Жылына 24 мың тонна қызанақ пастасын дайындайтын зауыт салынады

711

0

Сыр өңірінде түрік компанияларымен бірлескен жобалар аясы кеңеюде. Екіжақты мүдделестік нәтижесінде аймақта жаңа өндіріс орындары мен нысандар салынбақ.

Облыс әкімінің шақыртуымен сенбі күні Қызылорда өңіріне Түркияның  «KOÇ Holding» компаниясының өкілі Өзгур Бурак Ақколь және отандық «Orbis Kazakhstan» компаниясының басшысы Сухраб Махмудов арнайы келді.

Облыс әкімінің міндетін атқарушы Мархабат Жайымбетов инвесторлармен бірге Жаңақорған ауданында қызанақ пастасын шығаратын зауыт мәселесін талқылады.

Облыс экономикасын әртараптандыру бағытындағы ірі жобаларды индустрияландыру бағдарламасы аясында «Қызылорда – Агроплюс» серіктестігінің томат пастасын өндіру жобасы іске асырылуда. Қызанақ пастасын шығаратын зауыт салу үшін Жаңақорған ауданында 30 гектар жер телімі белгіленген.

Құны 13,5 млрд теңгені құрайтын жоба бойынша жылына 24 мың тонна томат пастасын дайындау мүмкіндігі бар. Жобаны қос компания тең көлемде қаржыландырады. Зауыт іске қосылғанда 154 жұмыс орны ашылады. Өндірісті толық  жүзеге асыру 2025 жылға дейін жоспарланған.

Мархабат Жайымбетов зауыт салу мәселесіне қатысты әкімдік тарапынан қажетті қолдау шаралары жүргізілетінін қаперге салып, бұл жобаның аймақ үшін маңыздылығына тоқталды. Зауыттың құрылыс жұмыстарын жүргізуде инфрақұрылыммен (сумен, газ, электрмен) жабдықтау, жобалық-сметалық құжаттаманы жасау мәселелері талқыланды.

Әлемнің 13 елінде қызанақ өнімін өндірумен айналысатын түрік компаниясымен бірлесіп, биыл тәжірибеден өткізу үшін  тамшылатып суару арқылы 10 гектар жерге қызанақ егілді. Оған су жеткізу дариядан 2 шақырым жерге насос қондырғылары арқылы қамтамасыз етілді.

Мұнан бөлек, ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігі, Қызылорда облысының әкімдігі мен «KOÇ Holding» түрік компаниясы және отандық «Orbis Kazakhstan» компаниясы араларында төртжақты атқарылатын шаралар мен мерзімдері көрсетілген. Жол картасы әзірленіп, бекітілді.

Айту керек, қызанақ пастасын өндіретін зауыт құрылысын келер жылдан бастау жоспарланып отыр.

Еске салайық, биыл түрік инвесторларының қолдауымен республиканың тек екі аймағында ТМД елдерінде теңдесі жоқ заманауи жылу-электр орталығының құрылысы салынбақ. Алғашқысы Қызылордада бастау алып, аймақ жұрты жылу-электр орталығының  капсула салу рәсіміне куә болды.

«СБ» ақпарат

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<