Т.Жүргенов – 125: Түркі елдерінде тойланады

1804

0

Алдағы 2023 жылы көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері, қазақ руханиятының дамуына зор үлес қосқан ұлтжанды тұлға, Сыр елінің тумасы Темірбек Жүргеновтің 125 жылдығы бауырлас түркі елдерінде кең көлемде тойланады. Осы орайда Қазақстанның халықаралық ТҮРКСОЙ ұйымындағы өкілі, жерлесіміз Бақытжан Омармен хабарласқан едік.

«Түркияның Бурса қаласында халықаралық ТҮРКСОЙ ұйымына мүше елдердің мәдениет министрлерінің кезектен тыс 39 жиыны өтіп, онда келесі 2023 жылды түркі әлемінде «Темірбек Жүргенов жылы» деп жариялау туралы шешім қабылданды. Себебі, Т.Жүргенов – түркі әлеміне белгілі тұлға. Бұл жыл аясында қандай шаралар атқарылады? Қаңтар айынан бастап халықаралық конференциялар, Т.Жүргеновтің кітаптары, еңбектері түркі әлемінің бірнеше тіліне аударылады. Бірнеше елде үлкен ғалымдардың қатысуымен жиындар өтеді.

Сондай-ақ, Т.Жүргенов туралы деректі фильм түсіріледі. Оны дайындап, Түркияның мемлекеттік телерадиокорпорациясына қарасты «Trt-Avaz» телеарнасында көрсету жоспарда бар. Себебі, бұл телеарна бүкіл түркі әлемінің кабельдік желісінде көрсетіледі. Оны қазақ тілінен бөлек түркі тіліне аударуды да жоспарлап отырмыз. Сондай-ақ, келесі жылы кино және театр актрисасы, Қазақ КСР-нің Халық артисі Бикен Римова мен қазақ әдебиетінің дамуына ерекше үлес қосқан көрнекті ақын, Қазақстанның халық жазушысы Мұзафар Әлімбаевтің 100 жылдық мерейтойлары түркі әлемінде тойланады» – дейді ол.

«СБ» ақпарат

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<