Үштағанның ұжымдық еңбегі

906

0

1998 жылдың наурызында БҰҰ Бас Ассамблеясы 21 қарашаны Дүниежүзілік телевидение күні ретінде жариялады. Бұл 1996 жылы өткен бірінші Дүниежүзілік телевизиялық форумды есте қалдыру мақсатында жасалған болатын. Қазіргі таңда ақпараттың жалпы қоғам өміріндегі алатын орны ерекше. Билік пен қоғам арасындағы бірлікті сақтай отырып, ұлттың рухани жаңғыруына үлес қосатын ірі сала – телевидениенің ақпарат кеңістігіндегі орны туралы өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз конференциясында облыстық ішкі саясат басқармасының басшысы Мира Қазбекова айтты.

– Телевидениенің ғасырлық тарихы бар. Электронды сәулелердің көмегімен белгілі қашықтықта бейнелерді қабылдап, көрсетудің алғашқы эксперименттері 1920 жылдардың басында АҚШ-та, Жапонияда және КСРО-да басталды. Телевизия саласы – ұжымдық еңбек. Журналист, режиссер және оператор. Бұл үшеуі – телевизияның үштағаны іспетті, – деді ол.

Елімізде алғашқы отандық телевизия 1958 жылдың наурызында пайда болса, Сыр өңірінің тұңғыш телеарнасы 1991 жылдың 30 сәуірінде дүниеге келді. Тәуелсіздікке қадам басқан ақжолтай кезеңнен бастап қызылордалықтар көгілдір экраннан туған өлке жаңалықтарын көре бастады.

Брифингке қатысқан «Qyzylorda» телеарнасының директоры Жағыппар Қарабала 30 жылдық тарихы бар арнаның бүгіні туралы айтты.

– Алғашқы жылдары жарты сағат, бір сағат эфир тарату оңай болған жоқ. Жергілікті телеарна қазір 80 қызметкерімен 16 сағат хабар таратуда. Бұл жұмысты жүйелі ұйымдастырудың нәтижесінде, жаңартылған техникалардың арқасында осындай жетістікке жеттік. Әртүрлі жанрдағы 37 тақырыптық хабар шығарылады. Тікелей эфирлер мен ток шоулардың салмағы басым. Музыкалық контентті қалыптастыру арқылы жергілікті халықтың шығармашылығын дамытып, жастардың мықтылығын дәлелдегіміз келеді. Бүгінде «Qazaqstan» ұлттық телерадиокорпорациясына қарасты 14 филиалдың арасынан шығармашылық, көркемдік, экономикалық өсу, рейтинг жөнінде бірнеше жыл қатарынан 3-орында келеміз, – деді ол.

30 жыл ішінде аймақ айнасы көзіқарақты көрермен алдындағы адал миссиясынан айныған жоқ. Шынайы ақпар, жедел хабар тарату қағидасын басты назарда ұстап келеді.

Ал тәуелсіз «Qogam TV» телеарнасы 1999 жылдың 25 мамырында құрылып, көрерменнің көзайымына айналған шоқтығы биік ақпарат көзіне айналды. «Қызылорда қоғамдық телерадиокомпаниясы» ЖШС-ның басқарушысы Тұрсынкүл Желдербаева телеарнаның тарихын тарқатты:

– «Қызылорда қалалық телеарнасы» алғашқы 4 сағаттық эфирін 1999 жылы көрсетті. Бастапқы уақытта 3 компьютер, 1 монтаж столы ғана болды. Қазіргі кезде эфир уақыты 14 сағатқа жетті. 20-ға жуық авторлық бағдарлама бар. Телеарнаға жұмыс істеуге жастар контингенті көбірек келеді. Біздің арна тәжірибе жинақтайтын үлкен мектеп десек те болады. Бүгінде 200-ге жуық қызметкеріміз біздің арнадан түлеп ұшып, жан-жақта жұмыс атқарып жүргенін мақтанышпен айта аламыз, – деді Тұрсынкүл Сардарбекқызы.

Айта кетейік, алдағы 2022 жылдың 1 шілдесінен бастап облыстық телеарна 100 пайыз цифрлық телехабар тарату жүйесіне қосылмақ. Ерекшелігі сол – телеарнаның жаңалығын теледидар арқылы ғана емес, кез келген электронды құрал арқылы көруге мүмкіндік туады.

«СБ» ақпарат

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<