындағы Маңғыстау облыстық тарихи-өлкетану музейінде өткен этнографиялық көрменің ашылу салтанатына Маңғыстау облыстық мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасы басшысының орынбасары Гүлзайда Төлеуғалиева, белгілі өлкетанушы, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі Отыншы Көшбайұлы, елге белгілі қолөнер шебері, ақтаулық зергер Сағидолла Оразов қатысты. Маңғыстау облыстық музейі атынан Қызылорда облыстық музейіне Ә.Кекілбайұлының 12 томдық жинағы сыйға берілді.

«Сб» ақпарат

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<