Бүгін облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев ҚР Білім беру ісінің үздігі Рамза Исмайлованы 70 жас мерейтойымен құттықтады. Аймақ басшысы ұстаздардың қоғам өміріндегі, өскелең ұрпақ тәрбиесіндегі ерекше орнын атап өтіп, мерейтой иесіне ізгі тілегін білдірді.
«Саналы ғұмырын білім саласының дамуына, шәкірт шырағын жағуға арнаған Рамза Ысқаққызының біз үшін орны бөлек. Ол – жас ұрпаққа тағылымды тәрбие, сапалы білім беруге шексіз еңбек сіңірген ұлағатты ұстаз. Бүгінгі кездесуде сізге құрмет көрсетіп, Сыр өңірінің мұғалімдер қауымына ерекше ілтипатымды білдіремін», – деді Нұрлыбек Машбекұлы.
Аймақтың білім саласының дамуына сіңірген еңбегі үшін Рамза Ысқаққызы облыстың ең жоғары наградасы – Қызылорда облысының Құрмет грамотасымен марапатталды.
Ұлағатты ұстазды Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Ұлттық Құрылтай мүшесі Қылышбай Бисенов, мерейтой иесінің шәкірті, Парламент Мәжілісінің депутаты Мұрат Әбенов, білім саласы ардагерлері кеңесінің төрағасы Ғалым Бекенов құттықтады.
Іс-шара соңында Рамза Ысқаққызы өзіне көрсетілген құрметке, игі тілектерге ризашылығын білдірді.
Рамза Исмаилова еңбек жолын облыс орталығындағы №198 орта мектепте математика пәнінің мұғалімі болып бастап, кейін директордың оқу-тәрбие жұмысы жөніндегі орынбасары, мектеп директоры қызметтерін абыроймен атқарды. Ұзақ жыл білім беру мекемелерінде басшылық қызметте болып, өзіндік қолтаңбасы бар маман ретінде танылды. Бүгінгі күні шәкірттері республиканың түкпір-түкпірінде қызмет атқарып, ел дамуына үлес қосуда.
Қызылорда облысы әкімінің баспасөз қызметі
>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<