Әжімбет жасаған асадал

573

0

Қай дәуірде болмасын қазақ ұсталары жасаған дүниелері өз құндылығын ешқашан жоғалтқан емес. Оның дәлелі – еліміздің музейлер қорларындағы сақтаулы тұрған ұлттық үй жиһаздары.

Жалпы қазақ халқы үй тұрмысында жиһаздардың бірнеше түрін пайдаланған. Солардың бір түрі – асадал. Этимологиясы «ас және адал» деген сөздерден құралады. Жиһаз негізінен шкафтың қызметін атқарған. Этнографиялық деректерге қарағанда асадалдың бірнеше түрі болған және түркі халықтарының бәрі пайдаланған екен.

Cолардың бірі – буфет етіп жасалған асадал. Жиһаздың бұл түрі кебежеге қарағанда биік, бүгінгі күні әр үйде тұратын «буфет шкаф» қалыбына келеді. Осыдан-ақ, өткен заманның дүниелері заманауи пішінмен бүгінге қайта оралып жатқандай. Асадал қазіргі уақытта облыстық тарихи-өлкетану музейінің «Этнография» залында орналасқан.

– Асадал қазіргі уақытта елімізде сақталған басқа асадал түрлеріне ұқсамайды және өзіндік пішінімен ерекшеленеді. Асадалдың екі ашпалы есігі бар. Ең үстіңгі ашық бөлігіндегі ою-өрнектерде көңіл аударарлық. Маңдай бетіндегі гүл тәріздес оюлар және қаз мойын өрнектермен өз реңкін, нақышын тапқан. Ал бет жағы, екі жаны төрткүлденген және бір зер саларлық нәрсе төрткүл іші қауызын жарған гүл тәріздес ою бедерленіп, айналасына оюмен безендірілген өрнектер жүргізілген. Асадалды жасау барысында ақ, қара, қызыл және сары түстер пайдаланылған. Осындай әртүрлі ою-өрнек, түстердің бір-бірімен қиылысуы, үйлесуі, шебердің ұсталық өнерінің жоғары дәрежеде болғандығын көрсетеді, – дейді музей қызметкері Әйгерім Бекқұлиева.

Асадалдың авторы – ХХ ғасырдың І жартысында Арал-Қазалы өңіріне танымал болған Әжімбет Қарайғыров деген ағаш ұстасы. Ол 1888 жылы дүниеге келген, 1937 жылы Сталиндік зұлматтың құрбаны болған, 1953 жылы қайта ақталған. Музей қызметкерлері тарапынан жүргізілген ғылыми-зерттеу жұмыстары асадалдың бетінде халық арасында «Қараның Әжісі» деген есіммен таныс ұстаның тал бесіктен жер бесікке дейінгі басынан өткерген өмірін ою-өрнектер көмегімен суреттегінін көрсетті.

Бұл жерде асадалдың Қазақ ССР-нің Мәдениет министрі Өзбекәлі Жәнібековтің қызығушылығын тудырғанын айтуымыз қажет. Сол кездегі музей қызметкерлерінің айтуынша, Өзбекәлі ағамыз асадал бетіндегі ою-өрнектерге алғаш рет сипаттама берген. Ұстаның балғын балалық шақтан егде тартқан кезіне дейінгі қызығы мен қиындығы қатар жүрген өмір жолын ою-өрнектер тілімен баян еткенін және аталған асадалдың қазақ даласында өте сирек кездесетінін айтып кеткен екен. Өкініштісі, асадалдың сипаттамасы қағаз бетіне түспеген. Осының өзі Әжімбет ұстаның қолынан шыққан дүниелер қазақтың ағаш өңдеу өнеріндегі бірегей құндылық деп айтуымызға әбден болады.

Жергілікті халықтың айтуынша, Әжімбет ұста көптеген құрал-сайман, әр түрлі жабдықтар және басқа да үлкенді-кішілі үй жиһаздарын жасаған. Келешекте халық қолында сақталған ұстаның төл туындыларының әлі де табылатыны күмәнсіз.

Нұрбек ДӘУРЕНБЕКОВ,

«Сыр бойы».

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<