Уағдаластықты созуды уақыт көтермейді

685

0

Кіші Аралды сақтап қалу, оның арнасын кеңейту – аймақ тұрғындары үшін өте өзекті, су шаруашылығы саласы мамандарын толғандырып отырған мәселе. «Сырдария өзенінің арнасын реттеу және Солтүстік Арал теңізін қалпына келтіру» жобасы аясындағы пікірталас соңғы он жеті жылда толастамай келеді. «Жобаның екінші кезеңі қалай жүзеге асады?» деген сауал төңірегінде сушылар, экологтар және ғалымдар пікірі бір жерден шығар емес.

Мәселеге қатысты газетіміздің өткен санында хабарланғандай, «Достық үйінде» Арал-Сырдария бассейндік кеңесінің кезектен тыс мәжілісі өткен болатын. Оған облыс әкімінің бірінші орынбасары Серік Қожаниязов, кеңес мүшелері мен су шаруашылығы саласының ардагерлері, қоғамдық ұйымдар мен БАҚ өкілдері қатысты. Бассейндік кеңес төрағасы Сейілбек Нұрымбетов төрағалық еткен жиында «Арал теңізінің солтүстік бөлігін қалпына келтіру және дамыту» жобасының техникалық-экономикалық негіздемесін дайындау және жобалау мәселесі талқыланды.

Дүниежүзілік Банк грантынан қаржы бөлінген жобаның техникалық-экономикалық негіздемесін ирандық «Yekom Consulting Engineers» консультанттық компаниясы жеңіп алып, ҚР Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігі Су ресурстары комитетімен бірлесе дайындауда. Жоба жасалып мақұлданса, оған 190 млн АҚШ доллары көлемінде қаржы бөлінеді деп күтілуде.

Күн тәртібіндегі мәселе бойынша «Yekom Consulting Engineers» Қазақстандағы филиалының басшысы Мехди Шафиифар баяндама жасап, жобаның екінші кезеңін іске асыру мақсатында әзірленген арнайы жобалардың маңызды тұстарын түсіндіріп өтті.

Жоба үш компоненттен тұрады. Бірінші – Солтүстік Арал теңізі мен Сырдария бассейнінің су инфрақұрылымы мен гидрологиялық режимін жақсарту. Екінші компонентте Қызылорда облысының экономикалық, әлеуметтік және экологиялық әлеуетін арттыруға бағытталған бірқатар жобалар қамтылған. Ал, үшінші компонент су ресурстарын тиімді басқару, техникалық және институционалдық даму бағдарламаларын дайындауды қамтиды.

– Бұл ретте жобаны жүзеге асыруда бірінші мәселе – қолжетімді су мөлшерін анықтау. Қарапайым тілмен айтсақ, шелек керек па әлде су керек па? Әуелі соны айқындап алу қажет. Бірақ ең басты мәселе – Сырдария арқылы келетін су мөлшерінің белгісіздігі. Өйткені, жобаға қыруар қаржы жұмсалғанымен, Солтүстік Аралды толтыратын су болмай қалу қаупі де бар. Сондықтан мәселені жоғарыдан, яғни, Сырдария бастауынан іздеу керек. Ол үшін жауын-шашын, еріген қар суын жинақтайтын көлдер жүйесін жаңартып, тоспаларды бүтіндеудің пайдасы зор. Бұған дейінгі жобаны талқылау бойынша өткен кездесулер қорытындысына сүйене отырып, су ресурстарын есептеудің негізгі төрт жолын қарастырып отырмыз, – деді Мехди Шафиифар.

Жиында Сырдария өзенінің арнасын реттеу үшін алты су қоймасын – Қараөзек, Жаңадария-Қуаңдария, Күміскеткен, Нәнсай, Шиелі-Телікөл және Жаңақорғандағы Тайпақкөл, Қандыарал көлдер жүйесін қалпына келтіру жобалары таныстырылды.

