Осыдан екі жыл бұрын елімізде құрылған «Жаңа адамдар» қозғалысына Әсел Бәденова жетекшілік етеді. Алғашқыда 50 адаммен жұмысын бастаған бұл жастар ұйымының қазір 15 мыңға жуық мүшесі бар.
«Жаңа адамдар» қозғалысы қоғамда түрлі іс-шаралар өткізіп, көзге түсуде. Осы кезге дейін өткізген шаралардың қатарында «124», «Жоқ!», «Тұмар», «ВандализмOff», «AntiTrash», «Халық қаһары», «Баланы ұрма!» деп аталатын әлеуметтік жобалары да бар.
Жалпы бұл ұйым қалай құрылды? Оның мақсаты не деген сауал әркімді ойландырары анық. Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Жаңа Қазақстан» идеясымен атауы үндес «Жаңа адамдар» жастар қозғалысы 2022 жылғы 22 желтоқсанда ресми тіркелген. Қозғалыстың 10 құрылтайшысы бар. Барлығы бұқаралық ақпарат құралдары арқылы осы ұйымның белсендісі ретінде танылған.
Президент «Жаңа адамдар» жастар қозғалысын құру туралы бастаманы құптап, белсенді жастарға әрдайым қолдау көрсетететін айтып жүр. Жуырда Мемлекет басшысы осы қозғалыстың жастары ұйымдастырған форумға қатысты.
Онда қозғалыс жетекшісі Әсел Бәденова Президентке ұйымның осыған дейін атқарған істері мен азаматтық бастамаларын таныстырды. Айтуынша, қазіргі кезде қозғалыстың 19 қалада кампусы, 15 мыңға жуық белсенді мүшесі бар.
Қозғалыс елімізде ондаған азаматтық бастамалар мен акцияларды ұйымдастырып үлгерген. Жастар вандализммен, рұқсат етілмеген жерге қоқыс төгушілермен, кәмелетке толмаған балаларға ішімдік сатушылармен, есірткі таратушылармен және басқа да әлеуметтік кеселдермен күрес жүргізіп, өздерінің азаматтық ұстанымдарын ашық әрі белсенді білдіріп жүр.
Мемлекет басшысы форумға жиналған жалынды жастардың бойындағы Отанға, елге деген сүйіспеншілік пен құрметке ризашылығын білдіріп, көзі ашық, көкірегі ояу азаматтардың әр жетістігіне қуанатынын, әр бастамасын қолдайтынын жеткізді.
«Жаңа адамдар» – жаңа қоғамның айнасы. «Жаңа адамдар» – жаңа болмыс! Бұл – өз еліне адал жастардың қозғалысы! Біздің стратегиямызға қолдау білдірген сіздерге алғыс айтамын. Реформаларымыздың мән-маңызы ұрандарыңызда көрініс тапқан. Бұл өзгерістер Әділетті Қазақстанды құру, «Заң мен тәртіпті» қамтамасыз ету тұжырымдамасына негізделген.
Қазақстанның жастары жасампаз. Мен мұны үнемі айтып жүрмін. Жаңа ғана өте жақсы ойлар айтылды. Тың идеялар, игі бастамалар бар. Сіздердің сөздеріңізді тыңдап, форум атмосферасын сезіне отырып, кеудемді мақтаныш кернеді. Қазақстанның болашағына деген сенімім нығая түсті. «Жас келсе, іске!» деп бекер айтпаған. Еліміздің келешегі ойы ұшқыр, білімі терең, көзқарасы заманауи жастардың қолында. Мен Президент ретінде сіздерге зор үмітпен қараймын, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Мемлекет басшысының пікірінше, ел үшін адал қызмет ету – жауапкершілік алудан қорықпайтын, батыл азаматтардың қолынан келетін жұмыс.
«Жаңа адамдар» қоғзалысының облыстағы филиалына Мөлдір Бекетова жетекшілік етеді. Бүгінде оған 345 жас тіркелсе, оның 143-і белсенділігімен көзге түскен. Олар ешқандай өзгерісті күтпейді, сол өзгерісті өздерінен бастайды.
– «Жаңа адам болу дегеніміз не?» деген сауалға жауап беріп кетейін. Бұл – қоғамдағы болып жатқан әрбір іске жаңаша көзқараспен қарау, жаңаша әрекет ету, батыл реформалар ұсыну. Әрине, оңай емес. Мыңдаған кедергіні еңсеріп, жүздеген стереотипті бұзуға тура келеді. Президент халыққа арнаған Жолдауында үнемі жастарға да назар аударады: «Еңбекқорлық, білімге басымдық беру, прагматизм және кәсіпкерлік орталығында болатын әлеуметтік және жеке құндылықтардың бүкіл жүйесін қайта жүктеу қажет. Дүниетанымды өзгерту, әлеуметтік үміттерді масылдықтан шығармашылыққа, еңбекқорлыққа қайта баптау керек» деген сөздерімен үндес «Жаңа адамдар» өз жұмысын жауапкершілікпен атқаруда. Кездесуде біз жастар қозғалысының қазіргі уақытқа дейін атқарған жұмыстарымен танысып, Мемлекет басшысының қолдауын тағы бір сезіндік. Біздің міндетіміз – көшбасшыларды тәрбиелеу, әрбір азаматтың даму әлеуетін, дербестігін қамтамасыз ету.
Астанада өткен форумға облыстан 18-30 жас аралығындағы 93 белсенді қатысты. Форум болашаққа деген сенімімді нығайтты. Әр бастамамызға Мемлекет басшысының қолдауын сезініп, дұрыс мақсатта жұмыс істеп жүргенімізге көз жеткіздік. Біз өмірімізді біреу өзгертеді деп күтпейміз. Жауапкершілікті өзімізге аламыз. Жаңа жылда көп идеялар мен жобаларға ұмтылып, жұмыс қарқынын арттыруды жоспарлап отырмыз. Бірақ, ең бастысы, еліміздегі өзгерістер үшін жауапкершілікті өз мойнына алуға дайын адамдарды көбірек қатарға қосқымыз келеді, – дейді филиал жетекшісі.
Айсәуле ҚАРАПАЕВА,
«Сыр бойы»
>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<