Жас ұрпақтың болашағына жол ашатын қасиетті білім ордасы. Е.Көшербаев атындағы №57 орта мектебінде білім мен тәрбие егіз ұғым ретінде қатар өріліп келеді. Күн сайын шәкірттердің шат күлкісі, ұстаздардың қажырлы еңбегі мен ізденісі тоғысып, мазмұнды тіршілік жалғасуда. Әр адамның жүрегінде ерекше орын алатын қастерлі мекені – ол балалық шағы өткен, білім нәрімен сусындап, үлкен өмірге жолдама алған алтын ұя мектебі. Мен үшін сондай қасиетті орда – Е.Көшербаев атындағы №57 орта мектебі.
Бұл мектеп – тек білім алған орным ғана емес, өмірлік бағыт-бағдарымды айқындаған, тұлға болып қалыптасуыма ықпал еткен киелі шаңырақ. Осында алғашқы жетістіктеріме жетіп, ұстаздарымнан тәлім алдым, шынайы достар таптым. Ұстаздарымның әрбір айтқан ақылы, көрсеткен үлгісі бүгінде кәсіби жолымда бағдаршам іспетті. Бүгінгі тақырып өз мектебімнің тынысы, оның жетістігі мен ертеңгі үміті туралы болмақ.
Қазіргі мектеп тынысы тарих пен табыстың тұғырымен ұштасқан. Өнегелі білім мен тәрбиенің алтын ұясына айналған, ғасырға жуық тарихы бар, бүгіні берекелі, келешегі кемел білім ордасының 90 жылдық мерейтойы атап өтілді. Бұл тек бір мектептің мерекесі емес, тұтас ауылдың, талай ұрпақтың, жүздеген түлектің ортақ қуанышы болды.
Мерекелік шара жоғары деңгейде өтіп, мектептің тарихы, жеткен жетістіктері кеңінен насихатталды. Ардагер- ұстаздарға құрмет көрсетіліп, білім мен тәрбие саласына сүбелі үлес қосқан азаматтарға Алғыс хаттар табысталды. Түлектер туған мектебіне тағзым етіп, ізгі тілектерін білдірді. Өнерлі өрендер ән мен жырдан шашу шашып, мектеп шежіресін айшықтайтын мазмұнды көріністер қойылды. Тарихы терең, тағылымы мол білім ордасының 90 жылдық мерейтойы өткенге тағзым, бүгінге мақтаныш, болашаққа нық қадам екенін айқын көрсетті.
Білім ордасының тарихы 1934 жылы төрт жылдық бастауыш мектеп болып ашылудан бастау алады. 1933 жылғы Орталық комитеттің селолық жерлерде білім беру туралы қаулысына сәйкес алғашқы қадам жасалып, ауыл балаларына білім сәулесі шашылды.
1996 жылдың 12 шілдесінде Үкімет қаулысына сәйкес мектепке мемлекет және қоғам қайраткері Елеу Көшербаев есімі берілді. Бұл білім ордасының мәртебесін арттырып, тарихи жауапкершілігін күшейткен маңызды шешім болды. Бүгінде мектеп жанындағы мемориалды музей жас ұрпаққа өлкетану бағытында тағылымды тәрбие беріп келеді.
Қазір мектепте 491 оқушы тәлім-тәрбие алуда. Жыл сайын 500-ден астам оқушыға есігін айқара ашатын білім ордасында 64 педагог қызмет етеді. Оның 1-еуі педагог-шебер, 5-еуі педагог-зерттеуші, 21-і педагог-сарапшы, 25-і педагог-модератор. Мектеп осы уақытқа дейін 2 күміс медаль, 20 «Алтын белгі», 9 ерекше аттестат иесін түлетіп ұшырды.
Оқушылардың жетістіктері мен ұстаздардың жемісті еңбегі туралы №57 News онлайн үнпарағы жүйелі жұмыс жасап, мектеп өмірінің айнасына айналып отыр. Бұл ақпараттық алаңда білім мен тәрбие саласындағы жаңалықтар, байқау мен олимпиада жеңімпаздары, шығармашылық және спорттық жетістіктер тұрақты жарияланып келеді. Үнпарақ мектеп пен ата-ана, ұстаз бен шәкірт арасындағы байланыс көпірі қызметін атқарып, ортақ мақтаныштарды көпшілікке паш етуде.
