Жыл мәреге жақын. Газдандыруда не жаңалық?

522

0

67 пайыз. Бұл – былтырғы көрсеткіш. Жыл аяғына дейін пайыз өзгеретіні сөзсіз. Әу баста облыс орталығы мен кейбір кент іші ғана газдандырылған болса, кейінгі жылдары қарқын үдеді. Мысалы, 2015 жылға дейін тек облыс орталығы ғана табиғи газды пайдаланып келді. Ал 2014 жылы «Бейнеу-Шымкент» магистральді газ құбыры пайдалануға беріліп, одан кейін аудан орталықтары мен ауылдық елді мекендер «көгілдір отынға» біртіндеп қол жеткізе бастады. Бүгінде өңірдегі қалалар мен 19 елді мекенге газ құбыры тартылып, ондағы жұрт игілігін көріп отыр.

Жаз айында облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев аудандарға жұмыс сапары кезінде Шиелі мен Қазалы ауданында Қазалы қаласын, сондай-ақ Шиелі ауданына қарасты «Ақмая», «Алғабас» ауылдарын «көгілдір отынға» қосу салтанатты шарасына қатысқан болатын. Сол уақытта аймақ басшысы табиғи газ – тіршілікті жеңілдетіп қана қоймай, қоршаған ортаны қорғауға, орман қорын сақтауға зор мүмкіндік беретінін, елді мекен тұрғындары газ игілігін көрсе, әлеуметтік жағдайы жақсарып, тұрмысы түзелетінін ерекше атап айтқан еді.

Жалпы биыл өңірді газдандыру жобаларына 5,8 млрд теңге ақша бөлінген. Оның 4,3 млрд теңгесі республикалық бюджеттен болса, облыс қазынасынан 542 млн, «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасы аясында 795 млн және «Жұмыспен қамтудың жол картасы» шеңберінде 257 млн теңге қаржы қаралыпты. Бұл өңірдегі 14 газбен жабдықтау жобасына арналған. Оның ішінде биыл 8 жоба аяқталса, келесі жылға өтпелі 6 жоба бар. Бұл жобалар іске асқан жағдайда өңірдегі 19 мыңға жуық халық табиғи газға қосылу мүмкіндігіне ие болады.

Жоғарыда айтып кеткен, пайдалануға берілген жобалардың ішінде Тереңөзек кентінде газ құбыры тартылмаған көшелер де бар. Ал биыл құрылысы аяқталатындардың қатарында Жаңақорған ауданындағы «Бірлік» пен «Қыраш» ауылдары, Қазалы ауданындағы Қ.Пірімов, Жалаңтөс батыр және «Басықара» елді мекендері кіреді.

– Биылғы жылдың екінші жартысынан бастап Қармақшы ауданындағы «Төретам» кенті мен «Ақай» ауылын, Аралдағы «Сексеуіл» кентіне газ тарту және Шиелідегі «Тартоғай» ауылы жанынан автоматты газ тарату станциясын орнату жұмыстары жүргізілуде. Былтыр басталған қалаға қарасты «Наурыз» бен Ж.Маханбетов елді мекендеріне құбыр тарту құрылысы да өз деңгейінде атқарылып жатыр. Келесі жылы бұл жұмыстар аяқталады деген сенім бар. Жалпы жыл соңына дейін облыстағы газдандыру деңгейін 68 пайызға жеткізсек дейміз, – дейді облыстық энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасы басшысының орынбасары Ерлан Жоламанов.

Е.Жоламановтың айтуынша, облыстағы елді мекендерді тауарлы газбен қамту «Ақшабұлақ-Қызылорда» және «Бейнеу-Шымкент» магистральді газ құбыры арқылы жүзеге асады. Сондай-ақ ҚР Үкіметінің 2018 жылғы 15 маусымдағы №353 қаулысына сәйкес магистральді газ құбыры жөніндегі ұлттық оператор болып «Интергаз Орталық Азия» АҚ бекітілген.

Тағы бір айта кететін жайт, өңірде екі газ тарату ұйымы бар. Бірі «Қызылорда газ тарату жүйесі» КМК болса, екіншісі – «ҚазТрансГаз Аймақ» АҚ Қызылорда өндірістік филиалы.

