Теннис үстеліндегі тартыс

694

0

Әйтеке би спорт кешенінде Қазалы ауданының құрметті азаматы, Қазақстан Республикасының Құрметті жолшысы, «Автожол үздігі» Ботабай Рыстығұловты еске алуға арналған үстел теннисінен ашық турнир өтті.

Турнирдің ашылу салтанатында аудан әкімі Мұхтар Оразбаев құттықтау сөз сөйлеп, жарысқа қатысушыларға сәттілік тіледі.

– Бүгінгі аудандық турнир Қазалының өсіп-өркендеуіне елеулі үлес қосқан ардақты азаматтың өнегелі өмір жолдарын ұлықтауға, бұқаралық спортты дамытуға мол мүмкіндік береді деп ойлаймын.

Ботабай Рыстығұловты аудан тұрғындары темірдей тәртіпті талап ететін теміржол саласында басшылық қызмет атқарған азамат ретінде жақсы таниды. Сондай-ақ, ол аудандық партия, Кеңес органдарында, поселкелік және қалалық кеңес атқару комитеттерін басқарып, жемісті еңбек етті. Зейнет демалысқа шыққан соң да туған жердің жанашыры ретінде аудандағы әрбір істің басы-қасынан табылып, ауданымыздың әлеуметтік-экономикалық дамуына  үлес қосты, – деді аудан әкімі.

Мұнан соң қоғам қайраткері, «РЗА» АҚ президенті Самұрат Имандосов, ҚР спорт қайраткері, спорт шебері, еңбек сіңірген жаттықтырушы Зинедин Байымбетов құттықтау сөз сөйлеп, Ботабай Рыстығұловтың өнегелі өмір жолы туралы айтып берді.

Қызылорда мен Байқоңыр қалалары, Жаңақорған, Сырдария, Жалағаш, Қармақшы, Арал аудандарынан келген 14 команда қатысқан жарыста жүлделі бірінші орын Қызылорда қаласының командасына, екінші орын Байқоңыр, жүлделі үшінші орын Қазалы ауданының командасына бұйырды.

– Әкеміздің атындағы турнир өткен жылдан бастау алған. Ол тұста карантин болғандықтан кең көлемде өткізуге мүмкіндік болмады. Осы ретте жергілікті әкімдіктің, «AMANAT» партиясының да қолдауын айта кеткеніміз жөн. Жалпы алдағы уақытта да аталған турнирді жыл сайын дәстүрлі түрде өткізсек деген жоспарымыз бар.

Барша қатысушылар мен ұйымдастыру жұмыстарына үлес қосқан азаматтарға алғыс білдіремін, – дейді Нұркен Ботабайұлы.

Жарыс жүлдегерлері мен жеңімпаздарына Б.Рыстығұловтың отбасы дайындаған қаржылай сыйлықтар мен медаль, кубоктар табыс етілді.

Жұмабек ТАБЫНБАЕВ,

«Сыр бойы»

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<