Жерлестердің айқын жеңісі

618

0

Шымкент қаласында 10-15 қыркүйек аралығында баскетболдан 2005-2006 жылы туған жасөспірімдер арасында ҚР чемпионаты өтті. Онда Қазақстанның әр түкпірінен келген 9 команда бақ сынады.

Тартысты өткен баскетбол бәсекесінде Қызылорда облысының командасы І орын алып, алтын медальді қанжығасына байлады. Айта кетейік, бұл – Сыр спортының тарихындағы алғашқы жеңіс. Бұған дейін баскетболдан облыстың жасөспірімдер командасы ел чемпионаттарында топ жармаған.

– Бұл жеңіске біз 4 жыл дайындалдық. Өйткені «Covid-19» пандемиясы біраз уақыт чемпионаттың тоқтауына әкелді. Балаларды қайтадан бәсекеге қабілетті деңгейге шығаруға тура келді. Сөйтіп, оларды дайындықтың барлық кезеңдерінен қайта өткіздік. Ал жарыста бұған дейін жасаған қателіктерімізді түзеуге мүмкіндік алдық. Нәтижені көрдіңіздер, айқын жеңіске жеттік. Бұл – тарихи сәт. Қолдау білдірген барша жандарға алғыс айтамын. Әйтпесе, мұндай жетістікке жету қиын еді, – деді команда жаттықтырушысы Александр Жавзмагин.

Ойын жайлы аз-кем айта кетейік. 4 кезеңнен тұратын додада қызылордалық ұжым бірінші ойынды жергілікті Шымкент командасына қарсы өткізіп, алаң қожайындарын ірі есеппен жеңді. Қорытынды есеп 84:62. Келесі кездесуде Александр Жавзмагин шәкірттері Созақ командасын 59:16 есебімен ойсыратып, одан соң қарсыласы «Шымкент-Жастарды» 78:41 есебімен ұтты. Төртінші кезең бастала салысымен қызылордалық ұжым азулы қарсыластары елордалықтармен иық тірестіріп, басымдыққа ие болған. Алайда, соңындағы бірнеше қателік, бұл ойында жеңіске жетуге мүмкіндік бермеді. Сөйтіп, 75:78 есебімен есе жіберді. Бірақ турнир кестесінде орнын жоғалтпай, топтан шықты. Жартылай финалда алматылық ұжымнан 78:62 есебімен басым түсіп, финалға қиындықсыз өтті. Ал ақтық сында Сыр спортшыларын қарымта кездесу күтіп тұрды. Бұл ойын да тартысқа толы болды. Соңғы кезеңде сырбойылықтар елорда командасының мысын басып, 90:71 есебімен алға шықты да, осы ұпайды ойын соңына дейін ұстап қалды. Ал командадан Дмитрий Денисов чемпионаттың «Үздік ойыншысы» деп танылды. Ол 6 ойында 118 ұпай жинады.

Айтпақшы, команда құрамындағы 11 баскетболшы Қызылорда қаласынан болса, 1 баскетболшы Жаңақорған ауданынан.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<