Дала жұмыстары пысықталды
Қала әкімі Нұржан Ахатов дала жұмыстарын пысықтап, тиісті сала басшыларына бірқатар тапсырма жүктеді.
Биыл қалада 8 227 гектар жерге ауыл шаруашылығы дақылдары егілуде. Оның ішінде, негізгі дақыл күріш 3 200 гектар.
– Ауыл шаруашылығы саласында суды аз қажет ететін дақылдарды егу және оның көлемін арттыру Үкімет пен облыс әкімінің ерекше назарында. Мемлекет басшысының ауыл шаруашылығы жалпы өнім көлемін 2 есе арттыру тапсырмасын орындау мақсатында су тапшылығы жағдайында күріш көлемін оңтайландырып, өзге дақылдар көлемін ұлғайтуымыз қажет. Сондықтан су үнемдеу технологияларын енгізу, су арналарының тиімділігін арттыру, егіс құрылымын әртараптандыру және шаруаларды заманауи агротехнологияларға бейімдеу бойынша жұмыстарды әлі де күшейту керек, – деді Нұржан Сәбитұлы.
Сағындырған Сағынай
Аудандық Мәдениет үйінде ақын, мәдениет жанашыры Сағынай Дәріғұлұлын еске алуға арналған «Сағындырған Сағынай» атты рухани-әдеби кеш өтті. Ақынның 75 жылдығына орай ұйымдастырылған тағылымды шараға зиялы қауым, мәдениет және өнер саласының өкілдері, ақын-жазушылар, ардагерлер, туған-туыстары мен аудан тұрғындары қатысты.
Кеш әсерлі прологпен ашылып, ақынның өмір жолы мен шығармашылық мұрасы туралы тағылымды ойлар айтылды. Жүргізушілер Сағынай Ешекеновтің туған жер руханиятына қосқан үлесі мен өнерге адал болмысын тебіреніспен жеткізді.
Шара барысында Арал ауданы әкімінің орынбасары Нұрмұхаммед Бохаев сөз сөйлеп, ақынның ел мәдениеті мен руханиятындағы орнына тоқталды. Ол өз сөзінде Сағынай Ешекеновтің ақындық қырымен қатар, ұйымдастырушылық қабілеті мен елге деген жанашырлығы кейінгі ұрпаққа үлгі екенін атап өтті.
Оң динамика қалыптасты
Аудан әкімі Алмасбек Есмаханов бірқатар маңызды мәселеге қатысты мәжіліс өткізіп, тиісті сала басшыларына нақты тапсырмалар жүктеді.
Мәжілісте алғашқы 3 айдың қорытындысымен аудан көрсеткіштерінде оң динамика қалыптасқанын атап өтіп, алдағы уақытта да қарқынды бәсеңдетпеуді тапсырды. Өнеркәсіптің өңдеу саласын дамыту, инвестициялық жобаларды жүзеге асыру, тұрақты жұмыс орындарын құру және құрылыс нысандарын белгіленген мерзімде пайдалануға беру жөнінде жауаптыларға нақты міндеттер жүктеді.
Мемлекеттік бағдарламалар аясында бөлінген қаржыны уақытылы әрі тиімді игеру, мемлекеттік сатып алу рәсімдерін заң талаптарына сәйкес ұйымдастыру мәселелері де қатаң бақылауда болу керегін айтты.
Ер-азаматтың абыройлы міндеті
«Руханият орталығында» жас сарбаздарды әскер қатарына салтанатты түрде шығарып салу рәсімі өтті. Жыл сайын дәстүрге айналған шарада аудан әкімінің орынбасары Диас Молдабаев жастарға Отан алдындағы қасиетті борышын абыроймен атқарып, елге аман-есен оралуына тілегін білдірді.
– Әскер қатарына қосылу – әрбір ер-азаматтың абыройлы міндеті, ел алдындағы перзенттік парызы. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасымен Қарулы күштерді нығайтуға, әскери қызметтің беделін арттыруға әрдайым айрықша көңіл бөліп келеді. Отанға адал қызмет ету, тәртіп пен жауапкершілікті жоғары ұстау – басты міндеті. Осы жолда сіздер табандылық танытып, ерлік пен батылдықтың үлгісін көрсетеді деп сенеміз, – деді ол.