– Облыс тұрғындарын табиғи газбен қамтамасыз ету үшін 14 автоматтандырылған газ тарату станциясын (АГТС) салу жоспарланған еді. Бүгінде 9 станция пайдалануға беріліп, өз қызметін атқарып тұр. Бұған қосымша «Тартоғай» ауылы мен «Сексеуіл» кенті маңындағы АГТС-тің құрылысы жүргізілуде. Енді екі станция – «Бесарық» пен «Қамыстыбас» ауылы маңындағы станция құрылысын 2025 жылға дейін іске асыру жоспарланса, қалған «Ақсуат» ауылы жанындағы АГТС-ті қосу мәселесі 2025 жылдан кейін қаралады. Жалпы облыстағы газ тұтыну көлемі 2014 жылмен салыстырғанда 43,7 пайызға артты. Бұл жерде «көгілдір отынның» 60 пайызын «Бейнеу-Шымкент» магистральді газ құбырынан алсақ, қалған 40 пайызы «Ақшабұлақ-Қызылорда» магистральді газ құбыры арқылы жеткізіледі, – дейді Ерлан Жоламанов.

Тағы бір ерекше жаңалық, келесі жылға салалық министрлікке 15 газдандыру жобасы ұсынылған. Бұның жалпы құны 12 млрд теңге шамасында. Салалық министрліктен қолдау болып, қаржысы қаралса, газ құбыры тартылатын көптеген елді мекен жетерлік. Мысалы, бұлардың қатарында қала маңындағы Абай мен «Досан» ауылы, Шиелідегі «Бестам», «Еңбекші», «Жиделіарық», Жаңақорғандағы «Жайылма» ауылы, «Шалқия» кенті мен Құттықожа, «Төменарық» және «Кейден» елді мекеніне «көгілдір отын» апару жоспарланған. Облыс орталығына жақын Сырдария ауданына қарасты С.Сейфуллин, Қалжан ахун, Жалағаштағы «Ақсу» ауылдары да осы тізімде тұр. Ал Қазалы ауданындағы дарияның бергі және арғы бетінде орналасқан Ақтан батыр, Жанқожа батыр, Бекарыстан би, Ү.Түктібаев және «Майдакөл» ауылдарына газ апару мәселесі келесі жылы нақтыланбақ.

Айтпақшы, осы жұмыстармен қатар, Қармақшыда да оң жаңалық бар. Ол Дүр Оңғар ауылына қатысты. Осындағы «Жаңажол» ЖШС демеушілігімен газ құбырын тартуға жоба-сметалық құжаты әзірленіп, сараптамадан өткізілді.  Бұл – осы ауданға қарасты Сырдария өзенінің арғы бетінде орналасқан 10 елді мекенді болашақта табиғи газбен қамтамасыз етуге әбден болады деген сөз.

Газға көшу экологиялық жағдайды жақсартуға оң әсер ететіні белгілі. Иә, бұрын от жағып, күл шығармайтын қалалықтарға қызығатын ауылдағы ағайынға бұл дүние біртіндеп жетіп жатыр. Кейінгі бес жылда «көгілдір отынға» қол жеткізген ауылдар қатары көбейген.

Талай жыл көмір жағып, ыс пен қою түтіннің құрсауында отырғанға газдың пайдасы тіпті мол. «Көгілдір отын» көмірмен жылытудан арзанға шығады. Бәрінен бұрын бейнетін айтсаңыз. Енді тұрғындардың тұрмыс тауқыметін азайтып, әлеуметтік жағдайына оң әсер етеді. Ең бастысы, жыл сайын газдандыру жұмысы қарқын алып, халықтың игілігі еселей түсуде. Байқасаңыз, ауылдың тұрмыс мәдениеті қаланың қарымына иек артып келе жатыр. Ауызсу, жол, жарық, енді газ жетсе тіршілік, тұрмыс атаулының жаңа сипатқа көшкені емес пе?! Демек, Сырда серпін бар әрі жалғасты болғай дейік.

Ержан ҚОЖАС,

«Сыр бойы»

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<