Ұлт қайраткерін ұлықтаған жиын

401

0

Бейсенбіде облыс әкімдігінде мемлекет және қоғам қайраткері, Социалистік Еңбек Ері Исатай Әбдікәрімовтің 100 жылдығына арналған «Исатай Әбдікәрімов: Азамат. Тұлға. Қайраткер» атты ғылыми-танымдық конференция өтті. Ұлт қайраткерін ұлықтауға арналған конференцияға құрметті қонақ ретінде ҚР Ұлттық Ғылым академиясының академигі Мұрат Жұрынов, ҚР Инженерлік академиясының академигі Тұрлыбек Искаков, боксшы, КСРО еңбек сіңірген спорт шебері Серік Қонақбаев, ҚР Ұлттық Қауіпсіздік комитетінің генерал-лейтенанты Олег Бижанов, еліміздегі қаржы институтының дамуына үлес қосқан қайраткер Ерлан Татишев, мемлекет және қоғам қайраткерлері, зиялы қауым өкілдері, Исатай Әбдікәрімұлының ұрпақтары, туған-туыстары қатысты.

Конференцияда облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев аймақтың 85 жылдық мерейтойын атап өтуде ғылыми-танымдық, мәдени-көпшілік шараларға негізгі басымдық берілгенін айтты. Оның ішінде облыстың дамуында өзіндік қолтаңбасы бар азаматтар есімін ұлықтауға арналған тағылымды шаралардың орны ерекше.

– Исатай ағамыз Қызылорда облысын басқарған тұста елге сіңірген еңбегі үшін жұртшылықтың ерекше сүйіспеншілігіне ие болды. Қызылорда облысы Кеңес Одағы бойынша күріштің 25 пайызын өндіріп, ырысты, күрішті Сыр еліне айналды. Исатай Әбдікәрімұлының тұсында шаруашылық басшылары, күрішшілер, малшылар, механизаторлар, жалпы саны 6 адам Социалистік Еңбек Ері атағын алды. Ағамыз Қазақ ССР Жоғарғы Кеңесі Президумының Төрағасы қызметінде де абыройлы болды. Қай қызметте жүрсе де қайраткерлік қабілетін көрсетті.

Облысымыздың шежіресіндегі даму үрдістері бүгін де жалғасуда. Күні кеше Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев арнайы жұмыс сапарымен келіп, өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуымен танысты. Зиялы қауым қатысқан конференцияны пайдаланып, Президентіміздің өңір халқына деген ыстық ықыласын, бірлесіп атқарған жұмысымызға берген жоғары бағасын өздеріңізге жеткізгім келеді. Бұл баға – елдің бірлігі мен тату тірлігінің нәтижесі және ағаларымыз салып берген сара жолдың сабақтастығы деп білемін, – деді аймақ басшысы.

Жиында ҚР Парламенті Сенатының Төрағасы Мәулен Әшімбаев пен ҚР Парламенті Мәжілісінің Төрағасы Ерлан Қошановтың, Өзбекстан Республикасының мемлекеттік және саяси қайраткері Мұрат Камаловтың арнайы құттықтау хаттары оқылды.

Сондай-ақ, академик Мұрат Жұрынов баяндама жасап, жылы естеліктерімен бөлісті. Халқына адал қызмет ету өмір жолының биік ұстанымы болған қайраткер тұлғаның есімін ұлықтау шараларын жоғары деңгейде ұйымдастырғаны үшін облыс басшылығына алғыс білдірді.

