Ұлттық құрама дайындығын бастады

620

0

Қазақстан құрамасы шайбалы хоккейден Финляндияда өтетін Әлем чемпионатына дайындығын бастады.

Айта кетейік, 13-29 мамыр аралығында Финляндияның Хельсинки және Тампере қалаларында топ-дивизиондағы хоккейден Әлем чемпионаты өтеді. Қазақстан құрамасы А тобында Дания, Канада, Германия, Швейцария, Словакия, Италия және Франциямен шеберлік байқасады. Ал В тобында Финляндия, АҚШ, Чехия, Швеция, Латвия, Норвегия, Ұлыбритания және Австрия ойнайды.

Ұлттық құрама елордадағы «Барыс-Аренада» оқу-жаттығу жиындарын 17 сәуірден бастады. Енді 3 мамырда ел құрамасы 29 хоккейшіден тұратын кеңейтілген құрамда Ригаға аттанып, онда әлемдік біріншілікке дайындығын жалғастырады.

 Ал 8 және 9 мамырда Латвиямен жолдастық кездесу өткізіп, 10 мамырда Финляндия астанасы Хельсинкиге жетеді. Дүбірлі додадағы алғашқы матчын Қазақстан құрамасы 14 мамырда Данияға қарсы өткізеді.

Ауыр атлеттер Қызылордаға жиналды

Қызылорда қаласындағы «Еуразия» спорт кешенінде 17-24 сәуір аралығында ауыр атлетикадан ерлер мен әйелдер арасында ел біріншілігі өткізіледі.

Ел біріншілігі жекелеген жаттығулар бойынша болады. Алты күн бойы спортшылар 20 салмақ бойынша жеңімпаздарды анықтайды. Аталған жарыста ерлер 55, 61, 67, 73, 81, 89, 96 келі   салмақтарда    жүлделерді    сарапқа   салады. Ал әйелдер 45, 49, 55, 59, 67, 71, 76, 81, 87, 87 келіден жоғары салмақта бақ сынайды.

Ел біріншілігі 24 сәуірде мәресіне жетеді.

«Қайсардың» алғашқы жеңісі

Қызылордалық «Қайсар» бірінші лига командалары арасындағы ел біріншілігінің маусымашар кездесуінде өз алаңында «Оңтүстік Академия» командасынан 3:1 есебімен басым түсті.

Ойынның алғашқы жартысында қызылордалық команда бірнеше шабуыл ұйымдастырды. Кездесудің 20-минутында Кирилл Сидоренко қарсыластар қақпасынан саңылау тапты. Кириллдің сәтті соққысынан кейін, қос команда нәтижелі шабуыл ұйымдастыра алмай, үзіліске бет алды.

Кездесудің екінші жартысында «Қайсар» сапынан Руслан Сахалбаев екі голдың авторы атанды. Қонақтар кездесудің соңында пенальти тебуге мүмкіндік алып, есеп айырмасын қысқартты.

«Қайсар» алғашқы кездесуін жеңіспен бастады. Турнир кестесінде үшінші орынға көтерілді. Алғашқы екі орында «Оқжетпес» пен «Жетісу» командалары келеді.

«СБ» ақпарат

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<