Сондай-ақ, Халықаралық Аралды құтқару қоры жобаның екінші компонентіне бірқатар жобаларды біріктіріп, тиісті ұсыныстар әзірлеген. Жиында қордың атқару дирекциясының директоры Болат Бекнияз су ресурстарын пайдалану арылы тұрақты экономикалық, әлеуметтік және экологиялық дамуға қол жеткізуді көздейтін екінші компонент жобаларын таныстырды.

– Жобаның екінші компоненті ауыл шаруашылығы, балық өндіру, өсімдік шаруашылығы, суармалы егіншілік, туристік секторда жұмыс істейтін кәсіпкерлерге қолдау көрсету бойынша ұсыныстарды қамтиды. Облыс әкімдігі мен сарапшылардың ұсыныстары негізінде біріктіріліп, ұсынылып отырған бұл жобалардың жалпы құны – 280 млн доллар. Оларды іріктеу үшін облыс әкімдігі жанынан комиссия құру қажет, – деді Болат Бекнияз.

Айта кетерлігі, жобаны ирандық компания «Қазгипроводхоз» жобалау институтымен бірлесе дайындауда. Кеңесте жобалау институтының бас директоры Анатолий Рябцев бұған дейін облыс әкімдігінде өткен кездесуде айтылған ұсыныс-пікірлерді ескере отырып дайындалған жобаны жүзеге асырудың үш нұсқасын ұсынды.

– Жобаның бірінші нұсқасы Солтүстік Арал теңізін сақтау үшін Көкарал бөгетін қазіргі 42 метр деңгейінен 46-ға дейін көтеріп, бір деңгейлі теңіз жасауды көздейді. Бұл жағдайда су қазіргі сағасымен «Көкарал» бөгеті тұсынан құяды. Екінші нұсқада Солтүстік Арал айдынын екіге бөліп, жоғарыда су деңгейін 50 метр деңгейінде жинау қарастырылған. Ол үшін Үшшоқы тұсынан тағы бір бөгет салынып, су Қамбаш көлінен 60 шақырымдай канал арқылы Үлкен Сарышығанақ шығанағына жеткізіледі. Ал, үшінші нұсқа бойынша Солтүстік Арал бір деңгейлі болады, су Қамыстыбас көлінен канал арқылы тартылады. Ол үшін «Көкарал» бөгетінің деңгейін 50 метрге дейін көтеру керек, – деді Анатолий Рябцев.

Кеңесте ұсынылған үш жобаның да кемшіліктері мен артықшылықтары талқыға түсті. Мемлекетаралық су шаруашылығын үйлестіру комиссиясы ғылыми-ақпараттық орталығы Қазақстандағы филиалының директоры Нариман Қыпшақбаев сонау 1993 жылы 5 мемлекеттің басшылары қол қойып, қабылдаған құжатта ешқандай Сарышығанақты толтыру деген түсініктің не мақсаттың жоқ екенін, сол мемлекетаралық құжаттың талабы бойынша дайындалған САРАТС жобасының басты мұраты – Кіші Аралды сақтап қалу екенін айтты. Сондықтан Саршығанаққа Қамбаштан су тартып апару нұсқасы 1994 жылы қабылданған негізгі құжатқа қайшы.

Ал, қоғам қайраткері Нәжмадин Мұсабаев бұрын әзірленген САРАТС-2-нің дайын жобасын негізге алу керек деген пікір білдірді.

– САРАТС-1 жобасы аясында «Көкарал» бөгеті, «Ақлақ», «Әйтек» плотиналары тұрғызылды. Нәтижесін халық көріп отыр. Жоба 2005 жылы бітті. Сол кезде екінші кезеңінің де жобасы дайын болды. Дегенмен, әртүрлі себептермен басталмай қалды. Оған қатысты түрлі пікір қайшылықтары он жеті жылдан бері жалғасып келеді. Бүгінде ұсынылып отырған бір деңгейлі, екі деңгейлі теңіз деген жоба нұсқаларының сол кездегі дайын жобадан айырмасы неде? Сонау 2013 жылы басталуы керек болған, кезінде барлық қажетті сараптамалардан өтіп, оң қорытындысы алынған САРАТС-2-нің дайын жобасы бар емес пе? Дайын жоба тұрғанда, неге бұл үш нұсқаның бірін таңдау керек деп дауласып жүргеніміз түсініксіз, – деді Нәжмадин Мұсабаев.

