Уақыттан қымбат сыйлық жоқ

444

0

Біз неге уақытқа ерекше мән береміз?! Өйткені, уақыт қайта айналып, орнын толықтырмайды. Кеше ғана сәби болып жүргендер, көзді ашып жұмғанша жастық дәуренге аяқ басады. Одан кейін орда бұзар отыз жас, сосын қамал алар қырықтың шағы. Міне жүрдек пойыздай жылжыған өмір жалғаса береді. Осы ғұмыр кезеңінде адам баласының кез келген істі ұршықша иіріп, тың жаңалықтар жасайтын кезі – жастық шақ.  Десек те қазір жастардың көпшілігі уақытын құр кетіріп жатқандай. Көбісі көп уақытын кино көруге, әлеуметтік желілер арқылы тілдесуге, одан қалды онлаин ойындарға арнауда. Ал бәзбіреулер теледидар алдынан тапжылмайды. Осылай жас кезінде бейнет көрмеген жанға қартайғанда зейнет бұйырмайды. Сондықтан жас өрен осы сәттен бастап уақытын тиімді пайдаланғаны абзал. Ол қалай жүзеге асады?

Тіл үйрену. А.Чехов: «Қанша тіл білсең – сонша адамсың» деген. Яғни, бір тіл білсең бір, екі тіл білсең екі адамның ролінде боласың. Тіл үйренудің зияны жоқ, қайта пайдасы ұшан-теңіз. Бір қадеңізге жарары даусыз. Әрбір студент өз мамандығына байланысты кәсіби шет тілін меңгерсе, алдағы уақытта жүйелі жұмыс істеуге пайдасын тигізері анық. Ал, қарапайым қарым-қатынас орнату үшін көп тілді білу артық етпейді. Егер бос уақытты өзге тілді игеруге жұмсасақ, біз болашағымыздың іргесін қалап қана қоймай, мемлекет мәртебесін асқақтатуға  үлес қосамыз.

Театрға бару. Тәрбие ордасы саналатын орынға табан тіреп, бас сұғу әр адамның мәдениеттілігін арттырып, рухани азықтандырады. Өмірдің өзінен алынған қойылымдар оңы мен солын енді ажыратып келе жатқан жас өренге дүние құндылықтары мен адам бойында кездесуге тиіс қасиеттерді ұғындыра алады. Сондай-ақ театрға барған жастың ойлау қабілеті дамып, шығармашылық шабыты оянады. Әрі күйбең тіршіліктен бір рет басын көтеріп, жанға азық болар демалыс алады.

Кітап оқу. Кітапты оқу ешуақытта артық етпейді. Қайта айналып келмейтін уақытты біліммен сусындап өткізсеңіз өкінбейтініңіз анық. Себебі кітап оқу арқылы сіз білім деңгейіңізді көтеріп, сөздік қор мен тіл байлығыңызды арттырасыз. Жадыңыз да көнермейді. Ең қызығы, ағзаңыздың қартаймауына сеп боласыз. Бұл туралы егде адамдармен жұмыс істейтін федеральді біріккен ұйымның қызметкері Урсула Ленз былай дейді: «Егде адамдар үшін кітап оқу пайдалы екендігіне бірнеше себеп бар. Біріншіден, оқылған сөзді санада бейнеге айналдыру қабілеті когнитивті қызметке жақсы әсер етеді. Екіншіден, оқу ойын жинақтауға көмектеседі. Сондықтан оқудың қартайғанда да  белсенді ақыл-ойды сақтап қалуға пайдасы бар екен».

Кітап оқудың алып келер тағы бір пайдасы көңіл-күйіңізді жабырқаудан арылтады.

Қолөнермен айналысу. Хакім Абай: «Егер мал керек болса, қолөнер үйрен» деген. Бірақ қолөнер шеберлігі тек ақы табудың ғана емес, бос уақыты тиімді өткізудің қолайлы тәсілі. Бұл өнермен айналысу денсаулыққа да пайдалы. Мәселен, бас ауруы мен құлақ шуынан арылуға, ми шаршаған кезде, жүйке жүйесі күйзеліске ұшыраған кезде таптырмайтын өнер. Сонымен қатар қол тігісімен айналысу сыртқы көздер мен дуадан да қорғай алатын қасиетке ие.

Спортпен шұғылдану. Салауатты өмір салтын ұстанудың пайдасын егжей-тегжейлі айтпай-ақ әр адам біледі деген сенімдеміз. Сол себепті спортпен айналысуды әдетке айналдырған абзал. Салауатты өмір салтын ұстану арқылы денені шымыр, ойды тынық, ми жұмысын ширақ етуге де болады.

Олай болса, жас дос! Уақытты бос өткізбей, ұждан алдында ұятты болудан сақтаныңыз.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<