Жемқорлық жасаған құқық қорғау органдары қызметкерлері мен судьяларға жаза күшейтілді

659

0

Қазақстанда жемқорлыққа барған құқық қорғау органдары қызметкерлері мен судьяларға тағайындалатын жаза күшейтілді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Құқық қорғау органдарының қызметкерлері мен судьялар жемқорлыққа барған жағдайда оларға тағайындалатын жаза күшейтілді. Өздеріңіз білетіндей, құқық қорғау органдарының қызметкерлері мен судьялар ерекше құзыретке ие. Сол себепті олардың жемқорлыққа баруы – қоғамдық қауіптіліктің артқанын көрсетеді. Осыған байланысты олардың жемқорлық үшін қатаң жазаға тартылуы да заңды. Ендігі кезекте заң бойынша бірқатар жемқорлық қылмыс үшін оларға салынатын санкциялар мен құқықтық салдар едәуір ауырлады», – деді ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі төрағасының орынбасары Олжас Бектенов ОКҚ-да өткен баспасөз мәслихатында.

Олжас Бектенов Қылмыстық кодекстің 366-бабын мысалға келтірді. Айтуынша құқықтық алаңда бұл бап көп қолданылады.

«Қазіргі редакцияға сәйкес, тағайындалған санкциялардың мөлшері лауазымға қарамайды. Санкциялардың градациясы тек параның көлеміне қарай есептеледі. Аз көлемде, орташа деңгейде, ірі көлемдегі пара түрлері бар. Ендігі кезекте 366-бапқа жаңа құрам, яғни 1-бөлік 1-тармағына сәйкес, жемқорлыққа барған құқық қорғау органдарының қызметкерлері мен судьяларға 5 жылдан 6 жылға дейін бас бостандығын айыр жазасын тағайындалады. Бір қарасаңыз, санкция соншалықты күшейе қоймаған секілді. Бірақ мұның құқықтық салдары ауыр. Яғни егер құқық қорғау органдарының қызметкерлері мен судьялар 50 АЕК мөлшеріне дейін пара алса, бұл қылмыс ауыр қылмыс санатына жатқызылады. Бұрын бұл қылмыс ауырлығы орташа қылмыс ретінде саналып келген еді», – деді ол.

Осылайша жемқорлыққа барған құқық қорғау органдарының қызметкерлері мен судьялар бұл қылмысты жасаса, мерзімінен бұрын босап шығу құқығынан айырылады. Екіншіден олар қауіпсіздігі төмен түзеу мекемесінде жазасын өтеу мүмкіндігіне ие болмайды.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<