Мектеп тарихының жазба шежіресін жаңғырту мақсатында «Сан қыранды самғатқан алтын ұя» атты кітап та жарық көріп үлгерді. Кітапта білім ордасының қалыптасу кезеңдері, жетістіктері мен түлектер тағдыры кеңінен қамтылды. Бұл ұрпақтар сабақтастығын айқындайтын құнды мұра екені айқын.
Сондай-ақ мектеп қабырғасында мемлекет және қоғам қайраткері Елеу Көшербаевқа арналған музей жұмыс істейді. Онда тарихи құжаттар, фотосуреттер мен құнды жәдігерлер жинақталған. Бұл тағылымды орын жас ұрпаққа елжандылық пен отансүйгіштік рух дарытып, тарихи тұлғаның өмір жолын өнеге етеді. Осындай игі бастамалар арқылы Е.Көшербаев атындағы №57 орта мектебі өткенін ұлықтап, бүгінін баянды етіп, болашаққа нық қадам басып келеді.
Білім шыңындағы жеңістер мен жетістіктер де жетерлік. Мектеп ұжымы үшін білім додаларындағы әрбір жетістік – үлкен мәртебе. Жыл сайынғы зияткерлік жарыстар, білім олимпиадалары мен ғылыми жобалардан оқушыларымыз жүлделі орындарды тұрақты еншілеп келеді. Шәкірттер белсенділігімен аудан, облыс көлемінде ерекшеленіп отыр. 2023-2024 оқу жылында жалпы білім беретін пәндер бойынша 8-11 сынып оқушыларына арналған республикалық ғылыми жобалар конкурсында «Өлкетану» секциясы бойынша Данагүл Нұралы облыс намысын абыроймен қорғап, III орын иеленді. 9-11 сынып оқушылары арасындағы республикалық олимпиаданың облыстық кезеңінде география пәнінен 10-сынып оқушысы Анель Мырзаханова III орынға ие болды. 2-7 сынып оқушылары арасында өткен республикалық «Зерде» ғылыми жобалар байқауының облыстық кезеңінде 6-сынып оқушысы Жұлдызай Айдарбек II орын иеленді. 2021-2022 оқу жылында ұйымдастырылған «IQanat» олимпиадасының екі кезеңінен сәтті өткен Нұралы Нұрасыл республикалық деңгейде жүлдегер атанып, IQ IP-I Qanat High School of Burabay-дың ұсынысымен білім грантын жеңіп алды. 2023-2024 оқу жылында өткен «IQanat» олимпиадасының финалисі, қазіргі таңда «IQanat» менторы 10 «А» сынып оқушысы Гүлсезім Баймырзаева, 2024-2025 оқу жылында өткен «IQanat» олимпиадасының жеңімпазы атанған грант иегері Нұрдәулет Базарбаев, «IQanat» олимпиадасының финалистері Айзере Жарылқапова, Жәнел Мырзаханова мектеп мақтаныштары атанды.
Жетістіктер жалғасын тапты. 2025-2026 оқу жылында да шәкірттердің табанды еңбегі мен ұстаздардың тынымсыз ізденісі жарқын нәтижесін көрсетті. Аудандық пән олимпиадасының ІІ кезеңі қорытындысы бойынша мектебіміздің 5-6, 7-8, 9-11 сынып оқушылары жүлделі орындарға ие болып, Алғыс хаттармен марапатталды. Әсіресе, биология, физика, қазақ тілі мен әдебиеті, география, тарих пәндері бойынша жоғары нәтижелер – білім сапасының айқын дәлелі. Облыс әкімінің жүлдесіне арналған «Сыр лигасы» жобасы аясында «Жігіт сұлтаны-2025» байқауының облыстық кезеңінде №57 орта мектебінің «Қыран» командасы жүлделі ІІ орынды жеңіп алды.
