«Ұлттық қордан» үміттілер көп

481

0

Қазақ бауыр еті баласының жолында ештеңені аяған емес. Әлі де солай. Ол үшін бар жиған-тергенін шашады. Кезінде «алты жастан жинасаң асады, жеті жастан жинасаң жетеді» деп біліп айтқан екен-ау. Анығында ата-бабамыз артына бір асым еті мен құрт-майын сақтап отырған. Ал қазір ше? «түстік өмірің болса, күндік мал жи» деген сөзді ұмыттық па? Жоқ. Күн сайын бүйірден қысқан қымбатшылық, мал жимақ түгіл, тұтынатын азық-түлікке зорға жетеді. Сенбесеңіз, қазір «Каспи редпен» дүкеннен тамақ алатындар көбейді. Мұнан кейін бала болашағы үшін ата-ана қандай инвестиция құймақ, қайтіп қаражат жимақ?

Алты бала тәрбиелеп отырған Айсұлу Талғатқызы – «Күміс алқалы» жас ана. Тұрақты жұмысы болғанына қарамастан қосымша отбасылық кәсіптің көзін тапқан. «Табысымыз күнделікті нан-пұлдан артылмайды. Сондықтан бала-шағамызбен жабылып түрлі нан өнімдерін пісіреміз. Ал ай сайынғы жәрдемақыға ғана жалтақтап, балалардың болашағына инвестиция құймақ түгіл бүгінгі қажетін әрең тауып отырғандар көп. Бірақ кешегі мемлекет басшысының «Ұлттық қор – балаларға»  бастамасын естіп бәріміз де қуанып қалдық. Үлкеніміз 13 жаста, бірақ 2024 жылы 15-ке толады. Сонда оған әрі кетсе үш жыл жиналады екен. Ол көп қаржы емес шығар. Уақытында көрерміз оны» дейді ол.

Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жолдауындағы жұртты елең еткізген бастамасының бірі – «Балаларға арналған ұлттық қор» бағдарламасы болды. Бағдарлама аясында Ұлттық қордың жылдық инвестициялық кірісінің 50 пайызы балаларға 18 жасқа толғанға дейін мерзімінен бұрын алу құқығынсыз, арнайы жинақ шоттарына бөлініп, кәмелеттік жасқа толғаннан кейін тұрғын үй сатып алуға және білім алуға жұмсауына болады. Бұған дейін ұлттық қорды тек мемлекеттің дағдарыс кезінде ғана пайдаланатын, халыққа қолжетімсіз ресурс ретінде санап келген ел-жұрт бұл жаңалықты таң-тамаша көңіл күймен қабылдағаны рас.

Бағдарлама 2024 жылдың 1 қаңтарынан бастап іске қосылады. Алайда, «балалар жинақ шоттарына қанша қаражат жиналады?» деген сауал әрбір ата-ананы алаңдатады. Себебі, ұлттық қордан 50 пайыз үлес аз ақша емес деп түсінетіндер бар. Бірақ үлес тек, ұлттық қордың жылдық инвестициялық кірісінің 50 пайызынан бөлінетінін ескерген жөн. Инвестиция  жақсы, ұтымды жұмыс істесе, одан кіріс те мол түседі. Экономистердің есебінше, 2022 жылға жалпы инвестициялық кіріс шамамен 3,4 млрд доллар екен.

– Бұл сан инвестициялық кірістің небәрі 5-6 пайызы екенін көрсетеді. Алайда көрсеткішті кемінде 10 пайызға арттыруға толық мүмкіндік бар. Тіпті одан да арттыруға болады. Бұның бәрі Үкімет құрамындағы кадрлардың қаржылық   біліктілігіне, отандық бизнесті дамытудағы құлшынысы мен жауапкершілігіне байланысты. Қордың инвестициялық деңгейі артса, балалар үшін бөлінетін үлес те артып отырады. Тағы бір ескеретін нәрсе, біз өзіміздің де отбасылық бюджеттің мүмкіндігіне қарай қаражатты сол арнайы есеп шотқа аударуға мүмкіндік алуымыз керек. Мысалы, «Отбасы банктен» депозит ашатын болсақ, 1 жылдың аяғында 20 пайыз сыйақы беріледі. Ал бұл жерде біз 50 пайызға дейін өсіріп қоятын болсақ, онда қарапайым халық ақша жинаудың, оны дұрыс тиімді пайдаланудың  бір тиімді көзі ретінде осы арнайы есепшотты пайдалана алады,  – дейді экономист Алғадай Төлеуов.

Деректерге сүйенсек, елімізде орташа есеппен жылына 400 мың нәресте өмірге келеді екен. Қазіргі кезде 18 жасқа дейінгі балалар саны шамамен 6,5 млн. Ал Ұлттық қордың инвестициялық кірісінің 50 пайызы  1,7 млрд доллар. Осылай есептегенде жылына әрбір баланың жинақ шотына шамамен 260 доллар жиналады.