Су шаруашылығы саласының ардагері Сұлтанбек Тәуіпбаев биылдың өзінде жобаның екінші кезеңі үшінші рет талқыланып жатқанын айтып, ұсынылған үш жобаның бірін тез арада мақұлдау қажетін алға тартты.

–. САРАТС-1 жобасында бастапқыда «Әйтек» плотинасын салу жоспарда болмаған еді. Кейін үнемделген қаржыға салынды. Сол секілді екінші кезеңді жүзеге асыру кезінде де жобаны жетілдіре түсуге мүмкіндік болады деп ойлаймын, – деді ол.

Тәуелсіз сарапшы журналист Айткүл Шалғынбаева САРАТС жобасының оның 1-кезеңінде жіберілген қателіктері көп екенін айтады.

– «Әйтек», «Ақлақтың», «Көкарал» бөгетінің құрылысында жіберілген ақаулар жобаның екінші кезеңінің басталуына кесірін тигізіп тұр деп ойлаймын. Мәселен, «Әйтек» судың мол жағдайында мұздың ұстасуын көтере алмайтын боп шықты. Өйткені жобадан ауытқушылық бар. «Көкарал» да сондай. Ақлақ та. Сол ауытқушылықтың артын жабу үшін жоғарыдағылар мен сол заманда құрылысқа жауапты тұлғалар бірдеңгейлік вариантқа қарсы боп отыр. Әйтпесе қандай адам өңірдің көлдер жүйесі мен қоршаған ортаның табиғи балансын ұстап тұрған Қамбаштан канал тарту нұсқасын, көрер көзге антиэкологиялық нұсқаны неге қолдайды? Менің ойымша, ұсынылып отырған екі деңгейлі теңіз жобасы – Арал өңіріне екінші экологиялық апат әкелетін жоба, – деді Айткүл Шалғынбаева.

Ал, жазушы-эколог Сайлаубай Жұбатыров екі деңгейлі теңіз идеясы сонау 90-жылдардың басында пайда болғанын, сол кездегі Балық шаруашылығы министрі Құдайберген Саржанов Мәскеуде жобаның тиімсіздігіне дәлелдер келтіргенін айтты.

– Сол кезде Мәскеуде де мақұлданбаған, халықтың ортақ шешімімен тоқтатылған мәселені қайта көтерудің не керегі бар? САРАТС-1 жобасын жүзеге асыру кезінде болашақта Сырдария суы тапшы болады деп, «Көкарал» бөгетін жоспарланған 46 метр емес, 42 метр деңгейінде қалдырған болатын. Содан бергі 17 жылда Үлкен Аралдың сорына 1,5-2 Кіші Аралды толтыруға жететін су босқа ағып кетті. Онымен бірге қаншама халықтың ризығы – миллиондаған тонна балық та кетті. Бүгінде Үлкен Аралдың табанында жатқан балық сүйегінің қалыңдығы бір метрден асады. Бұл – экология тұрғысынан Аралға жасалған үлкен қылмыс. Оған жауапты кім? Жобаның бірінші кезеңінің басы-қасында кімдер жүрді? Халық тарапынан бұл мәселе де көтеріліп жатыр.

Екіншіден, жобада ұсынылып отырған екі деңгейлі теңіз жобасын түбегейлі алып тастау керек деп ойлаймын. Қамбаш көлінен канал арқылы Үлкен Сарышығанаққа дейін су апару – экологиялық тұрғыдан тиімсіз, өз шығынын ақтамайтын жоба. Сондықтан, барлық қаржы көздерін тарта отырып, «Көкаралды» 51 метр деңгейіне көтеру керек, – деді Сайлаубай Жұбатыров.

