Трилогияның ақыры

706

0

17 қыркүйекте Геннадий Головкин (42-1-1, 37 КО) Лас-Вегестағы T-Mobile аренасында мексикалық Сауль «Канело» Альвареспен (57-2-2, 39 КО) үшінші жекпе-жегін өткізді.

12 раундқа созылған айқас тартысты өтті. Алайда, екінші кездесудегі жағдай мұнда да қайталанып, төрешілер шешімімен Америка құрлығының мақтанышы «Канело» жеңіске жетті. Осылайша, ол екінші орта салмақтағы IBF, WBC, WBA Super және WBO белбеулерін иеленіп, абсолют чемпион атағын қорғап қалды. Сондай-ақ, осы жеңісінен кейін салмақ дәрежесіне қарамастан жасалған BoxRec рейтингінде көш бастады. Ал Головкин мұнда бесінші сатыға жайғасты.

Тартысты өткен бокс бәсекесінен соң «Сары қазақ» трилогияға қатысты ойын айтты.

«Стратегиялық тұрғыда менің тарапымнан жекпе-жекті ақырын бастағаным қателік болған шығар. Ол айқасты қалай жүргізетінін және қалай өрбіте бастайтынын көргім келді. Екеуміз де жеңіл бастадық, бір-бірімізді күтіп бақтық. Алайда бұл процесс созылып кетті. Ал енді қыза бастағанда бәрі кеш болды. Жеңіліп қалдым деген сезім жоқ, одан сызат та түскен жоқ. Ол жеңді. Бірақ ол мықтырақ немесе жылдам болды дей алмаймын, керісінше. Трилогия осымен тәмам. Мені қолдаған барша жанға алғыс білдіремін» – деді Головкин баспасөз жиыны кезінде.

Осы жеңілістен соң Генаның атына түрлі керағар пікір айтып, ақылын тықпалағандар көбейді. Оның ішінде әлемдік деңгейдегі сарапшылар да, спортқа қатысы жоқ қарапайым жанкүйерлер де бар. Алайда, кәсіпқой бокстың ережесі мүлдем бөлек. Шындығына келгенде мұнда олимпиада ойындары секілді патриоттық сезім аса бір маңызға ие емес, яғни, миллион доллар қанжығаңа байланса, оның өзі кәсіпқой спортшы үшін жеңіс емес пе? Біраз жолды артқа тастап, мансабы аяқталар тұсында ешқандай спортшы ондай сыйақыдан қағылмаса керек-ті. Бұл жерде «Гена намысқа тырыспады, барлығы ақша үшін болған қойылым болды» деуге келмейді. Қанша жерден мықты былғары қолғап шебері болсаң да, қырық жасыңда өзіңнен әлдеқайда жас, энергиясы мол боксшыға төтеп беру оңай шаруа емес. Сондықтан Генаны кінәлау қателік болар. Оның үстіне ол осыған дейін мықтылығын талай мәрте дәлелдеп, Қазақстанның атын әлемге танытты. Шаршы алаңда кеуде соққан талай спортшының мысын басып, қазақтың абыройын асқақтатты, мықтылығын мойындатты. Осының өзі неге тұрады? Қорыта айтқанда, қазақ спортында Генаның ойып алар орны бар және ол ең мықты қазақ спортшысы болып қала бермек. Қазір біз алаңдау керек жайт – Головкиннің жеңілісі емес, енді қазақтан оның орнын басатын мықты спортшы шыға ма, шықпай ма, сол болуы тиіс.

Ақтілек БІТІМБАЙ,

«Сыр бойы»

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<