Бұл жетістіктер – жүйелі дайындықтың, ұстаз бен шәкірт арасындағы тығыз байланыстың, мақсатқа деген ұмтылыстың жемісі. Әрбір жеңіс – мектеп абыройын асқақтатып қана қоймай, өзге оқушыларға үлгі, болашаққа сенім береді. Білім саласындағы жетістіктерімізбен қатар, спорттағы табыстар да еріксіз назар аудартары сөзсіз. Мектепте түрлі бағыттағы үйірмелер жұмыс жасап, оқушылардың шығармашылыққа, спортқа деген қызығушылығын арттыруда. Қол күрестен ҚР чемпионаты алдындағы облыстық іріктеу турнирінде 9-сынып оқушысы Айзере Темірбек II орын иеленіп, республикалық чемпионатқа жолдама алды. Гір тасын көтеруден облыс біріншілігінде 10-сынып оқушылары Батырхан Балтабекұлы, Еркеназым Ернатқызы І орын, Расул Кеулімжаев II орын, республикалық турнирге жолдама иеленді. Еркін күрестен республикалық турнирде 6-сынып оқушылары Шыңғыс Рүстемов І орын, Жомарт Секенбаев және Нұрқанат Ақмырзаев II орын, Нұрислам Құрақбаев III орынды қанжығаға байлады. Асық атудан республикалық чемпионатта 5-сынып оқушысы Ақылжан Қазбекұлы II орын иеленді. Облыстық іріктеу кезеңінде 5-6 сынып оқушылары Қ.Жақсанов, Д.Әбжәмиев, Е.Сауренов, Н.Қуатжанұлы III орын алды. Жеңіл атлетикадан 5-6 сынып оқушылары облыстық іріктеуде І орынға шығып, республикалық чемпионатта ептілік көрсетті.
Сонымен қатар «Оқуға құштар мектеп», «Балалар кітапханасы», «Дебат», «Мектеп театры» жобалары нәтижесі алдыңғы қатардан көрініп келеді. Жалпы білім беру ұйымдарының 9-11 сынып оқушылары арасында өткізілген облыстық пікірсайыс турниріне қатысып, «Ең мақсаты айқын ойыншы» номинациясын жеңіп алды. Ұстаздар қауымы білім мен спорттағы белсенділікті қолдап, шәкірттердің дарынын ұштауды жалғастыруда.
Мектебіміз заман талабына сай дамып келеді. Биология, физика, химия кабинеттері заманауи құрал-жабдықтармен жабдықталып, оқушылардың тәжірибелік дағдысын дамытуға мүмкіндік жасалды. Жаңартылған оқу ортасы – шәкірттердің сапалы білім алуына, жаратылыстану пәндеріне деген қызығушылығын күшейтуге арналған керемет мүмкіндік. Мектеп тынысы – тек сабақ үдерісі ғана емес, ол – өнер мен спорттың, ізгілік пен бірліктің мекені. Осындай берекелі ортада тәрбиеленген шәкірттер ел болашағының сенімді тірегі болары сөзсіз.
Бүгінгі күнгі мектептің жетістіктері басшылықтың жүйелі жұмысының нәтижесі деп білемін. Ұжымды бір мақсатқа жұмылдырған мектеп директоры Надежда Жұмаханқызы Әбішева білім мен тәрбиенің биік белестерін бағындыру жолында аянбай еңбек етіп келеді.
Е.Көшербаев атындағы №57 орта мектебі бірлігі бекем, мақсаты айқын, болашағы нық білім ордасына айналды. Ортақ іске жұмылуға әр педагогтің әлеуетін ашуға, әр оқушының қабілетін дамытуға жасалған жанашырлық бен табанды еңбек өз нәтижесін берері анық.
Мен үшін мектебім – өткенімнің естелігі ғана емес, бүгінгі еңбегімнің ордасы, болашағымның бір бөлшегі. Мектеп абыройы асқақтай берсін! Шәкірттері білімді, ұстаздары мәртебелі болсын!
С.ДӘРМЕНОВА,
қазақ тілі мен әдебиеті пәні мұғалімі,
педагог-сарапшы





