Әскери қызмет азаматты шыңдайды

31

0

Әскери қызмет – ер-азаматты биікке жеткізетін аса жауапты сала. Мемлекет тұтастығы мен қауіпсіздігін қамтамасыз ету жолындағы міндетін адал атқарып, аянбай еңбек етіп келе жатқан сарбаздар ерлігі көпке үлгі. Мұнда қызмет ету төзімділіқ пен табандылықты қажет етеді. Қиындығы мен жауапкершілігі мол жолда құрметке бөленіп жүрген жандар жетерлік. 5547 әскери бөлімі кадр қызметінің бастығы, капитан Серік Балмашов Отанға адал қызмет ету әрбір азаматтың борышы деп санайды.

Ол 1989 жылы Қызылорда қа­ласында дүниеге келген. Отбасын­дағы тұңғыш перзент. Ата-анасы Қашқынбай Балмашов пен Ба­заркүл Мамбеталиева бүгінде бей­неттің зейнетін көруде. Әкенің қайсар мінезі ұлдарына дарып, олар әскери саланы таңдады. Інісі Берік те ҚР Ұлттық ұланда ке­лі­сімшарт бойынша борышын өтеп келеді.

Серік жастайынан білімге құш­тар, өжет бала болды. Қаладағы №173 мектепті үздік бітіріп, Қы­зылорда гуманитарлық заң кол­леджіне оқуға түсіп, «Құқық­тану» мамандығын алды. Ізденімпаз жі­гіт кейін Қорқыт ата атындағы Қы­зылорда университетін және Халықаралық гуманитарлық-тех­никалық білім ордасын ойдағыдай бітіріп, білімін шыңдады.

2008 жылы Қарулы күштер қатарына шақырылып, мерзімді әскери қызметшіден бастап, Ұлт­тық ұлан қатарында түрлі маңыз­ды міндеттер атқарды. Өзіне жүк­телген істі жауапкершілікпен тың­­­ғылықты орындап, көзге түсті. Ас­тана қаласындағы 6636 әскери бө­­лі­міндегі мерзімді қызметте де жақсы жағынан көрінді. Кейін ту­ған жерге келіп, жұмысын жал­ғастырды. Қызылорда қалалық іш­кі істер бөлімі ақпараттық-тех­ни­калық қызмет бөлімшесінің ин­женері, 5547 әскери бөлімі ат­қыштар ротасының маман іс-жүр­гізушісі, саптық бөлімнің аға маманы, іздестіру және барлау тобының бөлініс бастығы болды. Қазір әскери бөлімде кадр қыз­метін басқарады.

– Біздің қызмет қаншалықты жауапты екені баршамызға бел­гілі. Өйткені ел қорғаны ержүрек сарбаздарды даярлау – салмақты жүк. Сондай-ақ тәртіп пен қауіп­сіздікті сақтау, қоғамдық тәртіпті қамтамасыз ету жолында аянбай еңбек етіп келеміз, – дейді С.Бал­машов. 

Ол – әскери құжат айналы­мының қырағы бақылаушысы. Бұй­рықтардың заңдылығы, хатта­ма­лардың сауаттылығы, құжат­тар­дың ресмилігі мен нақтылығы – күнделікті ісі. Өз жұмысын ұқыпты атқаратын оны әріптестері де құрмет тұтады.

Білікті маманның бағындыр­ған белесі мен ерен еңбегі мерейін үстем етіп, марапат төрінен көрін­ді. Атап айтар болсақ, «ҚР Қарулы күштеріндегі мінсіз қызметі үшін» ІІІ дәрежелі медалін, «Қазақстан полициясына 30 жыл» мерекелік медалін және «Ұлттық ұлан қыз­метінің үздігі» төсбелгісін ием­ден­ді.

Серік – қызметте мықты маман, үйде отбасының тірегі.  Жары Мәншүк Жасұланқызы екеуі 3 қыз тәрбиелеп отыр. Ісі адал, сөзі нық Серікті кейінгі буын әріптестері де үлгі етеді.

Сара АДАЙБАЕВА,

«Сыр бойы»