Шарада әскер қатарына аттанғалы отырған азаматтарға құрмет көрсетіліп, оларды тәрбиелеп өсірген ата-аналарына аудан әкімінің Алғыс хаты табыс етілді.
Егін алқаптары күтімге алынды
Аудан әкімі Ардақ Ибраимовтың төрағалығымен мәжіліс өтті. Жиында көктемгі дала жұмыстары талқыланды.
Ауданда биыл 41 758 гектар жерге ауыл шаруашылығы дақылдары егілді. Оның ішінде күріш 16800, бидай 576, мақсары 595, арпа 50, сұлы 5, соя – 152, дәндік жүгері 7544, қант құмайы 371, жаңа жоңышқа 4850, ескі жоңышқа 8150, картоп 250, көкөніс 1115, бақша дақылдары 1300 гектар.
Қазір жоспарланған мақсары, бидай, арпа, сұлы, соя, қант құмайы және жаңа жоңышқа толық егіліп, ескі жоңышқа алқаптары күтімге алынды.
Сонымен қатар, жоспарланған 16 800 гектар күріш алқабының 9 825 гектарына (60,2%) тұқым себіліп, 6 965 гектары (42,6%) суға бастырылды. Аудан әкімі көктемгі егін жұмыстарын уақытылы әрі сапалы аяқтауды тапсырды.
Тағылымды шара
Аналар күніне орай аудандық кітапханада «Батыр ана – ел тірегі» атты тағылымды кездесу кеші ұйымдастырылды. Шараның басты мақсаты – көпбалалы аналардың қоғамдағы рөлін насихаттап, өнегелі өмір жолын жас ұрпаққа үлгі ету, анаға құрметті арттыру.
Кешке «Алтын алқа» иегері, жеті баланың анасы Айгүл Сағындыққызы мен «Күміс алқа» иегері, алты бала тәрбиелеп отырған Индира Мұқанова қатысты.
Кездесуде арнау өлеңдер оқылып, әсем әндер орындалды. Кітапхана қызметкерлері арнайы ұйымдастырылған кітап көрмесімен таныстырып, ана туралы әдебиеттерге шолу жасады.
Кеш соңында батыр аналарға Алғыс хаттар табысталып, сый-сияпат көрсетілді. Тағылымы мол шара қатысушыларға ерекше әсер сыйлап, анаға деген құрмет пен сүйіспеншілікті арттыра түсті.
Ерлік пен елдіктің үлгісі
Бұдабай Қабылұлы атындағы Мәдениет үйінде Ұлы Отан соғысының ардагері, қоғам қайраткері Камал Оспанұлының туғанына 100 жыл толуына арналған «Ерлік – елге мұра, ұрпаққа аманат» атты еске алу шарасы өтті.
Тағылымға толы шараға аудан әкімі Айтбай Жандарбеков қатысып, ардақты тұлғаның өнегелі өмір жолына тоқталып, Камал Оспанұлының ғұмыр жолы жас ұрпақ үшін теңдессіз үлгі екенін жеткізді.
– Еске алу шарасы – бір ғана азаматтың өмір жолын дәріптеу емес, бұл – ел басына күн туған шақтағы ерлік пен елдікке, қайсарлық пен отансүйгіштікке тағзым сәті, – деді аудан әкімі.
Жиында ардагердің ел үшін сіңірген еңбегі мен ерлігі ұрпақ жадында мәңгі сақталатыны айтылды.
Үздік ойыншы атанды
Гандболдан Азия чемпионатында Қазақстанның жасөспірім қыздар құрамасы жеңіске қол жеткізді. Кездесуде Иран құрамасын 38:32 есебімен жеңді.
Ел намысын қорғап жүрген құраманың сапында Келінтөбе ауылынан Нұрдана Қырғызбай мен Ақмарал Насырла, сондай-ақ Жаңақорған кентінен Ақмарал Қалдыбекқызы өнер көрсетуде.
Айта кетейік, кезекті матчта Нұрдана Қырғызбай қарсыластар қақпасына ең көп доп соғып, «Үздік ойыншы» атанды.
13 мамыр күні Қазақстан құрамасы Қырғызстан құрамасына қарсы ойын өткізеді.
Дайындаған Айсәуле ҚАРАПАЕВА,
«Сыр бойы»