Исатай Әбдікәрімов облыстың бірнеше ауданын, облысты және еліміздің Жоғарғы Кеңесін басқарған. Ұлы Отан соғысының ардагері. Басшылық қызметке жастайынан араласқан Исатай Әбдікәрімов 1946-1948 жылдары Жаңақорған аудандық комсомол комитетінің екінші хатшысы, Қармақшы аудандық комсомол комитетінің бірінші хатшысы болды. Соғыстан кейінгі жылдары білім тапшылығына қарамастан жастық жалынының арқасында өзінің еңбекқорлығын таныта білген ол 1948-1952 жылдары облыстық партия комитетінде нұсқаушы, сектор меңгерушісі, 1952-1953 жылдары Қызылорда облыстық комсомол комитетінің бірінші хатшысы қызметтерін абыроймен атқарды. Осы жылдары қызмет істей жүріп 1952 жылы Қызылорда педагогикалық институтын, ал, 1954 жылы Кеңес Одағы Коммунистік партиясы Орталық Комитеті жанындағы Жоғары партия мектебін оқып бітіреді.

Конференцияда облыстық мәслихат төрағасы Наурызбай Байқадамов Исатай Әбдікәрімовтің өмірдерегіне тоқталып, қолжазбаларынан үзінділер келтірді. Өлкенің ғана емес, ел тарихында елеулі орны бар тұлғаның есімін ұлықтаудың маңыздылығын да атап өтті.

– Биыл біршама жергілікті тұлғаларымыздың есімін атап өту жұмыстарына тікелей араласып, куә болып келеміз. Бұл шаралар аясында тұлғаларымыздың тарихта алар орнын кейінгі ұрпаққа үлгі етуді мақсат етіп қойдық. Бұл алдымен өмірден өткендер үшін емес, артта қалған біз үшін керек, – деді Наурызбай Байқадамов.

Исатай Әбдікәрімов Шиелі аудандық партия комитетінің басшылығына Сужиковтің сенім білдіруімен келеді, оны әкесіндей құрмет тұтып, үлкен ұстазы санайды. Осы кезең Исатай Әбдікәрімов үшін үлкен өмір мектебіне айналды. Исатай Әбдікәрімов басқарған тұста Шиелі ауданы еңбекшілері қатарынан бірнеше жылдар бойы үздік көрсеткіштерге қол жеткізеді. Ауданның ондаған күрішшілері мен малшылары мемлекеттік жоғары марапаттарға ие болады. 1962 жылы желтоқсанда облыс аудандары ірілендіріліп, Жалағаш және Қармақшы аудандары бір аудан болып біріктіріледі. Сол кезде жаңадан біріктірілген Қармақшы ауданына басшылық қызметке Исатай Әбдікәрімов жіберіледі.

1965 жылы аудандар қайтадан еншілерін алғанда Исатай аға Жалағаш аудандық партия комитетінің бірінші хатшылығына тағайындалады. Бұл кезде Жалағаш ауданы әлеуметтік-экономикалық дамуы жағынан өте әлсіз болатын. Сол жылдары Жалағаш ауданының экономикалық өрлеуі басталады. Шаруашылықтың барлық саласында да жетістіктер болды. Аудан бірнеше рет күріштен мол өнім жинап, күріш жинауды басқа аудандардан ертерек аяқтайды. 1971 жылы мол өнім жинаған күрішшілермен бірге Исатай Әбдікәрімовке де КСРО-ның сол кездегі ең жоғары наградасы Социалистік Еңбек Ері атағы беріледі.

Көзкөргендері Исатай ағаның ерекше қасиеттерінің бірі – адам сыйлағыштығы еді деп айтып отырады. Ол алдына келген адамға немесе қызметкеріне тапсырма берерде, тіпті ұрысар алдының өзіне оған жылы сөздер айтып, көңіліне қаяу салмай, көңіл-күйін көтеруге тырысады екен. Жиында ҚР Инженерлік академиясының академигі Тұрлыбек Искаков баяндама жасап, тағдыры күрделі, өмірі өнегелі, ал, есімі аңыз боп қалған тұлғаның болмысын аша түсетін бірқатар деректермен бөлісті.

