Тамыздың үшінші жексенбісі – Спорт күні

650

0

Жыл сайын тамыздың үшінші жексенбісінде Қазақстанда Дене шынықтыру мамандарының кәсіби мерекесі – Спорт күні аталып өтеді. Биыл бұл дата 20 тамызға сәйкес келіп отыр, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Бұл салаға елімізде айрықша мән беріледі, спортшыларымыз түрлі халықаралық жарыстар мен Олимпиадаларға белсенді қатысады. Үкіметтің 2023 жылғы 28 наурыздағы қаулысымен Қазақстан Республикасының дене шынықтыру мен спортты дамытудың 2023 – 2029 жылдарға арналған тұжырымдамасы бекітілген.

2023 жылдың басынан ресми халықаралық турнирлерде қазақстандық спортшылар 586 медаль жеңіп алды. Соның ішінде Олимпиадалық спорт түрлері бойынша қазақстандық спортшылар 373 жүлдеге қол жеткізді, атап айтқанда, 121 – алтын, 111 – күміс және 141 – қола медаль.

Олимпиадалық емес спорт түрлерінен 118 медаль түсті. Оның ішінде 53 – алтын, 38 – күміс, 27 – қола медаль. Ал 95 жүлдені отандық параспортшылар жеңіп алды. Паралимпиадалық спорт түрлері бойынша ҚР құрамасының қоржыны 33 алтын, 33 күміс және 27 қола медальмен толықты.

«Біздің спортшылар ел аумағында және шет мемлекеттерде өтетін халықаралық жарыстарда еліміздің атынан лайықты өнер көрсетіп келеді. Осы ретте, бокстан құрама команданың Ташкентте өткен әлем чемпионатында 4 алтын және 1 күміс медаль жеңіп алып, жалпыкомандалық есепте 2-орынға ие болғанын атап өткен жөн. Сондай-ақ Италияда өткен әлем чемпионатында семсерлесуші Руслан Құрбанов Қазақстан тарихында бірінші болып қола медаль иеленді. Сонымен қатар каратэден Азия чемпионатында жалпыкомандалық бірінші орынды, мергендеріміздің рейтингтік әлем кубогының медальдық есебіндегі бірінші орнын үлкен мақтанышпен атап өтуге болады», – дейді ҚР МСМ Спорт және дене шынықтыру істері комитетінің төрағасы Ербол Мырзабосынов.

Сонымен бірге, Спорт күніне орай Мәдениет және спорт министрі Асхат Оралов қазақстандық спорттың дамуына үлес қосқан 250 адамды марапаттады.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<