Жаңашыл жобаларға жол ашық

475

0

Биыл Жалағаш ауданының бюджеті 10 млрд 92 млн теңге болып бекітілген еді. Жыл басынан бері қосымша бөлінген нысаналы трансферттер арқылы бұл көрсеткіш 11,3 млрд теңгеге жетіп отыр. Бұл ретте жергілікті салық түсімі 1 млрд 360 млн теңгеге орындалған. Атқарылған өзге де жұмыстар туралы аудан әкімі Асылбек Шәменов өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте жан-жақты баяндады.

Есепті мерзімде мемлекеттік бағдарламалар аясында шағын және орта кәсіпкерлікті дамыту бойынша 2,6 млрд теңгеге 334 жоба қаржыландырылып, 417 адам жұмыспен қамтылған. Биылғы 9 айда 7,3 млрд теңгенің өнеркәсіп өнімі өндіріліп, былтырмен салыстырғанда 82,1 процентке артық орындалған. Оның ішінде өңдеу өнеркәсібі шаруашылықтардың күріш ақтау есебінен 3,3 есеге өсіп, 5,5 млрд теңгенің өнімі өндірілген.

Аудан бойынша 36231 гектар жерге егін егілді. Оның ішінде 19800 гектарына күріш егіліп, әр гектардан 62,3 центнерден өнім алынған. Жалпы есепті мерзімде ауыл шаруашылығы өнімдерінің өндірісі 18 млрд 519 мың теңгені құрап отыр.

– Егін шаруашылығымен бірге аудан экономикасының негізгі резервінің бірі – мал шаруашылығы да тұрақты дамуда. Атап айтсақ, 106 кәсіпкер мал шаруашылығымен, оның ішінде 88-і «Сыбаға» бағдарламасымен айналысуда. Аудан көлемінде асылтұқымды малдың үлесі 2 процентке, жылқы 0,16, қой 24 процентке өсті, – деді аудан әкімі.

Қазіргі кезде жалағаштықтар толығымен орталықтандырылған ауызсумен қамтамасыз етілген. Аудан көлеміндегі республикалық маңызы бар 50 шақырым, облыстық маңызы бар 91 шақырым автомобиль жолының жағдайы қанағаттанарлық. Аққыр, Жаңадария, Мәдениет, Аққұм, Жаңаталап, Бұқарбай батыр елді мекендерінің электр жүйелері қайта жаңғыртылған.

Биыл Жалағаш кентін газдандыру жұмыстары толық аяқталды. Кенттегі тұрғын үйлердің 48 проценті газ желісіне қосылды.

– Әлеуметтік нысандардан №202 орта мектеп, жабық жүзу бассейні және орталық аурухана газ желісіне қосылды. Бұл жұмыстар алдағы уақытта кезең-кезеңімен атқарылады. Елді мекендерді газдандыру қолға алынды. Биыл Ақсу ауылына «көгілдір отын» жеткізу үшін  жоба-сметалық құжаттар әзірлеуге аудандық бюджеттен 9,2 млн теңге қаржы бөлінді, – деп атап өтті А.Шәменов.

Жол картасы аясында Жалғаш кентінде құны 307 млн теңгені құрайтын жабық бассейін салынып, қолданысқа берілді. 19 адам жұмыспен қамтылып, үйірмеге 100-ге жуық бала қатысып күніне 30 адамға ақылы қызмет көрсетуде.

Ауданда  халық саны – 35 267 адам. Оның 14664-і экономикалық белсенді. Жалпы жұмыссыздық деңгейі 5,1 процентті құраса, жастар арасындағы жұмыссыздық деңгейі – 4,3 процент. Тоғыз айда 1986 жаңа жұмыс орны ашылып, жылдық жоспар 147,9 процентке орындалған. Нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған «Еңбек» бағдарламасы аясында биылғы 1 қазандағы жағдай бойынша 1474 адам бағдарламаға қатысушылар құрамына енген. Бағдарламаның бірінші бағыты бойынша 31 адам кәсіптік оқытудан өтіп,  жұмыспен қамтылған. Екінші бағыт бойынша 64 адамға 296,9 млн теңге шағын несие берілген. Қосымша 24 жұмыс орны ашылды.

Ауданда білім беру, денсаулық сақтау, мәдениет, спорт салалары бойынша да  ауқымды жұмыстар атқарылған.

Айнұр БАТТАЛОВА,

«Сыр бойы»

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<