Төркіндеп келдім, төріңе шығар

637

0

Төркіндеп келген қыздың орны – әрине, төрде. Ауылдан өзге жерге ұзатылған қыздың өз жұртына арнайы қыдырып келуі – халқымыздың ел мен елді, жұрт пен жұртты жақындастыратын ерекше мәнге ие дәстүрінің бірі. Мұндайда жатжұрттық болған қыз  күйеуін ертіп желкілдеп, жетіп келе салмайды, бауырынан өрген баласын, жора-жолдасын, жақын ағайындарын ертіп, сый-сияпатын алып, жарасып келеді.

Сонау алпысыншы, жетпісінші жылдары қайта жаңғырған «Төркіндеу» дәстүрінің шет жағасын өзіміз де көрдік. Кейіннен телефон байланысы, басқа да қарым-қатынас жолы молайғандықтан  осы дәстүрге оншалықты мән берілмей келе жатқаны да жасырын емес. «Төркіндеп келген қыздарымызды төрге шығарып, мәре-сәре болдық», деген атақты атбегі Орынбай аға Ахметовтің хабарына елеңдеп қалғанымыз да сондықтан еді.

Шиелі ауданының Алғабас ауылындағы мәдениет үйінде «Төркіндеп келдім, төріңе шығар» атты өнегелі шараны әлеуметтік желі арқылы  және басқа да хабарламадан құлақтанған ауыл тұрғындары асыға күтті. Төркіндеп келе жатқан көрші Жиделіарық ауылындағы Қалкөзовтер әулетіндегі 33 немере, 1 шөбере сүйіп отырған Бибайша Ысқақова. Көрші Жаңақорған ауданынан Жантелеевтер әулетіндегі қадірлі әпке Гаухар Бекмырзаева – 17  немере   сүйіп отырған ардақты ана. Сол аудандағы Сапарбаевтар әулетінің келіні Мәдина Камалқызы  да – 11  немере сүйіп бауырына басып отырған қадірлі  әже.

Олар туған ауылға жарларымен бірге, немерелерін жетектеп Алғабас ауылдық мәдениет үйіне ат басын тіреді. Бұрын-соңды бұндай іс-шара көрмеген ауыл жастарының қызығушылығы да жоғары. Үлкен кісілер ескінің қайта жаңарғанына  іштей қуанып, сүйсініп жатты.

Іс-шара беташарында сөз тізгінін мәдениет үйінің басшысы, белгілі айтыс ақыны  Кенжебай Жүсіп алды. Ескі мысалдар мен әңгімелерді айта отырып, төркіндеп келген қонақтарды таныстырып өтті. Айтулы азаматтар Абдулла Қалкөзұлы,  Көпжасар Ілесбайұлы, Еркінбек Есенбекұлына құрмет көрсетілді. Жер шалғайлығынан осы шараға қатыса алмаған  ұл-қыздары, бауырлары, туыстары  әлеуметтік желі  арқылы  құттықтап, аналарына, әпкелеріне тілек жаудырып жатты. Жиендер қарашаңырақтағы нағашыларына тілек білдіріп, шапан жапты.

Шара барысында Жуантөбе ауылдық округ әкімі  Азамат  Есімов елге келген қонақтарды құттықтап, ыстық ықыласын білдірсе, әйелдер кеңесінің төрайымы Үрипа Әбдірасілова апаларымыздың балалық шағындағы  естеліктерден  әңгіме  өрбітті.

Ал кеш соңында төркіндеп келген қонақтар осы шараны ұйымдастырушыларға алғыс білдірісті. Оларға алғабастық ағайынның сый-сыяпаты тіпті бөлек. Бәрінен де төркін жұрттың ыстық ықыласы мен қуанышын айтсаңызшы! Ал кештің көркін тақырыпқа сай шырқалған әндер мен «Қытық» халықтық әзіл-сықақ отауының әзілдері жоғары дәрежеде көпшілік көңілінен шықты. Бұл орайда мәдениет үйі қызметкерлері Ұлжан  Сандыбаева, Азамат Қарқынбаев, Аруна Қазнабекова, Самат Досжанов, Айнұр Ысқақова  және  Ақжол Шайықовтың өнеріне ел тәнті болды.

Н.НАЗЫМХАНҰЛЫ.

Шиелі ауданы

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<