Жол құрылысындағы жемқорлық

1018

0

ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің (Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет) Қызылорда облысы бойынша департаменті басшысының бірінші орынбасары Бақытжан Ниязов пен «Әділдік жолы» республикалық қоғамдық бірлестігінің облыстық филиалының жетекшісі Ләззат Бақтыбаева БАҚ өкілдеріне арнап брифинг өткізді.

Мемлекет басшысы республикалық және жергілікті деңгейдегі автомобиль жолдары сапасының төмендігін бірнеше рет атап өтті. Шілдедегі Үкіметтің кеңейтілген отырысында Президент жолдардың жай-күйін қайта сынға алды. Республикалық бюджеттен автожолдарды дамытуға және оларды жөндеуге бөлінетін қаржы да қомақты. Бюджет қаражатын тиімсіз пайдалану және тиісті бақылаудың болмауынан жолдың сапасына тұрғындардың шағымдары көп.

Соған байланысты «Әділдік жолы» республикалық қоғамдық бірлестігі ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы агенттігімен бірлесіп осы жылдың 15 тамызынан бастап республика бойынша «Әділдікті талап ет!» атты ауқымды науқан бастады. Оған Қазақстан Республикасының кез келген азаматы қатыса алады. 

Науқанның басты мақсаты – қоғам арасында жемқорлыққа төзімсіздік ортасын қалыптастырып, бұл үрдіске ел азаматтарын барынша жұмылдыру. Аталған іс-шара жемқорлықтың болуы немесе орын алуы мүмкін деген жайттарды, қоғамды алаңдататын мәселелерді кезең-кезеңімен қамту. Осылайша екі жақты бірлесіп жолдарды салу, жөндеу және күтіп ұстау барысындағы жемқорлық тәуекелдерін анықтауға кірісті. 

− Биыл республика аумағында 11 мыңнан астам шақырым жолға әртүрлі жөндеу жұмыстары жүргізіледі. Бұған ел қазынасынан 600 миллиард теңгеден астам қаржы бөлінді. Ал жол жөндеуге бөлінген қаражаттың 44 пайызына мемлекеттік сатып алу қорытындысы жасалған жоқ. Автожолдарды салу жобаларының барлық кезеңдері жемқорлық тәуекелдеріне бейім. Тек мемлекет пен азаматтардың бірлескен күшімен ғана бұл келеңсіздікке төтеп бере аламыз, − деді Л.Бақтыбаева. 

Айта кетейік, Қазақстанның кез келген азаматы автожолдар салу, жөндеу және күтіп ұстау саласындағы жемқорлық туралы ақпаратты Adildik.kz веб-сайты арқылы немесе 1463 Call center бойынша хабарлай алады.

Гүлбану МАҚАЖАН,

«Сыр бойы»

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<