Ұсыныста ел мүддесі тұрады

664

0

Кеше  облыс әкімінің міндетін атқарушы Нұрлан Тілешовтың қатысуымен VII сайланған облыстық мәслихаттың кезекті 9 сессиясы өтті. Облыстық мәслихат хатшысы Наурызбай Байқадамов күн тәртібін хабарлағаннан кейін Н.Тілешов депутаттарға арнап сөз сөйледі.

Жылды қорытындылайтын кезеңге жақсы нәтижелермен жетіп отырмыз деген ол осы кезге дейін барлық аудан орталықтары газдандырылғанын атап кетті. Сонымен қатар бірнеше елді мекен тұрғындарына «көгілдір отын» жетіп отыр. Бұл жұмыс келесі жылы да жалғасын табады.

Жыл ішінде 330 шақырым жол жөнделген. Қызылорда облысын дамыту бағдарламасындағы жалпы құны 9,5 млрд теңгеден асатын 160 жоба жүзеге асырылды. Көптеген шағын және орта кәсіпорындар жаңадан жұмысын бастады. Соның нәтижесінде жүздеген адам тұрақты жұмыспен қамтылды.  Жуырда ғана шыны зауытының құрылысы аяқталып, оның күйдіру пеші іске қосылды.

Күн тәртібіндегі алғашқы мәселе – «2022-2024 жылдарға арналған облыс бюджеті туралы» облыстық экономика және бюджетті жоспарлау басқармасының басшысы Нұрғали Қордабай баяндама жасады.

Басқарма басшысы 2021 жылға арналған облыстық бюджет өткен жыл соңында 411 млрд теңге көлемінде бекітілгенін еске салып, келесі жылғы облыстық бюджет 451 млрд теңге көлемінде бекітілуге ұсынылып отырғанын жеткізді.

Ал жыл көлемінде болып өтетін толықтырулар мен өзгертулер нәтижесінде облыстық бюджет жарты триллион теңгеге жетіп қалады деген болжам бар. Н.Қордабай облыстық бюджет жобасын қалыптастыру кезінде депутаттар тарапынан болған ұсыныстарға қатысты келесі мәліметтерді келтіріп өтті. Халық қалаулыларынан жалпы орындалу құны 31 млрд теңгеден асатын 274 ұсыныс түскен. Барлық ұсыныстар сарапталып зерделенгеннен кейін 198 ұсынысты орындауға 21,7 млрд теңге қажет екені анықталды. Бұл ұсыныстардың бірде-біреуі ескерусіз қалмайтынын айтқан басқарма басшысы алғашқы  кезекте бюджеттік жобаға 4,2 млрд теңгені құрайтын 44 ұсыныс енгізілгенін жеткізді. Басқа ұсыныстар кезең-кезеңімен орындалатын болады.

Мұнан соң ол сессияға дейін өткен тұрақты комиссиялардың бірлескен отырысында айтылған ұсыныстардың бірқатары бюджетке енгізіліп отырғанын мәлімдеді.

Бірлескен отырыста депутаттардың бір тобы биылғы қуаңшылықты, соған сәйкес мал шаруашылығында пайда болған қиыншылықтарды ескере отырып, мал шаруашылығын, оның ішінде асылтұқымды мал басын көбейтуге, өнім сапасын арттыруға және бағасын арзандату мақсатында субсидия беру мәселесін көтерген болатын. Басқарма басшысы бұл мақсатқа облыстық бюджеттен 2 млрд 681 млн теңге қаржы бөлінетінін жеткізді. Бұған қосымша жем-шөп және техника үшін тағы да 600 млн теңге қаралған.

Ал депутат Ібайдулла Тілептің Әйтеке би кентіндегі 18 пәтерлі үй орналасқан аумақты абаттандыруға қатысты ұсынысына сәйкес бюджет жобасына 52 млн теңге енгізіліп отырғаны айтылды. Орынбасар Төлеповтың Жосалы кентінің шығысындағы тұрғын үйлер аяқсу каналынан көтерілген ызадан зардап шегіп отырғаны туралы ұсынысына 50 млн теңге бөлінетіні, Имамзада Шағыртаевтың Жалағаш аудандық ауруханасына техника алу туралы көтерген мәселесіне денсаулық сақтау саласына бөлініп отырған 500 млн теңге жүзеге асырылатыны мәлім болды. Ал Талғат Жақыпбаевтың облыс орталығындағы әл Фараби ауданының инфрақұрылымдық желілер құрылысы бойынша айтқан мәселесі республикалық бюджеттен келетін қаржы есебінен шешілетіні хабарланды.

Күн тәртібіне сәйкес облыстық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының басшысы Мұрат Тілеумбетов 2020-2024 жылдарға арналған Қызылорда облысының көлік инфрақұрылымдық даму жоспарын халық қалаулылары назарына ұсынды. Жоспарда облыс көлемінде жол айырықтарын жасау, көпірлерді жаңалау, автомобиль жолдарын жөндеу секілді барлығы 47 жоба енгізілген екен. Депутаттар олардың барлығына қолдау білдірді.

Осы  орайда депутат Аманжол Оңғарбаев Бейнеуден шығып «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» халықаралық автодәлізіне қосылуы тиіс жолдың Ырғыз тұсынан емес, Сексеуіл кенті тұсынан қосылғаны оңтүстік облыстардан Маңғыстау өңіріне жол тартқан көліктер үшін өте тиімді болар еді деген ойын ортаға салды. Сондықтан жобалаушыларға Қызылорда облысының депутаттары өз ұсынысын жеткізуі тиіс. Депутат Қылышбай Бисенов бұл мәселеге Парламенттің екі палатасындағы депутаттарымызды жұмылдыру қажеттігін айтты. Олар Үкімет деңгейінде жұмыс жүргізіп, жолдың Сексеуіл кенті тұсынан өтуінің тек Қызылорда мен оңтүстік облыстарға ғана емес, сонымен қатар көрші республикалар үшін өте тиімді, әрі қысқа жол болатынын дәлелдеп қорғап шығуы керек деді. Н.Байқадамов бұл өте орынды мәселе екеніне назар аударып, депутаттық фракцияларға тездетіп ұсыныс дайындауға тапсырма берді.

Сессияда күн тәртібіне енгізілген өзге де мәселелер талқыланып, тиісті шешімдер шығарылды.

Сессия соңында Наурызбай Байқадамов бірқатар облыстық мәслихат депутаттары мен мәслихат аппаратының қызметкеріне «Қазақстан Республикасының Тәуелсіздігіне 30 жыл» мерекелік медалін табыс етті. Олардың арасында депутаттар Аида Әбибуллаева мен Сәрсенкүл Биқожа ҚР Парламенті Сенаты төрағасының «Құрмет грамотасымен»,  Гүлнар Есқалиева ҚР Парламенті Сенаты төрағасының «Алғыс хатымен» марапатталса, Еркебұлан Аяғановқа «Үздік депутат» төсбелгісі табыс етілді.

Ыдырыс ТӘЖІҰЛЫ,

«Сыр бойы»

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<