Үйінді астында қалғандар бар

419

0

Фото: ашық дереккөз

Кеше таңертең жойқын жер сілкінісі Түркия мен Сирияда қаншама адамның өмірін қиды. Табиғи апат бүкіл Таяу Шығыста сезілді. Биліктің мәліметінше, Түркия мен Сирияда 7,8 балдық жер сілкінісі болып, кем дегенде 195 адам қаза тапты. Ал түске қарай БАҚ 640-тан астам адамның қаза тапқанын хабарлады. Өкінішке қарай бұл сандар әлі нақты емес.

Жер сілкінісінің Газиантеп қаласынан 20 миль қашықтықтағы Кахраманмараш провинциясындағы Пазарчик қаласында  6  миль тереңдікте және алты күшті сілкіністің болғаны хабарланды. Түркияда кемінде 76 адам, Сирияда тағы 119 адам қаза тауып, екі елде жүздеген адам жараланды деп хабарлайды Sky News.

Түркияның Османие провинциясының губернаторы жер сілкінісі салдарынан кемінде 34 ғимараттың, Малатия губернаторы өз провинциясында 130 ғимараттың қирағанын айтты. Түркия президенті Режеп Тайип Ердоған Twitter парақшасында жер сілкінісінен зардап шеккен аймақтарға дереу іздеу-құтқару топтары жіберілгенін айтты. «Біз бірге бұл апатты мүмкіндігінше тезірек және ең аз шығынмен жеңеміз деп үміттенеміз» деп жазды ол.

Ал Ішкі істер министрі Сүлейман Сойлу бірінші кезектегі міндет – құлаған ғимараттардың астында қалғандарды шығарып, ауруханаларға жеткізу екенін мәлімдеді.

Daily Sabah басылымының хабарлауынша, шенеуніктер Малатия провинциясында 23, Шанлыурфада 17, Османиеде 7 және Диярбакырда 6 адамның  қайтыс  болғанын айтқан. Бірақ ауыр зардаптарға байланысты қаза тапқандар саны әлдеқайда көп болуы мүмкін.

Кеше Астана уақытымен 17:00-дегі жағдай бойынша үйінділер астында әлі жүздеген адам жатыр деген болжам айтылған. Түркия вице-президенті Фуат Октай Газиантеп және Кахраманмараш провинцияларында 900-ге жуық ғимарат қирағанын хабарлады. Айтуынша, қираған ғимараттардың жалпы саны – 1718.

Шекараның Сирия жағында жер сілкінісі қарулы оппозиция қолындағы аймақтарды қиратты. Бұл аймаққа миллиондаған сириялықтар қоныс аударған және онда жылдар бойғы қақтығыстардан кейін денсаулық сақтау жүйесі тозған.

Associated Press мәліметінше, бір ғана Атмед қаласында кем дегенде 11 адам қаза тапты. Үйінді астында қалғандар да бар. Сирияның мемлекеттік ақпарат құралдары солтүстіктегі Алеппо қаласы мен орталық Хама қаласында кейбір ғимараттардың құлағанын хабарлады.

Әзірге жер сілкінісі сезілген Мысыр, Ливан немесе Кипрде адам өлімі немесе ауыр зардаптар туралы ақпарат түскен жоқ.

«СБ» ақпарат

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<