– Қазіргі курспен есептегенде 120-125 мың теңге шамасы. Әр ай сайын 10 -11 мың теңге көлемінде болады. Бұл жерде бала саны көбейсе немесе  инвестициялық кіріс төмендесе, жинақ шоттағы ақша да азаяды. Мұны да ескерген жөн, – дейді мамандар.

Қолданысқа енді енетін бағдарламаның қарапайым адам әлі түсіне бермейтін тұстары көп. Ол жүзеге асамын дегенше әлі уақыт бар. Дегенмен  Президент өзі бастаған ісін қадағалап отыратыны анық. Біз  ана мен бала капиталы шет мемлекеттерде қалай жұмыс істейтіні туралы ғаламтор беттерін шарлаған едік. Мәселен, көрші Ресейде 2007 жылдың бірінші қаңтарынан бастап енген «ана мен бала капиталы» елдегі демографияны арттыруға үлкен сеп болған. 2006 жылы Владимир Путин халыққа үндеуінде осы бағдарлама енгізілетінін хабарлаған болатын. Бұл Ресейде 2026 жылға дейін жұмыс істейді. «Ана мен бала капиталы» нәтижесінде 2006 жылы Ресейде 1 479 637 бала дүниеге келсе, 2014 жылы 1 942 683 бала туған. Жыл сайын дүниеге келген бала саны артқан. Ресейдің әлеуметтік қолдау шараларының арқасында 2013-2015 жылдары халық саны өскен. Ресей азаматтары үш жыл ішінде 86 387 адамға көбейген. 1997-2006 жылдар арасында Ресейде 13,6 миллион бала дүниеге келген. Ал ана капиталы енгізілген 2007-ден 2016 жылға дейін 18,2 миллион бала туған. Демограф Алексей Ракшидің айтуынша, ана капиталы енгізілгеннен кейін әр отбасының тұңғышын есептемегенде, тағы 2,5 миллион бала дүниеге келген.

Францияда көпбалалы отбасын қолдау және жәрдемдесу мақсатында 1921 жылы қабылданған «Үлкен отбасы» мемлекеттік бағдарламасы табысты жұмыс істеуде. Бала саны көбейген сайын салық азая береді. Мысалы, төрт баласы бар отбасы салықтан мүлде босатылады. Бұл жеңілдік бай-кедей деп бөлмей, ел азаматтарына түгел таралған.

Швецияда елеулі жеңілдіктер бар және ол кезекті сәби туған сайын өсе береді. Сондай-ақ, табысы аз отбасылар үшін қосымша жәрдемдер бекітілген. Мысалы: пәтерақы төлеуден босату, мектепке дейінгі балалар мекемелеріне тегін қатысу. Сондай-ақ, азық-түлікті тегін алуға арнайы талон беріледі.

Финляндия – жәрдемақы мөлшері қомақты елдердің бірі. Бір қызығы мұнда Финляндия аумағында босанған барлық әйелге берілетін (қай елдің азаматы болса да) «Шаранаға сыйлық пакеті» бар. Оның ішінде сәби бір жасқа толғанша керек дүниенің бәрі қамтылған.

Польшада табысы төмен көпбалалы отбасына арнайы жәрдемақы тағайындалады. Егер отбасында мүгедек бала болса және оның күтіміне байланысты ата-анасының бірі жұмысқа шыға алмайтын жағдайда жәрдемақы мөлшері екі есе артады.

Біріккен Араб Әмірлігінде шаңырақ көтерген жас отбасына елдің неке қорынан әрқайсысына 20 мың доллар өсімсіз несие беріледі. Бұл қаржыны қайтару міндет емес, себебі тұңғыш бала туған бойда бұл қарызды мүлде ұмытып кетеді. Дүние есігін ашқан сәби қыз болса, 50 мың доллар, ұл болса, 200 мың доллар шамасында сыйлық беріледі. Бұл ақшадан бөлек кішігірім вилла кілтін де қоса тапсырады екен.

Әлем бойынша ең өсімтал елдер қатарында Нигерия тұр. 2009 жылғы дерек бойынша елдің 1000 азаматына 49 сәби келеді екен. Одан әрі Мали, Уганда, Ауғанстан, Сьерра-Леоне, Буркина-Фасо, Ангола, Сомали, Эфиопия айтылады.

Міне, біз білген ақпараттар осындай. Болашағымыз – балаларға мемлекеттің қамқорлығы, жан-жақты жағдай жасауы өте маңызды. Жаңа бағдарламадан  халық ұлт байлығының үлесін алатынына үлкен үміт артуда. Бұл – ел болашағына салынып отырған стратегиялық инвестиция. Ал ұрпақтың болашағына салынған инвестицияның қайтарымы мол болмақ.

Айсәуле ҚАРАПАЕВА,

«Сыр бойы»

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<