Жаңа әлеуметтік кодекс заңды күшіне енді

916

0

1 шілдеден бастап жаңа Әлеуметтік кодекс күшіне енді. Жаңа құжаттың басты міндеті – халықтың осал топтарын қамқорлыққа алу және азаматтардың негізгі құқықтарын қамтамасыз ету болып табылады. Жаңа кодекс – 5 бөлімнен, 22 тараудан және 263 баптан тұрады.

Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте Қызылорда облысы бойынша Еңбек және әлеуметтік қорғау департаментінің басшысы Ертілеу Жалғасбаев хабарлады.

– Жаңа құжатта бала туғаннан кәмелетке жасқа толғанға дейінгі әлеуметтік қолдауды, еңбекке қабілетті жастағыларды жұмыспен қамтуды, еңбек қауіпсіздігін, әлеуметтік сақтандыру іс-шараларын, жасы ұлғайған шақтағы қолдаулардың барлығы енді осы бір құжатпен арқылы реттеледі. Әлеуметтік кодекстің негізгі бес жаңалығы бар. Атап айтқанда, біріншісі – отбасының цифрлық картасы, екіншісі – мемлекеттік әлеуметтік қолдаудың жаңа парадигмасы, үшіншісі – әлеуметтік қызмет көрсету жүйесін толық трансформациялау, төртіншісі – зейнетақы жүйесінің тиімділігін арттыру болса, бесіншісі – жұмыспен қамту саласын жаңарту. Сонымен қатар қабылдаған әлеуметтік кодекске сәйкес, 2024 жылдан бастап Ұлттық қор есебінен 18 жасқа дейінгі балаларға тұрақты жәрдемақы беріле бастайды. Бұдан бөлек, бала күтімі бойынша берілетін мемлекеттік көмек бір жастан бір жарым жасқа дейін ұзартылды, – деді департамент басшысы Ертілеу Шынтасұлы.

Жаңа әлеуметтік кодекстің заңдылығына сәйкес, мемлекеттік жәрдемақы түрлерінің мөлшері орташа есеппен 14,5 пайызға арттыру көзделді. Осыған сәйкес, бірқатар арнаулы мемлекеттік көмектің кейбір түрлері ұлғаятын болады.

– Азаматтарға берілетін әлеуметтік топтама енді қаржылай төленетін болады. Тиісінше, азық-түлік пен тұрмыстық заттар жиынтығының орнына әр балаға 1,5 АЕК мөлшерінде қосымша төлем төленеді. Бұдан бөлек, жаңа әлеуметтік кодексте мүгедектігі бар азаматтарға көрсетілетін арнаулы әлеуметтік қызметтерге қолжетімділігін арттыру қарастырылған, – деді облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы Ғабит Жаңабаев.

– 1 шілдеден бастап әлеуметтік төлемдердің мөлшері 14,5 пайызға өсті. Осылайша азаматтарды әлеуметтік қамсыздандыру жүйесінде қамту шаралары белсенді жүргізілуде. Бұл мақсатта мүгедектігі бар азаматтарға және олардың күтушілеріне төленетін төлемдер әлеуметтік аударымдар арқылы аударылады, – деді Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру АҚ ҚОФ директоры Гүлсім Денеева.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<