Ұлы суретшінің қос туындысы

2791

0

Биыл − қазақ бейнелеу өнерінің негізін қалаған ұлттық сурет өнерінің бірегей тұлғасы Әбілхан Қастеевтің туғанына 120 жыл. Кескіндемеші, график-суретшінің туындылары қазақ халқының бір ғасырлық тарихын суреттейді.

Оның еңбектерінен елдің өмірін, тұрмыс-тіршілігін көруге болады. Сонымен бірге ол өз туындыларында қазақтың біртуар тарихи тұлғаларының кескін-келбетін сомдап, кейінгі ұрпаққа мұра етіп қалдырған. Олардың қатарында Амангелді Иманов, Ғани Мұратбаев,  Шоқан Уәлиханов, Жамбыл Жабаев, Сүйінбай Аронұлы, Кенесары Қасымовтың портреттері бар. Бір қызығы суретшінің Ғани Мұратбаев бейнеленген портреті С.Айтбаев атындағы Көркемсурет галереясында сақталған. Сурет 1971 жылы салынған.

− Қазақстанның Халық суретшісі Ә.Қастеевтің өмірінің соңғы жылдары салған «Ғани Мұратбаев» атты шығармасы өзінің монументальді айшықтығымен ерекшеленеді. Акварельмен салынған суреттен қылқалам шеберінің портрет жанрындағы өзіне тән сенімділік пен мінсіз пластикалық шешімі байқалады. Суретші Ғани Мұратбаевтың Лениннің қабылдауына кірер уақытын бейнелеген, − дейді Көркемсурет галереясының меңгерушісі Кенже Ахметова.

Мұнда сақталған Ә. Қастеевтің тағы бір туындысы − «Бүркітші». Шығарманың бас кейіпкері ретінде қолында бүркіті бар атты аңшы бейнеленген. Картинада қарапайым ауыл адамы ерекше суреттелген. Сондай-ақ қазақ даласының кеңдігі, табиғаттың сұлулығы,  аңшының айналасындағы көк шөпке оранған тау аңғарының көк аспанмен астасқаны шынайы шеберлікпен көркемделген. Бұл көріністерден бір сәт өзіңізді сол бір қаймағы бұзылмаған, тамылжыған табиғат құшағында тұрғандай сезінесіз.

Жалпы Халық суретшісі шығармаларының Көркемсурет галереясының қорында сақталуы – өнерсүйер қауым үшін есімі әлемге танымал тұлғаның шығармашылығымен танысуға, сол арқылы қазақ ұлттық бейнелеу өнері жайында кеңірек мағлұмат алуға зор мүмкіндік.

Мейрамгүл ДАУЫЛБАЙҚЫЗЫ,

«Сыр бойы»

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<