Төмен баға – тұтынушыларға

640

0

Кеше Шиелі ауданының орталығында әлеуметтік маңызы бар азық-түлік өнімдерінің жәрмеңкесі өтті. Онда «Байқоңыр» ӘКК» АҚ (өңірлік тұрақтандыру қоры) тарапы мен аудан кәсіпкерлері бірлесе 15 тоннадан астам өнімді нарық бағасынан төмен бағада ұсынды.

Мәселен, бір тоннадан астам ақ күріш, бір тонна картоп, бес тонна бірінші сортты ұн жәрмеңкеге әкелінген. Сондай-ақ сөрелерде қарақұмық жармасы, қант, күнбағыс майы, жұмыртқа, ет пен балық және шұжық өнімдері де бар. Жергілікті кәсіпкерлердің өнімі, атап айтсақ, 400  литр шұбат, бұған қоса ауылдық округтерден бір тоннадан астам қызанақ пен қияр, қауын түрлері нарыққа шықты.

– Өнімдер нарық бағасынан 20 процент төмен бағада сатылуда. Мысалы, қант 444 теңге болса, күріштің келісі 175, құрақұмық жармасы 514, күнбағыс майының бір литрі 630 теңгеден беріліп жатыр. Дүкендерде 35-37 теңгеден тұрған жұмыртқа 29 теңгеден сатылуда.

Еттің келісі 1700 теңгеден, балықтың әр түріне қарай келісі 500 және 1200 теңге аралығында. Шиелінің өзінен шығатын шұжық өнімдері 1500 теңгеден басталса, бірінші сорт ұнның келісі 135, картоп бағасы 130 теңгеден қойылды, – дейді «Байқоңыр» ӘКК» АҚ тұрақтандыру қорының жұмысы жөніндегі басқарманың жетекші менеджері Жәнібек Қойшығұлов.

Жәрмеңкеге жергілікті тұрғындар көп жиналды. Арзан бағада болған соң халықтың келуі де заңдылық.

– Дүкендерде тұрған қанттың бағасы 750-800 теңге. Мұнда оны жарты бағасына алып отырмыз. Әр тұрғынға бес келіден беріп жатыр. Жұмыртқа да, ет те базардағыдан арзан. Ұйымдастырушыларға алғысым шексіз. Біздей қарттардан бір ұсыныс – мұндай жәрмеңкелерді аптасына болмаса да, айына екі рет өткізіп тұрса, қуанар едік, – дейді зейнеткер Наушарбан Мейрамбаева.

Айта кетейік, Шиелі кентіндегі И.Құтпанұлы атындағы орталық стадионда өткен жәрмеңкеде барлығы 19 түрлі ауыл шаруашылығы өнімдері сатылды.

Ержан ҚОЖАС,

«Сыр бойы»

Шиелі ауданы

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<