–  Қандай да бір ұлттың белгілі тұлғасы туралы естелік айту алдымен оның өмір сүрген кезеңі, қоғам алдындағы сіңірген еңбегі басты бағдар болады. Осындай тұлғаларымыздың бірі де бірегейі – Исатай Әбдікәрімұлы. Ол – кеңестік кезеңде қызмет етіп, Сыр өңірінің әлеуметтік-экономикалық дамуына, білім мен мәдениетінің өсіп-өркендеуіне зор үлес қосқан тұлға. Өмір жолында аштық, репрессия, соғыс тәрізді ауыр да қиын-қыстау сынақтарды басынан кешірді. Солай болса да адамдарға деген мейірмандығын сақтай білді. Жергілікті кадрлардың әлеуетін жақсы тани білді. Өмірлік тәжірибесі оған үнемі халықтың қалың ортасында жүруге, оларды түсінуге, сенімдеріне ие болуға септігін тигізді. Мұның өзі қоғамдық, мемлекеттік міндетті дер кезінде шешуге негіз болды, – деді Тұрлыбек Искаков.

Осыдан 50 жылдай бұрын Исатай Әбдікәрімов 1972 жылы Қазақстан Компартиясы Орталық Комитетінің сенім білдіруімен Қызылорда облыстық партия комитетінің басшылығына тағайындалады. Бұл кезең Сыр халқы үшін өте бір ауыр кезеңдердің бірі еді. Елде жұмыссыздық пайда болып, жыл санап етек жая бастаған тұс болатын. Исатай аға осы кезеңде халықтың әл-ауқатын арттыру, облысты өркендету үшін Қызылорда қаласында өндірісті дамытуға ерекше көңіл бөледі, бірқатар өндіріс орындарын ашуға қол жеткізеді. Ол басқарған жылдары облыс егіншіліктен экономикасы ілгерілеген аймаққа айналады. Өнеркәсіп дамып, тоқылмайтын маталар фабрикасы, күріш шаруашылығы машиналарын жасау зауыты іске қосылады.

Исатай Әбдікәрімов 1978-1979 жылдардағы Қазақ КСР жоғарғы Кеңесі Төралқасының Төрағасы болады. Ол ел экономикасының қалыптасуына, халықтың мәдени-рухани өміріне өлшеусіз еңбек сіңірді, кейінгі ұрпақ айта жүрер соңына лайықты із қалдырды. Біртуар тұлға өз халқының тәуелсіздік алғанына жаны қалмай қуанды. Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарындағы қиыншылықтарға халқымен бірге қабырғасы қайысты. Енді бой түзеп келе жатқан тәуелсіз мемлекеттің тәй-тәй басқан қадамына сабырмен қарап, болашағына сенді және оның алғашқы жетістіктеріне куә да болды.

Сондай-ақ, конференцияда Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетінің проректоры Жандос Базартай, қоғам қайраткері Ибрагим Әбибуллаев баяндама жасады.

Іс-шара соңында Исатай Әбдікәрімовтің қолжазбаларынан жинақталған жаңа кітаптың тұсаукесері ұйымдастырылды.

Айта кетсек, конференциядан бұрын Исатай Әбдікәрімов атындағы Қызылорда аграрлық-техникалық жоғары колледжінде 100 жылдық мерейтойға орай қайраткердің ескерткішіне гүл шоқтарын қою рәсімі өтті. Шараны облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Серік Дүйсенбаев ашып, қоғам қайраткері, колледж ардагері Сұлтанбек Тәуіпбайұлы Тәуіпбаев сөз сөйледі.

Тумысынан елім, жұртым деп, бар өмірін туған еліне арнаған Сыр перзентіне колледж студенттері арнау өлеңдерін оқыды. Текті тұлға, артына өшпес із қалдырған ел азаматы, Сырдың бәйтерегі Исатай Әбдікәрімовті бір минут үнсіздікпен еске алып, ескерткішіне Сыр халқы атынан гүл шоқтарын қойды.

Биболат СӘТЖАН,

«Сыр бойы»

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<