Тәуелсіздік − басты құндылығымыз

613

0

         «Тарих тұрғысынан алғанда, отыз жыл – көзді ашып жұмғандай қас-қағым сәт. Дегенмен, бұл көптеген халықтар үшін қиындығы мен қуанышы, дағдарысы мен дамуы алмасқан тұтас дәуір деуге болады. Біз де осындай жолдан өтіп келеміз.. Тәуелсіздіктің отыз жылын шартты түрде үш онжылдық белеске бөліп қарастыруға болады. Оның әрқайсысы атқарған миссиясы тұрғысынан ғасырдың жүгін арқалап тұр.  Мен азаттықтың алғашқы онжылдығын жаңа Қазақстанның іргетасын қалау кезеңі деп атар едім», − деді Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Тәуелсіздіктің 30 жылдығына арналған «Тәуелсіздік бәрінен қымбат» атты мақаласында.  

Ел тәуелсіздігі мен Елбасының есімі қатар аталуы орынды. Себебі осы отыз жылда Елбасының басшылығымен мемлекетіміздің нышандары белгіленіп, билік жүйесі қалыптасты. Төл теңгеміз айналымға енді. Қырағы да, қайсар қарулы күштеріміз құрылды. Әрбір азаматтың құқықтық қорғаны Ата заңымыз қабылданды. Тұғыш Президенттің салиқалы саясатының арқасында шет мемлекеттермен дипломатиялық қатынас орнады. Мемлекетіміздің беделді халықаралық ұйымдарға мүше болуы да көптеген жетістіктерге қол жеткізуімізге ықпал етті.

         Тәуелсіз еліміздің басты бағдарына айналған «Қазақстан – 2030» стратегиясы өз жемісін берді. Шығыстағы көршімізбен шекарамызды бекітіп, шекара жөніндегі келіссөздер қарқынды жүрді. Азабын адамзатқа төндірген ел аумағы ядролық қарудан толық тазарды. Басты тарихи оқиға Елордамызды Арқа төсіне көшірдік. Жас мемлекетіміздің нарықтық экономикаға өтіп, отандық бизнес қарқын алды. Оқимын деген жасқа жол ашылып, жастар әлемнің маңдайалды оқу орындарында білім алуда. Түрлі дағдарыстардан құтқарған Ұлттық қорымыз бар. Дүние жүзіндегі қандастарымызды жинап, Ұлы көшке жол аштық. Ел еңсесі тіктеліп, ұлттық рухымыз көтерілуде.

− Тәуелсіздік құндылығы жадына біржола шегеленіп, мәңгі сақталуы үшін өскелең ұрпақ оның қадірін білуі керек.  Бостандық бізге оңайлықпен келген жоқ. Ата-бабаларымыз азаттық жолында арпалысты. Талай зұлмат замандар мен нәубеттерді бастан өткерді. Осының бәрі халықтың есінде сақталып, ұрпақтан ұрпаққа берілуге тиіс, − деді Президент.

Тұңғыш Президент күні мен Тәуелсіздігіміздің отыз жылдық белесі үлкен қуаныш. Қазақстанның жарқын болашағын жақтайтын ілкімді істеріне барлығымыз белсенді қатысуымыз қажет. Ел болашағы жолында жалынды еңбек ету айқын мақсатымыз.

Гүлжан АЛТЫБАЕВА,

Жаңақорған аграрлы-техникалық колледжінің заңгері

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<