Кеңесте Қамбаштан канал арқылы су тартудың көлдің экожүйесіне кері әсері тимей ме деген мәселе де көтерілді. Кеңес мүшелері тарапынан су өткізбелі болған жағдайда мыңдаған жыл бойы табиғи қалпын сақтап тұрған көлдің ахуалы күрт нашарлайды деген пікір айтылды. Дегенмен, жобаны жасаушылар ихтиолог ғалымдардың Қамбаштың су өткізбелі болуы қайта оның экожүйесіне, балық миграциясы мен жайылымына, уылдырық шашуына қолайлы болады деген сараптама қорытындысы бар екенін жеткізді. Ал, су шаруашылығы саласының ардагері Айтбай Көшербай жер ыңғайын ұтымды пайдалана отырып, екі деңгейлі теңіз жобасын Қамбаш көлінен канал тарту арқылы емес, Тұщыбас арқылы Бөгеннің сыртымен Қаратүпке жалғап, сол арқылы Үлкен Сарышығанаққа су жеткізуді ұсынды.

Сондай-ақ, кеңесте су шаруашылығы саласының ардагері Дәулетияр Баялимов, басқа да облыстың су шаруашылығы саласының мамандары мен ардагерлері ұсыныс-пікірлерін ортаға салды.

Жиында «Көкарал» бөгетінің оңтүстігінде жаңа су қоймасын құру туралы да ұсыныстар айтылды. Жаңа су қоймасы Кіші Аралдан осы уақытқа дейін кеуіп қалған Ұлы теңізге кетіп, құмға сіңіп жатқан суды жинақтауға септігін тигізер еді. Сарапшылардың айтуынша, соңғы он бес жылда шамамен 45 миллиард текше метр немесе жыл сайын орта есеппен үш миллиард текше метр су шығын болып отыр.

Жалпы, «Сырдария арнасын реттеу және Солтүстік Арал теңізін қалпына келтіру» жобасы төңірегіндегі пікірталас, іске асыруға жоспарланған жобаның мақсаттары мен міндеттеріне әлі де нақты әрі біржақты көзқарастың жоқтығын көрсетті. Оған қоса кеңесте ұсынылған жоба нұсқаларының нақты сомасы да көрсетілмеген. Жобаны жүзеге асыруда басым бағыттың не екені де анық емес. Жоба жүзеге асқан жағдайда балық шаруашылығының мүддесі қаншалықтың қорғалады, халықты жұмыспен қамту мәселесі қаншалықты шешім табады, су ресурстарын тиімді пайдалану, экологиялық жағдайды жақсартуға қаншалықты оң әсерін тигізеді? Жобаның осы секілді маңызды тұстары түпкілікті жүйеленгеннен кейін ғана нақты іс-әрекетке көшу мүмкін болмақ.

Дегенмен, кеңестің кезекті отырысында үш нұсқаның да экологиялық аспектісі алдыңғы қатарға шығарылды. Сөйтіп Кіші Аралды сақтап қалу жобасының екінші кезеңін жүзеге асыруда экологиялық зардапсыз нұсқасын қарастыру талап етілді. Жиын соңында облыс әкімінің бірінші орынбасары Серік Қожаниязов жобаның, ең алдымен, экологиялық жоба екенін естен шығармау қажетіне тоқталып, теңізді қалпына келтірумен қатар, Ақсай, Қуаңдария, Ақшатау, Қамбаш көлдер жүйесін сақтап қалу мәселесі де назарда болуы керегін айтты.

Кеңес мүшелері жыл аяғына дейін бір нұсқаны таңдауы тиіс. Өйткені әлемдік банк келесі жылы грантты жауып тастамақ. Сол себепті қайтарымсыз қаржыдан қағылмауы үшін бассейндік кеңес мүшелері күзде нақты шешім қабылдайтын болып уағдаласты.

Биболат СӘТЖАН,

«Сыр бойы»

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<